ӨНЕРДІҢ ӨЗ ӨКІЛІ
Өткен жылдың аяғына таман Көкшетаудан дәстүрлі әнші, өнертанушы, облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармонияның артисі Сәрсенбай Хасенов қоңырау шалып, Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында Біржан сал туралы өзінің зерттеп, жинақтаған «Жалғыз арша» кітабының тұсаукесері болатынын, соған бірге қатысуымды өтінді.
Мұндай айтулы іс-шараға қалай қатыспайсың, қуана келістім. Себебі, осы кітапқа менің Біржан салдың 175 жылдығына орай, «Саңқылдап даусы кетіп алты белге» деген мақаламды енгізген екен. Жалпы, Арқаның ән мектебін қалыптастырған, аспандағы аққуға үнін қосқан өнерпаз арда жерлесіміз Біржан сал туралы өзіміздің өңірден Ғалихан Ахметов деген жазушы бірнеше том кітап жазғанын естимін. Бірақ, оқып танысудың сәті әлі түспеді. Енді міне, Сәрсенбайдың бұл қадамы оқырман қауымды бір қуантып тастады деп ойлаймын.
Марқұм Сәкен Жүнісов ағамыз Ақан сері туралы кітапты көркем әдеби түрде жазғаны сондай, оқырман қауым өткен дәуірге бойлағандай күйге еніп, сал-серілердің ортасында жүргендей әсерленіп, Сәкен жазушыдан кітаптың үшінші бөлімін жазуды өтінген еді. Әттең, халықтың өтінішін жерге тастай алмаған жазушы бастаған еңбегін аяқтай алмай, бақилық болды. Кезінде өзі де халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, Сәкен сері атанған жазушыға біз де жерлесіміз Біржан сал туралы кітап жазуды өтінгенде Сәкен ағамыз Біржан сал мен Ақан серінің өмір сүрген дәуірі мен өмірлері де ұқсас, сондықтан, кітап та ұқсас болып кетеді деген орынды уәж айтқан болатын.
Ғалымнан хат, ақыннан сөз, әншіден ән қалса, әрі артында іздеушісі табылып жатса, ондай адамды Абайша айтқанда өлді деуге бола ма?! Жинақты қарап отырсаң, Сәрсенбай ініміздің ақын-жазушылар, ғалымдардың еңбектерін ақтарып, одан қалды, ел аралап, көнекөз қариялар мен шежірешілердің деректеріне сүйене отырып шығарғанын көресің. Аталған кітапты құрастырып жазу айтуға оңай болғанмен, оның артында қанша еңбек пен сарп етілген уақыт жатқанын бағамдайсың.
Мәлім де беймәлім Біржан салдың өмірі мен өнерін зерттей түссе, әлі де талай шығармалары табылуы бек мүмкін, өйткені, кітапқа енген сол мақаламда жазылғанындай, бабамыздың сексенге жуық өлеңі мен оншақты айтысы мәлім болғаны соның айғағы. Өнертанушы әрі зерттеуші, әнші Сәрсенбай Оразалыұлының кітабында осы деректердің біразы қамтылған.
Аудан орталығындағы Біржан сал атындағы тарихи өлкетану музейінде Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдық мерейтойына орай өткізілген кітаптың тұсаукесеріне облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, «Аманат» партиясы филиалы жанындағы Әйелдер қанатының үйлестірушісі Ақманат Әлімбетова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әмина Жақыпова және ауданның мәдениет қызметкерлері қатысып, өнертанушы Сәрсенбай Хасеновке Біржан салды жаңа қырынан көрсеткен еңбегіне шығармашылық табыс тіледі.
Сонымен қатар, Сәрсенбай ініміз Көкшенің сал-серілерінің әндерін насихаттау мақсатында өнер ардагерлерінің басын қосып, облыс орталығы Көкшетау қаласындағы Достық үйінде «Көкшетауым, ән қанатым, кербезім» атты есте қаларлықтай концерт берді. Оның репертуарында Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды сал-серілердің және Көкше өңірінің дәстүрлі әндері орындалды. Концерттің мақсаты Көкшенің ән өнерінің туын көтеру, бабалар мен сал-серілердің аттарын жаңғырта отырып, өнерлерін насихаттау. Аталған концерттің бір ерекшелігі, Сәрсенбай бауырымыз өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары сахнада ән шырқап, бүгіндері алды сексеннен асқан, соңы жетпістер шамасындағы өнер майталмандарын да ел алдына шығарды.
Облыс бойынша өткізілген осынау дүбірлі ән додасына Біржан сал ауданынан дәстүрлі әнші, мәдениет саласының үздігі Қазбек Қалиев екеуіміз шақырту алып, Қазбек Кәкімбек Салықовтың «Саумалкөл» әнін (баянда сүйемелдеуші сазгер Жансейіт Түкібаев), мен Ақан серінің «Балқадиша» әнін орындадым. Концерт Көкшенің бүгінгі ән өнерінің басында тұрған әнші, сазгер, ақын Иран сал Тасқараның бата беруімен басталды. Концертте сал-серілер қалдырған алтын қазына, асыл мұра – халық әндері орындалды.
Дәстүрлі әнге шөлдеген көрерменнің ықыласы ерекше болғаны сондай, әншілерге дем беріп, әлсін-әлсін қол соғып, қошеметтеп отырды. Сөйтіп, өнертанушы Сәрсенбай Оразалыұлы кезінде үлкен сахналардан ән шырқаған өнер тарландарын жастары ұлғая келе елеусіз қалғандай болғанда, маржандай қылып теріп, бастарын қосып, ел алдына шығарып бір серпілтіп тастады. Сонымен қатар, «Шаңырақ» хорының бірнеше дауыста орындауындағы Ақан серінің «Қараторғай», Қадыр Мырзалиевтің сөзіне жазылған «Өз елім» әні де көпшіліктің көңілінен шықты. Көкшенің дәстүрлі ән өнерінің мәртебесін биіктеткен бұл концерт айтарлықтай өнер жобасы болды десек артық айтқандық болмас.
Сөз соңында халық мұрасын зерттеп, тыным таппай жоқ іздеп жүретін өнертанушы Сәрсенбай Оразалыұлының қиын да қызықты ісіне шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз.
Амантай БЕЙСЕКЕЕВ.
Біржан сал ауданы.
![]()

