Екі адамға өмір сыйлады

Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында екі науқасқа бір мезетте бүйрек трансплантациясына донор табылуына қол жеткізілді.

Бұл оталар жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың күш-жігерімен жүзеге асырылды. Бұған дейін Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасына 1959 жылы туған әйел адам ауыр жағдайда жеткізілген болатын. Жүргізілген кешенді тексерулер нәтижесінде науқаста ми қан тамырларының жарылуы салдарынан бассүйекішілік қан құйылуы анықталды. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күресіп, қарқынды ем-шаралар жүргізіп, тәулік бойы бақылауда ұстады. Алайда, қолданылған барлық медициналық көмектерге қарамастан, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады.

Дәрігерлік консилиум ми өлімін тіркеген соң, марқұмның туыстары науқас қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берді. Осы ізгі шешімнің арқасында марқұмның екі бүйрегі алынып, Астана қаласындағы орталықта ұзақ уақыт бойы трансплантация кезегінде тұрған екі науқасқа салынды. Олар 1975 және 1994 жылы туған азаматтар. Ота сәтті өтіп, қазіргі таңда науқастардың жағдайы тұрақты. Олар бүгінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі бұл жағдайдың маңызын ерекше атап өтіп, отаға қатысқан дәрігерлердің бірінен бір ауыз пікір алуымызға септесті.

– Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық медицинаның ғана емес, адамгершіліктің де ең жоғары көрінісі. Бір отбасының қабылдаған ауыр, бірақ, батыл шешімі екі адамның өмірін сақтап қалды. Мұндай жағдайлар трансплантация саласының дамуына үлкен серпін береді, – дейді Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының ағза трансплантациясы секторының жетекшісі Мэлс Асықбаев.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі марқұм донордың отбасына өзге адамдарға өмірлік маңыздағы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бергені үшін шынайы алғысын білдірді.

Айта кету керек, бұл елімізде 2026 жылдың басынан бері тіркелген үшінші донорлық үдеріс. Қазіргі таңда елімізде 4,5 мыңнан астам адам ағза трансплантациясын күтуде. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы толық ақпарат пен жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар transplant.kz ресми сайтында жарияланған.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар