НАШАҚОРЛЫҚ – ҚҰРДЫМҒА ЖОЛ
Ақмола облысының полиция қызметкерлері елорда маңындағы Қосшы қаласында есірткі жарнамасын таратумен айналысқан адамдардың қылмыстық әрекетіне тосқауыл қойды.
Тәртіп сақшылары аумақты тексеру барысында тұрғын үйлердің бірінің қабырғасынан тыйым салынған заттарды сататын интернет-дүкеннің атауы жазылған жарнаманы анықтаған. Қатысушылардың заңсыз әрекеттері бейнебақылау камераларына түсіп қалуының арқасында олардың жеке басы жедел анықталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы 1-бөлігі, яғни, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Криминалдық полиция жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Астана қаласының екі тұрғыны ұсталды. Белгілі болғанындай, еш жерде оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар «оңай табыс» туралы хабарландыруды әлеуметтік желіден тапқан. Бір қызығы, олар атқарған жұмысы үшін ақшалай емес, есірткі заттары түрінде сыйақы алып отырған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда және ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полицейлер есірткі жарнамасын тарату мен насихаттау – жастарды есірткі айналымына тартудың ең көп таралған айла-тәсілі екенін ескертеді. Мұндай «қосымша жұмыс» мессенджерлер арқылы қарапайым, әрі қауіпсіз тапсырма ретінде ұсынылғанымен, оның соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Құқық қорғау органдары сыйақының түріне қарамастан, есірткіні жарнамалау заң алдында жауап беруді міндеттейтінін еске салады. Сонымен қатар, облыс тұрғындарын ғимараттарда күмәнді жазулар пайда болған жағдайда дереу полицияға хабарлауға және «жылдам табыс» туралы жалған уәделерге сенбеуге шақырады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
сурет kaztag.kz сайтынан.
![]()

