ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУ
Ата жұртына оралған әрбір қазақ – ұлтының бүгінгі қуанышы мен елінің ертеңгі тірегі. Осы ұстанымды негізге алған Ақкөл ауданында шетелден қоныс аударған қандастарды қолдау бағытындағы жұмыстар нақты іспен жалғасуда.
Жуырда Ақкөл аудандық мәслихатының төрағасы С.Абаханов пен аудандық мәслихат депутаты Көкен Назарбек Қытай Халық Республикасынан көшіп келген қандастармен жүздесу үшін Амангелді ауылына арнайы барды.
Кездесудің басты мақсаты – жаңа қонысқа табан тіреген отбасылардың тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп, көкейдегі сауалдарын тыңдау, әлеуметтік бейімделу және жұмыспен қамту мәселелерін бірлесе талқылау болды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Саят Ахмеджанов, мансап орталығының директоры Ботагөз Тәшенова, билер кеңесінің бас биі Омар Өмірбаев және Урюпин ауылдық округінің әкімі Ғизат Боранбаев қатысты.
Кездесу барысында Ботагөз Тәшенова қандастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін нақты қолдау тетіктеріне тоқталып, квота, жұмыспен қамту, кәсіби оқыту мен тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде кеңінен түсіндіре кетті. Бұл ақпарат қандастардың болашаққа деген сенімін арттыра түсті десе болады.
Қазақы кеңпейілдіктің үлгісін көрсеткен ауыл тұрғындары қоныстанушыларды жылы қарсы алып, «ерулік» дәстүрін жаңғыртты. Дастархан басындағы әңгіме бірлік пен бауырмалдықтың айғағы болды. Жергілікті жұртшылық көшіп келген ағайынға қолдау білдіріп, ауыл өміріне бейімделуіне жанашырлық танытты.
Бүгінде көшіп келген отбасыларды уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету және ең қажетті тұрмыстық жағдайларын жасау мәселесі күн тәртібінде тұр. Аудан әкімінің орынбасары Саят Ахмеджанов бұл бағыттағы жұмыстардың жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
Қандастардың қазіргі жағдайда осындай іргесі сөгіле түскен ауылдарға қоныс аударуы – ел демографиясын нығайтып қана қоймай, ауыл тіршілігіне қан жүгіртетін маңызды қадам. Бос қалған үйлерге жан бітіріп, мектеп пен балабақшаға бала, еңбекке күш қосатын да осы бір елге оралған ағайын. Сондықтан, мұндай кездесулер бір реттік шара емес, үнемі назарда болуы тиіс болашаққа бастар берік негіз екені анық.
Айнагүл ӘБДІКЕЕВА,
Ақкөл аудандық мәслихаты ұйымдастыру бөлімінің басшысы.
![]()

