ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Ақмола облыстық әкімдігінің бастамасымен Астанада бір жылдан астам уақыттан бері инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету үшін өңірлік «Aqmola Invest» фронт-офисы жұмыс істеп келеді. Енді мекеме инвесторлармен жаңа да кең заманауи ғимаратта жұмыс істейтін болады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Астананың агломерациясында инвестициялық белсенділікті арттыру және инфрақұрылымды дамыту үшін республикалық маңызы бар AQMOLA индустриалды аймағы құрылды. Біз жалпы сомасы шамамен 2 триллион теңге болатын жаңа инвестициялық жобаларды бастауды жоспарлап отырмыз, бұл әрі астана, әрі Ақмола облысы үшін де пайдалы болады. Жаңа офис инвесторлармен жұмысты әлдеқайда ыңғайлы жағдайда жүргізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Астана қалалық әкімдігіне жаңа ғимаратты ұсынғаны үшін алғысын білдіре отырып.
«Aqmola Invest» инвестициялық фронт-офисы мен AQMOLA индустриалды аймағын басқарушы компанияның бірлескен жұмысы цифрландыру жағдайында біртұтас ақпараттық кеңістік құруға мүмкіндік береді. Мұнда өңірдегі жер ресурстары мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы мәліметтер өзекті әрі отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолжетімді болып табылады.
Индустриалды аймақ аумағында заманауи инженерлік және өндірістік инфрақұрылым қалыптасып келеді. Негізгі жобалардың қатарында – бидайды терең өңдейтін «Азия Алтын Дән», клинкер өнімдерін шығаратын «Terracottas» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, газоблок өндіретін «Eagle Architecture Technology Co., Ltd» зауыты, сұйытылған табиғи газ өндірісі бойынша «Қазақ мұнай және газ институты» акционерлік қоғамының жобасы, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «Remsintez RK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар.
– Біздің компания астаналық аймақта балаларға арналған іс-шаралардан бастап фестивальдерді өткізуге дейін экотуризмді дамыту жоспарын қарастырады. «Aqmola Invest» арқылы біз несие бағдарламалары, қажетті техникалық сипаттамалар бойынша ақпараттық қолдау алдық, туризм басқармасының өкілдерімен кездестік, – дейді өз сөзінде «GQ Resort» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің даму директоры Мағжан Қыстаубаев.
Айта кетейік, «Aqmola Invest» – елордада орналасқан еліміздегі жалғыз өңірлік фронт-офис.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

