ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРДА
Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаевтың төрағалығымен комиссияның жаңа 2026 жылдағы алғашқы отырысы болып өтті.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының учаскелерін жарықтандыру, Атбасар қаласында жүргізуші куәлігін алуға теориялық емтихандар өткізетін ауданаралық бөлім ашу және агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау мәселелері қаралған жиынғаоблыстық мәслихаттың аудандардан сайланған депутаттары, облыстық басқармалар мен «Қазавтожол» ұлттық компаниясының Ақмола облыстық филиалының өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында алдымен талқыланған мәселе республикалық маңызы бар жолдың жайы болды. Астана – Көкшетау ақылы автожолы – елорданы еліміздің солтүстік өңірлерімен, ірі туристік аймақтармен және өндірістік орталықтармен байланыстыратын маңызды көлік артериясы. Бұл бағыт бойынша жыл бойы жеңіл, жүк және қоғамдық көліктердің қарқынды қозғалысы үзілмейтіні белгілі. Жолдың сапасы мен өткізу қабілеті аймақаралық логистиканы дамытуда шешуші рөл атқарады.
– Өңірдің күрделі климаттық жағдайы жол қозғалысына айтарлықтай әсер етеді. Әсіресе, күзгі-қысқы уақытта Астана-Көкшетау автожолының кей учаскесінде жиі боран соғып, тұман түседі, бұл жүргізушілердің көру мүмкіндігін төмендетеді. Ауа райының мұндай қолайсыздығы трассаның жиі жабылуына себеп. Сондықтан, бұл өз кезегінде көлік кептелістерінің пайда болуына, қоғамдық шиеленістің артуына, экономикалық шығындарға әкеп соқтырады. Енді ел аумағында енгізілген бірыңғай уақыт белдеуінің нәтижесінде күзгі-қысқы маусымда күнерте батып, көлік ағынының негізгі бөлігі қараңғы түскенде жүруге мәжбүр. Бұл жағдай қолайсыз ауа райымен ұласқанда, жол-көлік оқиғаларының қаупін бірнеше есе арттыра түседі.Трассаның басым бөлігінде стационарлық жарықтандырудың жоқтығықауіпсіздік деңгейін төмендетеді. Ал, жолды жарықтандыру апаттардың алдын алудың шешуші факторы. Егер жолдарды сапалы жарықтандыратын болсақ, жолдағы кез келген қауіпті нысанды алыстан көруге мүмкіндік болады, жүргізушілердің жол жиегі мен бағытын нақты анықтауына жағдай жасалады, күрделі ауа райы жағдайында жүргізуші қателіктерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл адам өмірінің қауіпсіздігі, –депөз ұсынысын айтты Аршалы ауданынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Руслан Шамкенов.
Халық қалаулысының көтеріп отырған мәселесі орынды. Жоғарыда аталған факторлардың жиынтығы тек жол қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне де кері әсерін тигізеді. Депутат бұл мәселені республикалық деңгейде қарауға шығару және тиісті мемлекеттік органдарда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау жөніндегі ұсынысын жеткізді. Комиссия төрағасы аталған мәселені қолдап, мейлі бұл жоба алдағы 4-5, тіпті, он жылда жүзеге асырылса да, жолды жарықтандыру өте қажет екендігіне баса назар аударды. «Қазавтожол» компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Хамзат Сұлтанов аталған мәселе бойынша әзірге ешқандай жобаның жоқтығын айтып, егер оны қолға алу қажет болса, арнайы нормативтік құжаттарға түзетулер енгізіп, кейін мемлекеттік тапсырыс аясында орындауға болатынын жеткізе келе, әзірге алдағы екі жылда Астана – Көкшетау бағытындағы автобанның бойында 230 шақырымдық ұзындықтағы аумаққа, яғни, елді мекендердің айналасы менкөліктік жол айрықтарында ғана жарық шамдардың кабельдері толық ауыстырылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілетіндігін айтты.
Ал, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақованың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен іске асырылып жатқан жол құрылыс, жөндеу жобаларына 16 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен бірге, іске асырылып жатқан жобаларды аяқтауға 116 миллиард теңге қажет.
– Биыл және келесі жылы облыс аумағындағы жолдардың құрылысы, ағымдағы жөнделуі, күрделі жөндеуден өткізілуі бойынша іске асырылған жобалар бойынша қарыздарды жабамыз. Тек, 2028 жылы ғана жолдардың мәселесі бойынша жаңа жобаларды қолға аламыз, – деп бюджетте жаңа жобаларға әзірге қаржы жоқтығын кесіп айтты Алмагүл Шүгірмақова.
Астана – Көкшетау бағытындағы автобан ақылы жол. Жолаушылар жол жүрген сайын ақша төлейді. Сондықтан, ол жолдың бойы жарықпен де, интернетпен де республика есебінен немесе қызмет көрсетуші компания тарапынан қамтылуы тиіс. Қазіргі дамыған заманда баламалы энергия көздерін де орнатуға болады, – деді бұл ретте депутат Айдын Төребаев.
Десе де, «Қазавтожол» өкілі жолдың бойын толық жарықтандыру республикалық жолдардың стандарттарында жоқтығын айтып, баламалы энергия көздері ауа райының қолайсыз кездерінде істен шығып қалып жататындығын алға тартты. Айтқанынан қайтпайтын депутаттар жобаны дайындауда қиындықтар туындаса көмектесуге дайын екендіктерін, тіпті Парламент пен Премьер-министрге бірге кіруге әзір екендіктерін жеткізді. Шетелдегідей күннен қуат алатын панельдер негізінде жол бойын жарықтандыруды ұйымдастырып, ауа райы тұманды болғанда кәдімгі энергия көзі арқылы жарықтандыратындайжағдай жасау қажеттігін айтты.
Руслан Шамкеновтің тағы бір көтерген мәселесі – жол бойында жүк көліктерінің салмағын өлшейтін құралдар тұсынан өткен кездегі жүргізушілердің заңсыз әрекеттері. Айталық соңғы уақытта Қарағанды бағытындағы республикалық маңызы бар автожол учаскесінде жүк тасымалдау ережелерінің бұзылуын, оның ішінде рұқсат етілген салмақ параметрлерінен асып кетуін анықтайтын автоматтандырылған салмақ бақылау пункті жұмыс істеп тұр.Алайда, іс жүзінде ірі габаритті жүк көліктерінің, соның ішінде тіркемесі бар карьерлік самосвалдардың жүргізушілері тарапынан бақылау жүйесін алдап өту мәселесі анықталып жатқан көрінеді.
– Салмақ өлшеу пунктінен өткен кезде бұл көлік құралдары қозғалыс жылдамдығын сағатына 5 шақырымға дейін әдейі төмендетеді. Нәтижесінде жабдық нақты артық салмақты тіркей алмайды. Заң бұзушылықты дұрыс тіркеу тек көлік құралы сағатына 40–50 шақырым жылдамдықпен өткенде ғана мүмкін. Сонымен қатар, бұл жағдай жол қозғалысы қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізуде әрі ауыр салмақты көліктер жолдың тез бұзылуына әкеліп оғады, – дей келе, депутат салмақ өлшеу жабдықтарының жұмыс параметрлерін түзету немесе қосымша бейнебақылау шараларын енгізу мүмкіндігін қарастыруды, жол полициясы органдарымен бірлесіп, салмақ бақылау учаскесі арқылы өтудің төменгі шекті жылдамдығын белгілейтін жол белгілерін немесе басқа да реттеуші шешімдерді орнату мәселесін пысықтауды сұрады.
Бұл мәселе бойынша Ақмола облысының көліктік бақылау инспекциясының маманы Мейрам Конерказовбаяндама жасады. Ол автоматтандырылған салмақ өлшеу құралы 8 жерге орнатылып, олардың 3-еуі іске қосылғанын айтты. Былтыр іске қосылған екі автоматты өлшеу құралының арқасында 2215 мыңнан астам ұйғарым толтырылып, 840 миллион теңгеден астам айыппұл салынған және оның 600 миллион теңгесі өндірілген.
– Бұл мәселені біз білеміз, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жүк көліктерінің салмағын бақылау үшін автоматты өлшеу құралдары аумақтарына мамандар қоятындай онсыз да бізде кадр жетіспейді, –деп ақталды ол. Бұл жерде жүргізушілер мақсатты түрде ережені бұзғандықтан, депутаттар көліктік инспекцияның қызметін күшейтуді, мамандар санын көбейтуді, әсіресе, карьерлері бар аудан аумақтарынасондай мамандарды қоюдың қажеттігін атап өтті. Мамандар санын арттыру үшін инспекция тарапынан жоғарыға осы мәселелер негізделген хат ұсынылу қажеттігін көтерді депутат Анар Аяпбергенова.
Бұдан әрі Атбасар қаласында жүргізуші куәлігін алуға теориялық емтихандар өткізетін бөлім ашу мәселесі қаралды. Облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Сахановтың айтуынша, аудан орталығында оған қажетті құрал-жабдықтар дайын, тек тиісті органдар тарапынан рұқсат керек. Егер бұл мәселе шешімін тапса, Атбасарға жақын орналасқан 5-6 ауданның көлік жүргізу құқығына ие болғысы келетін азаматтары емтиханды сол жерде тапсырып, облыс орталығындағы жалғыз автокөлік жүргізушілеріне арналған халыққа қызмет көрсету орталығының жүктемесі төмендер еді әрі бұл сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алуға да септігін тигізеді. Осындай арнайы бөлімдерді облыс аумағында 4-5 жерде ашу маңызды деген депутаттар бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады.
Комиссия отырысында қаралған өзекті мәселелердің бірі агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау бойынша берілген субсидияларды қайтару мерзімімен байланысты. Бұл ретте, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов баяндама жасап, облыста шаруаларға жасалып жатқан жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау бағытындағы жобалар туралы айтты.Әрине, басқарма тарапынан тиісті шаралар қабылданып, жұмысзаң шеңберінде үйлестірілуде. Бірақ, кемшіліктер де жоқ емес. Жиында депутат Бекім Серікұлы субсидиялар бойынша бөлінген қаражаттың кредиторлық қарыздарды өтеуге жұмсалып жатқанын сынады. Оның айтуынша, өткен жылы субсидиялау бойынша бөлінген 63,4 миллиард теңгенің 42,8 миллиард теңгесі алдыңғы 2024 жылдың кредиторлық берешегін өтеуге бағытталған.Осылайша, жаңа өтінімдер бойынша субсидия төлеуге қалған қаражат 20,6 миллиард теңгені ғана құраған. Ал, 2025 жылдың қорытындысы бойынша кредиторлық берешек 78,5 миллиард теңгеге жеткен. Енді, ол төлем ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 2026 жылғы қаржыландыру есебінен жүзеге асырылады, яғни, бір жыл бұрын өтелуі тиіс қарыздар келер жылдардың есебінен жүргізілуде. Жалпы, 2026 жылға бөлінген 85,5 миллиард теңге көлеміндегі субсидияларды ескере отырып, қосымша тағы кемінде 67 миллиард теңге қажетдеп кәсіпкерлердің жан шырылын жеткізді ол. Сонымен қатар, депутат мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы берілген субсидияларды шаруалардың қайтаратын кезі де дұрыс ойластырылмағандығын алға тартты. Мысалы, кәсіпкер «Кең дала» бағдарламасы арқылы алған несиесінің 50 пайызын қайтару үшін астығын тиімді бағаға өткізе алмайды. Несиені өтеу бойынша уақыт тығыз болғандықтан, олар маңдай терімен өсірген бидайын жинап алған соң, трейдерлерге өте төмен бағаға сатып жібереді. Ал, егер асықпай көктемге қарай сататын болса, еңбегін еселеп алар еді. Бұл жайды депутат Бекім Әкімов жан-жақты ашып, мемлекеттен алған субсидияны асықпай 18 ай ішінде қайтару туралы өз ұсынысын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біздің Ақмола облысын ауыл шаруашылығының флагманы деп айтты. Осыны сақтап қалу үшін бюджеттен бөлінетін қаржыны ауыл және мал шаруашылығына бөлу керек. Әйтпесе, қарыз өсе береді. 2027 жылы кредиторлық қарыз 200 миллиард теңгеден асып түседі. Ал, егер талапты өзгертіп, кәсіпкерлер алған астығын асықпай, тиімді бағаға сататын болса, жоғарыдағы кредиторлық қарыздар болмайтын еді. Ол үшін қарыздың алғашқы жарнасын 18 айға созу керек немесе 1 желтоқсанға дейін 10 пайызын қайтаратындай ету керек, бір-екі жыл осылай жасаса, шаруалар жағдайларын түзеп, қарыз алмайтын болады, – деп басқарма басшысына жоғары жаққа ұсынысын жеткізуді сұрады.
Отырысты қорытындылай келе, комиссия төрағасы Марат Қойшыбаев айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер назарға алынып, тиісті хаттамаға енгізілетінін жеткізді. Депутаттардың бастамасымен көтерілген Астана – Көкшетау тасжолын жарықтандыру, жүк көліктерінің салмағын бақылауды қатаңдату және ауыл шаруашылығы субсидияларын төлеу мерзімін ұзарту мәселелері облыстың ғана емес, республикалық деңгейде шешімін табуы тиіс стратегиялық міндеттер екені анық.
Халық қалаулылары мен атқарушы билік өкілдерінің бұл диалогы – өңірдегі қордаланған мәселелерді ашық талқылауға және олардың оңтайлы шешімін табуға бағытталған маңызды қадам. Ендігі кезекте, бұл ұсыныстардың құр сөз күйінде қалмай, нақты нормативтік құжаттар мен бюджеттік бағдарламаларға негіз болуы басты назарда болмақ. Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету баршамыздың ортақ парызымыз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының»өз тілшісі.
![]()

