Бірлесіп талқылады

ЕЛ МҰРАТЫ – ЖАҢАРУ

Достық үйінде саяси партия өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған кездесу өтті.

Шараға еліміздегі «AMANAT», «Ауыл», «Ақ жол», «Қазақстан халық партиясы», «Respublica», «Байтақ» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партияларының аймақтағы филиалдарының төрағалары қатысты.

Бұл кездесудің мақсаты  жаңа Конституция жобасының басты бағыттарын ашық форматта талқылап, саяси партиялар арқылы қоғам пікірін ескеру, сондай-ақ, құжаттың маңызын халыққа кеңінен түсіндіру болды. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының бас маманы Роза Хасеннің айтуынша, мұндай диалог алаңдары мемлекеттік маңызы бар құжаттарды талқылауда ашықтықты қамтамасыз етіп, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайта түседі.

Кездесу барысында партия өкілдері жаңа Конституцияның ел болашағы үшін стратегиялық маңызына тоқталып өтті. Құжаттың басты өзегі әділеттілік, адам құқықтарын қорғау, жауапты әрі есеп беретін билік қалыптастыру екені атап өтілді. Елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты жаңғыртып, халықтың билікке деген сенімін арттыруға бағытталғаны айтылды.

«Respublica» партиясының Ақмола облысындағы филиалының төрағасы Алмат Тоқмағамбетов Конституция жобасын ашық талқылау қоғам пікірін ескерудің маңызды тетігі екенін алға тартты. Оның сөзінше, мұндай формат азаматтарға реформалардың мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді. Ал, «AMANAT» партиясының өкілдері бұл Конституцияның азаматтардың белсенді қатысуы арқылы қабылданатынын ерекше атап өтті. Партия өкілдері негізгі заң елдің тұрақты дамуына, қоғам бірлігін нығайтуға және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға берік негіз болатынын жеткізді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері Конституциялық реформаларды, соның ішінде бір палаталы Парламентке көшу бастамасын қолдайтындарын мәлімдеді. Бұл өзгерістер саяси жүйені жаңғыртып, басқару тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Кездесуде экология мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Байтақ» жасылдар партиясының Ақмола облысы бойынша филиал төрағасы Асылбек Баяжұма жаңа Конституция жобасында экологиялық қауіпсіздік мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқын көрініс тапқанын атап өтті. Құжатта азаматтардың қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығы күшейтіліп, мемлекет пен оның табиғатына жауапкершілікпен қарау міндеті жүктелген.

Шара барысында ұйымдастырушылар кез келген қазақстандық азаматтың жаңа Конституция жобасына өз ұсыныстарын e-Otinish электрондық платформасы арқылы жолдай алатынын еске салды.

Кездесу қорытындысында партия өкілдері ашық диалогтың маңыздылығын атап өтіп, Конституциялық реформалар бүгінгі күн үшін емес, келер ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатқан тарихи шешім екеніне тоқталды. Жаңа Конституцияның әділетті, жауапты және біртұтас Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екені айтылды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар