СҰХБАТ
Жуырда Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің басшысы Жұмабек Махашевпен сұхбаттасып, өңірімізде осы жұқпалы дерттің алдын алу және емдеу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын сұрап білген едік.
– Жұмабек Райсұлы, алдымен, елімізде туберкулез сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу шаралары қалай жүзеге асырылып келе жатқанын айтып өтсеңіз …
–Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халық денсаулығы мемлекеттің басты байлығы екенін үнемі атап өтіп, оны сақтау мен нығайту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болуы тиіс екенін алға тартумен келеді. Бұл ретте, Мемлекет басшысы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімдігіне мән берумен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулармен де күресті күшейту қажеттігін ескерткен болатын. Бүгінде расында да ел аумағында туберкулез, онкологиялық аурулар, жүрек-қан тамыр аурулары, қант диабеті сияқты дерттердің алдын алу мен оларды тиімді емдеу қажеттігі маңызды болып отыр. Ең алдымен, әрине, ауруды ерте анықтауға басымдық беріледі. Халықты флюорографиялық тексерумен кеңінен қамту, жоғары қауіп тобындағы адамдарды, әлеуметтік осал топтарды, туберкулезбен байланыста болған азаматтарды міндетті түрде тексеру жолға қойылған. Бұл – Президент Жолдауларында айтылған медициналық көмектің қолжетімділігі қағидатына толық сай келеді. Үшіншіден, дәріге төзімді туберкулезбен күрес ерекше бақылауда. Мұндай жағдайларды ерте анықтау, заманауи және қысқартылған емдеу режимдерін енгізу, сондай-ақ, науқастарды тұрақты бақылау жүйесін күшейту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғау басты міндеттердің бірі. Жаңа туған нәрестелерге БЦЖ вакцинациясы жүргізіледі, мектеп жасындағы балалар туберкулинодиагностика мен диаскинтест арқылы тексеріледі, ал, қауіп тобындағы балаларға профилактикалық ем, яғни, химиопрофилактика тағайындалады. Президент Жолдауларында халықтың әлеуметтік жағдайы мен денсаулығының өзара байланысы да ерекше атап өтілгені белгілі. Осыған орай, туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесі қалыптастырылған. Бұл – әлеуметтік жәрдемақы, жолақы мен тамақ шығындарын өтеу, кей жағдайларда тұрғын үй мәселесіне жәрдемдесу, сондай-ақ, ем аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасуға қолдау көрсету. Тағы бір маңызды бағыт стигма мен қорқынышты азайту. Қоғамда туберкулезге қатысты жалған түсініктерді жою үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жобалар іске асырылуда. Негізгі мақсат халық арасында «туберкулез – емделетін ауру» деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру. Сондай-ақ, Президент тапсырмасына сәйкес медицина кадрларын нығайту және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Фтизиатр дәрігерлерді даярлау, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету, туберкулезге қарсы күрес қызметін заманауи рентген, ультрадыбыстық және зертханалық жабдықтармен қамтамасыз ету осы бағыттағы нақты қадамдар. Президент Жолдауларындағы туберкулезге қарсы саясаттың негізгі өзегі ауруды ерте анықтау, тегін әрі тиімді ем, әлеуметтік қолдау және халықтың жеке жауапкершілігі деп санаймын. Бұл шаралардың барлығы туберкулезді толық жоюға бағытталған ұзақ мерзімді жоспарлар болып табылады.
–Ал, енді осы арада негізгі бір сауал, қазіргі таңда Ақмола облысында туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жай-жапсары қалай?
– Ақмола облысында туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай жалпы алғанда тұрақты деп бағаланады. Дегенмен, бұл салада босаңсуға жол жоқ. Аурудың алдын алу мен ерте анықтау бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыру біздің басты міндетіміз.2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 33,3-ті құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға төмен. Жыл ішінде барлығы 262 жаңа жағдай тіркелген.Қазіргі уақытта облыс бойынша 322 науқас белсенді есепте тұр. Оның ішінде 81 адам стационарда ем алса, 241 науқас амбулаториялық жағдайда емделуде. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігі мен емдеу тәсілдерінің тиімді ұйымдастырылғанын көрсетеді. Ем нәтижелері де көңіл қуантарлық. Дәріге сезімтал туберкулезді емдеу тиімділігі 89,3 пайызды құраса, дәріге төзімді түрлерінде бұл көрсеткіш 87,7 пайызға жетті. Аталған нәтижелер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған деңгейден жоғары, яғни, өңірдегі фтизиатриялық қызметтің сапалы жұмысын айғақтайды.
Осы ретте, біздің облыстық туберкулезге қарсы диспансердің негізгі міндеті – қауіпті дертті дер кезінде анықтап, тиімді емдеу арқылы оның қоғам ішінде таралуына жол бермеу. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, әрбір науқасқа жеке көзқарас қалыптастыруға басымдық берілуде. Ең алдымен, туберкулезді ерте анықтау үшін заманауи диагностикалық әдістер кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, GeneXpert аппараты арқылы ауруды қысқа мерзімде анықтау мүмкіндігі бар, ал, компьютерлік томография мен рентгенологиялық зерттеулер диагноздың нақтылануына жол ашады. Бұл өз кезегінде емді уақыт оздырмай бастауға мүмкіндік береді.Диспансер мамандары дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастарды ерекше бақылауда ұстайды. Мұндай жағдайлар жеке емдеу режимін талап ететіндіктен, пациенттердің дәрі қабылдау тәртібі, жалпы жағдайы мен ем нәтижесі тұрақты түрде қадағаланады. Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы да ең басты назарда. Айталық, жасөспірімдер арасында профилактикалық тексерулер жүргізіліп, қауіп тобына жататын балалар дер кезінде бақылауға алынады. Бұл болашақ ұрпақтың саулығын сақтауда маңызды қадам болып саналады. Сонымен қатар, диспансер әлеуметтік осал топтармен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бірлескен іс-шаралар арқылы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, емге бейімділікті арттыруға және науқастарды қолдауға ерекше мән беріледі. Жалпы алғанда, облыстық диспансердің қызметі тек емдеумен шектелмейді. Ол осы аурудың алдын алу және халық денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді жұмыстарды жүргізеді.
– Соңғы жылдары облыста туберкулезге шалдығу жайы қалай болып отыр?
Соңғы жылдары Ақмола облысында туберкулезге қатысты жағдай айтарлықтай жақсарған. Аурумен күрестегі ұзақ мерзімді динамика оң нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, 2015 жылдан 2024 жылға дейін туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 52,8 пайызға, ал аурудың таралу көрсеткіші 56,6 пайызға төмендеп отыр. Өлім-жітім де айтарлықтай азайып, 2025 жылы бұл көрсеткіш небәрі 0,6 пайызды құрады. Дегенмен, кейбір аудандарда осы сырқатқа шалдығудың өсуі байқалады. Бұл көбіне профилактикалық тексерулердің жеткіліксіздігіне және тұрғындардың дәрігерге кеш жүгінуіне байланысты. Мамандар осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп отыр. Ауруды ерте анықтау туберкулезбен күрестегі басты құралдың бірі екені аян. 2025 жылы облыс бойынша 167 мыңнан астам адам флюорографиялық тексеруден өткізіліп, қамту деңгейі 98,4 пайызды құрады. Сонымен қатар, 4003 адам GeneXpert әдісімен тексеріліп, балалар арасында туберкулинодиагностика мен диаскинтест кеңінен жүргізілуде. Қауіп тобына жататын азаматтар тұрақты медициналық бақылауда.Алайда қиындықтар да жоқ емес. Кейбір тұрғындар тексеруден әдейі қашып, ауру белгілерін елемей, өздігінен емделуді жөн көреді. Соның салдарынан өткен жылы облыста 4 асқынған, яғни, кеш анықталған жағдай тіркелді. Ал, жалпы, туберкулезбен ауырған науқастар мемлекет тарапынан толық қолдауға ие. Емдеу тегін жүргізіледі және барлық қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, 2025 жылы 485 науқасқа жалпы сомасы 95,8 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Олардың жолақы шығындары өтеліп, балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылды. Ем аяқталғаннан кейін кей науқастарды жұмысқа орналастыруға да көмек көрсетіліп келеді.
– Өзіңіз де жақсы білетініңіздей, қазір облысымызда денсаулық сақтау саласындағы қинап тұрған мәселенің бірі – дәрігер кадрларының жетіспей келе жатқандығы. Осы жағы өздеріңізде қалай шешімін табуда?
–Иә, саладағы өзекті мәселелердің бірі осы кадр тапшылығы. Қазіргі таңда облыс бойынша фтизиатр дәрігерлер жетіспейді, ал, кейбір аудандарда бұл мамандар мүлде жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жас мамандарды оқыту, қызметтік тұрғын үй ұсыну, колледждер мен жоғары оқу орындарында мақсатты даярлық жүргізу қолға алынған. Материалдық-техникалық база да кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. 2025 жылы шамамен 295 миллион теңгеге жаңа рентген кешені, ультрадыбыстық зерттеу аппараты, эндоскопиялық жүйелер мен инъекциялық жабдықтар сатып алынды. Бұл диагностика сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік берді деп толық сеніммен айтамын. Осы медициналық құрал-жабдықтардың дұрыс жұмыс істеп, науқастарға пайдасы тигені керек. Міне, осы ретте, бәрі кадрлық әлеуетімізге байланысты десек, бұл сауалыңыз өте орынды. Халық арасында туберкулез туралы әлі де қате түсініктердің бар екенін несіне жасырамыз. Соның ең кең тарағаны «туберкулез тек әлеуметтік жағдайы төмен адамдарда болады» деген пікір. Бұл мүлде қате көзқарас. Ауру кез келген адамда кездесуі мүмкін. Осы стереотипті жою үшін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен үкіметтік емес ұйымдар арқылы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Алдағы жылдарға белгіленген жоспарлар да нақты. Ауруды ерте анықтау үлесін арттыру, балалар мен жасөспірімдер арасындағы алдын алу шараларын күшейту, кадр тапшылығын азайту және дәріге төзімді туберкулезді толық бақылауға алу басты басымдықтардың қатарында. Бұл орайда, бір анық нәрсе туберкулез емделетін ауру. Ең бастысы, уақытында тексеріліп отыру. Флюорографиядан қашпау, ұзаққа созылған жөтелге мән беріп, дәрігерге дер кезінде қаралу өз денсаулығыңызға деген жауапкершіліктің айқын көрінісі. Себебі, әр адамның саулығы ең алдымен, оның өз қолында дер едім. Міне, бәріміз осыған ұмтылатын болсақ, туберкулезді де жеңуімізге болатыны анық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
![]()

