Бурабай курорттық аймағы: дамудың жаңа белесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында және салалық жиындарда еліміздің туристік әлеуетін толық пайдалану, оның ішінде ішкі және сыртқы туризмді экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын.

Президент сондай-ақ, туризм саласын дамыту тек табыс көзі емес, жаңа жұмыс орындарын ашу мен өңірлердің инфрақұрылымын жақсартудың төте жолы екенін де қадап айтты. Осы стратегиялық міндеттерді іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі Щучинск–Бурабай курорттық аймағын кешенді дамытудың жаңа жоспарын бекітті. Аталған жоспардың орындалу барысы мен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында егжей-тегжейлі баяндап, өңірді жаңғыртудың негізгі бағыттарына тоқталды.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Бурабайдағы негізгі табиғи нысандарға түсетін туристік жүктемені оңтайлы және жүйелі түрде қайта бөлу бойынша маңызды жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы басты стратегия – демалушылардың тек бір ғана орталыққа шоғырланбай, аймақтың өзге де көрікті жерлеріне баруына жағдай жасау. Осы мақсатта Қатаркөл және Жөкей көлдері сияқты баламалы локацияларды дамыту қолға алынды. Мұндай қадам ең көп баратын аумақтарға түсетін экологиялық және антропогендік салмақты азайтып, курорттың табиғи тепе-теңдігін сақтай отырып, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымдық жаңғыру жұмыстарының нәтижесі де көңіл қуантады. Мәселен, 2024 жылы Щучинск-Бурабай курорттық аймағында ресми түрде бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілді. Демалушылардың жайлылығы үшін заманауи үлгіде абаттандырылған «Променад» аймағы ашылып, 10 шақырымнан астам жаңа веложолдар төселді. Сонымен қатар, табиғаттың әсемдігін тамашалауға арналған жаңа шолу алаңдары салынды. Бұл жобалардың барлығы белсенді демалысты жаны сүйетіндерге, экологиялық туризмді қалайтындарға және отбасымен демалушыларға бағытталған. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызмет сапасын халықаралық стандарттарға жақындатып, сервистік деңгейді жаңа белеске көтереді.

Осылайша, Бурабай өңіріндегі инфрақұрылымның жедел дамуы өңірдің туристік өнімін байытып қана қоймай, жылдың кез келген мезгілінде демалуға қолайлы орта қалыптастырады. Бұл кешенді шаралар Бурабайдың еліміздегі ең басты және тартымды туристік орталық ретіндегі әлеуетін нығайта түспек.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар