АИТВ жұқтыру көрсеткіші төмендеді

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Ақмола облысында АИТВ-инфекциясының таралу қарқынында оң динамика байқалады. Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша аймақта бұл дерттің 125 жаңа жағдайы тіркелді.

Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда аурушаңдықтың үш жағдайға азайғанын көрсетеді. Дегенмен, мамандар бейқамдыққа салынбау керектігін ескертеді, себебі инфекцияның берілу жолдары мен жас ерекшеліктері әлі де бақылауды қажет етеді.

Алдын алу жұмысы бөлімінің меңгерушісі Әсел Балтабаеваның айтуынша, инфекция тек жастар арасында емес, егде жастағы тұрғындар арасында да кездеседі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дертке шалдыққандардың 60 пайыздан астамы 30-49 жас аралығындағы азаматтар. Ал жұғу жолдарына келер болсақ, жаңа жағдайлардың 80 пайыздан астамы жыныстық қатынас арқылы жұққан.

Еске сала кетейік, адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) негізінен үш жолмен: қан арқылы, жыныстық қатынас және анадан балаға (жүктілік, босану немесе емізу кезінде) беріледі. Осыған байланысты медицина мамандары қарапайым сақтық шараларын қатаң сақтауды ұсынады. Атап айтқанда, бір ғана жыныстық серіктестің болуы, мүшеқапты қолдану және жылына кемінде бір рет тестілеуден өту – денсаулық кепілі. Ал, егер серіктестер жиі ауысатын болса, жылына екі рет тексерілу міндетті.

Бүгінде медицинаның дамуы АИТВ-ны өлімге әкелетін үкімнен созылмалы, бірақ бақылауға болатын жағдайға айналдырды. Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының мамандары заманауи антиретровирустық терапияның (АРТ) тиімділігін алға тартады. 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, өңірде 1 147 адам динамикалық бақылауда тұр. Олардың 99 пайызы мемлекет тарапынан тегін берілетін емдік препараттарды қабылдайды. Бұл – пациенттердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтынының айқын дәлелі.

Мамандардың сөзінше, дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдау вирустың иммундық жүйені зақымдауына жол бермейді. Тіпті, ғылыми дәлелденген «Н=Н» (Анықталмайтын = Жұқпайтын) қағидасы бойынша, вирустық жүктемесі төмен адам дертті басқаларға жұқтырмайды. Демек, АИТВ-мен өмір сүретін жандар ем қабылдау арқылы толыққанды өмір сүріп, отбасын құруға, дені сау ұрпақ әкелуге және мансап жолын қалыптастыруға толық мүмкіндігі бар. Себебі, ерте анықтау мен тұрақты ем – қауіпсіз болашақтың негізі.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

сурет naryntany.kz сайтынан

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар