Құрылысқа бақылау күшейтілуде

ТАЛАП

Өткен жылы Ақмола облысында құрылыс саласына және үлескерлердің құқықтарын қорғауға бақылау деңгейі айтарлықтай артты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Күшейтілген тексерулер, цифрлық тізілімдер мен жаңартылған нормативтерді қамтитын жаңа шаралар бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауға және тұрғын үй нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, салынып жатқан тұрғын үйлердің жобалық құжаттамаға және қауіпсіз құрылыс технологияларына сәйкестігіне ерекше көңіл бөлінуде. Бақылау жобалау кезеңінен бастап құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуына дейінгі барлық сатыларда жүргізіледі. Бұл қадағалаудың сапасын арттырып, болашақ тұрғындар үшін тәуекелдерді азайтуға бағытталған шара.

Сонымен қатар, құрылыс ұйымдарын лицензиялау мен аттестаттау талаптары күшейтілуде. Мемлекеттік қызметтер цифрлық форматқа көшіріліп, компанияларға қойылатын талаптар қатаңдатылды. Кейбір өтініш берушілер біліктіліктің сәйкес келмеуі немесе міндетті тестілеуден өтпеуі себепті лицензия алудан шет қалды.

– Әрбір лицензиат аттестатталған мамандардың және өндірістік базаның бар-жоғын алдын ала тексеруі маңызды. Бұл лицензияның тоқтатылуының немесе одан айырылудың алдын алуға көмектеседі, – дейді ведомство өкілі Рауан Шаймерденов.

Үлестік құрылысқа да ерекше назар аударылуда. 2025 жылы Қосшы қаласында «Ынтымақ» тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, жүзден астам үлескер өз пәтерлерінің кілттерін алды. Басқа проблемалы нысандар бойынша да жұмыс инвесторларды тарту арқылы әрі жалғасуда.

Ведомство өкілдері үлестік қатысу туралы жаңа заңдар нарықтың ашықтығын арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғайтынын айтады. Бейресми келісім-шарттарды шектеу және құрылыс салушыларға бақылауды күшейту инвесторлар мен тұрғын үй сатып алушылар үшін қауіпсіз әрі ашық ортаны қалыптастырады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар