14 ақпанда Сандықтау ауданының Лесное ауылындағы ауылдық мәдениет үйінде «Конституциялық реформа және жастар саясаты» тақырыбында лекция-дискуссия өтті. Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және азаматтық белсенділігін күшейтуге бағытталды.
Іс-шараның спикері – Сандықтау аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Шмит А.В. болды. Кездесу барысында қатысушыларға конституциялық реформаның негізгі бағыттары, басты қағидаттары және елдің одан әрі дамуы үшін маңызы түсіндірілді.
Әсіресе, жастардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуы, жас азаматтардың бастамаларын қолдау және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Спикердің айтуынша, жүргізіліп жатқан өзгерістер әділдік қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік институттардың ашықтығын арттыруға және жастардың әлеуметтік әрі қоғамдық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
«Бүгінде жастардың қоғамдық үдерістерден шет қалмауы аса маңызды. Конституциялық реформа жас азаматтардың ел өміріне белсенді араласуына, өз идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруына жаңа мүмкіндіктер ашады. Әр адамның белсенді азаматтық ұстанымы – Қазақстанның болашағына қосқан үлесі», – деп атап өтті Шмит А.В.
Кездесуге Лесное ауылының мектеп оқушылары мен жастары қатысып, сұрақтар қойып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Дискуссия форматы әр қатысушының ойын ашық айтуына және өзекті сұрақтарға жауап алуына мүмкіндік берді.
Мұндай іс-шаралар құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және жастарды қоғамдық даму үдерістеріне тартуға ықпал етеді.
![]()

