Біз сегіз едік

ЖАНАЙДАР МУСИН – 90

Аумалы-төкпелі екі ғасырдың ең ішінде біз не көрмедік?! Алапат аштықтың салдарынан, сұрапыл соғыстың зардабынан, алдау мен қорлаудың кесапатынан ойымыз да, бойымыз да еркін өсе алмады. Сол қорлаудың бір мысалы деп өткен ғасырдың орта кезінде тың игеру желеуімен терістіктегі бес облыстың қазақ газеттерінің жабылып қалғанын айтар едім.

Алпысыншы жылдардың басында Көкшетаудың облыстық газеті жабылғанда тіс қаққан сақа журналистерді айтпағанда, редакцияда сайдауыттай 8 жас жігіт бар едік. Атап айтқанда, олар Жанәбіл, Жанайдар, Нөгербек, Елубай, Есмұқан, Айдархан, Марат және мен. Оларға дарынды суретші Дулатты да қосуға болады.

Бәріміздің де жасымыз 28 бен 26-ның арасы. Сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» жүйрік қаламгерлер көбі. Кейін бәрі дерлік аудандық, облыстық, тіпті, республикалық басылымдардың басшысы болып, бас редакторлыққа дейін көтерілді. Құрметтен гөрі қиындығы, зейнетінен гөрі бейнеті көп газет жұмысының отымен кіріп, күлімен шығып, күйіп-жанып жүріп, олар жетпіске де жетпей, тым ерте көз жұмды. Қадірлі де қарымды сол әріптестерімнің көген түбіндегі көнекөзі болып мен ғана қалыппын.

Түйе-тайлы талай-талай белді астым,
Тоқсан кешу көбін жұтты жолдастың.
Жар басында жаутаң қағып отырмын,
Жайды білер бірі қалмай құрдастың, –
деп қамығатыным да сондықтан.

Жалынды, жүйрік журналистердің бірі болған Жанайдар тіпті, жетпісті қойып, алпысқа да жетпей, елудің өрмек жүзінде өмірден өтті. ҚазМУ-дің журналистикасын бітіріп, ауыл шаруашылығы бөлімінде еңбек жолын бастаған ол туралы бөлім бастығы, белгілі қаламгер Қайыркен Сұлтанов «бастық мен емес, Жанайдар сияқты. Тапсырма беруге батылым бармайды, шаруасын өзі ғана реттеп, өзі ғана тындырып отырады» деуші еді.

Көзі қарақты азамат болашақ байыпты қаламгердің қасиетін сонда-ақ бағамдаған екен. Кейін ол өзі өскен газетті жиырма жылға жуық басқарып, обкомның идеология жөніндегі хатшылығына дейін көтерілді. Ортамызда арқа сүйер арысымыз болып әлі де жүрсе, бүгінде 90-ға толар еді.

Алайда, өзі болмағанмен көзі сияқты артында іздеушілері бар екен. Естелік кітап шығарып, ағасының мерейтойын атап өтіп жатыр. Сол кітапқа менің де екі естелік-эссемді жариялапты. Біреуін «Арқа ажары» да басқан сияқты.

Қадірмен достың мұрагерлеріне де, облыстық газеттің басшыларына да мың да бір алғыс. Еңбектің еленгеніне не жетсін?! Дәйім Жанайдар сияқты жұлдызды перзентін қадірлей білетін елі аман болсын!..

Сәлеммен,
Ақмола облысының құрметті азаматы,
Қазақстанның құрметті жазушысы әрі қайраткер журналисі Сарбас АҚТАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар