САҚ БОЛЫҢЫЗ!
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың дамуымен қатар, киберқылмыстың жаңа түрлері қоғам қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының алдына азаматтардың мүлкін қорғау және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейту бойынша нақты тапсырмалар қойған болатын.
Президент, сонымен қатар, әрбір қазақстандықтың заң аясында қорғалуын және цифрлық сауаттылықтың маңыздылығын ұдайы атап өтіп келеді. Алайда, құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тұрақты профилактикалық жұмыстарға қарамастан, «оңай олжаға» кенелгісі келетін азаматтардың алаяқтар арбауына түсуі тыйылмай тұр.
Соның бір айқын мысалы жақында өңірімізде тағы да орын алды. Бурабай ауданындағы жергілікті қонақ үйлердің бірінде еңбек ететін 50 жастағы қызметкер «Industrial Trade» деп аталатын жалған инвестициялық платформаның құрығына ілініп, 8 миллион теңгесінен айырылды. Бұл оқиғаның өкініштісі сол – жәбірленуші тек өз атына 2 миллион теңге несие алып қоймай, өзінің екі әріптесін де сендіріп, олардың атына тағы 6 миллион теңге несие рәсімдеткен. Ендігі кезекте капиталды еселеудің орнына, әйел мен оның әріптестері мойнына ілінген ауыр несие жүктемесін өтеуге мәжбүр.
Мұндай қаржылық қиындықтардың салдары көбінесе отбасылық тыныштықтың бұзылуына және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белең алуына әкеп соқтырады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек физикалық соққы ғана емес, ол экономикалық және психологиялық қысымнан да бастау алады. Алаяқтарға алданып, отбасы бюджетіне орасан зор нұқсан келтірген жағдайда, шаңырақтағы түсініспеушілік агрессияға ұласып, соңы қайғылы жағдайларға соқтыруы мүмкін. Сондықтан, мемлекет тарапынан зорлық-зомбылықтың кез келген түріне «нөлдік төзімділік» таныту туралы талап қойылып отыр. Алаяқтардың құрбаны болу – тек жеке адамның трагедиясы емес, бұл қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына нұқсан келтіретін фактор. Олар «қаржы кеңесшісі» кейпінде келіп, түрлі психологиялық әдістерді қолдана отырып, адамдарды тығырыққа тірейді.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын қолға алды. Дегенмен, құқық қорғау органдары ешқандай заңды инвестициялық компания қысқа мерзімде ертегідегідей табысқа кепілдік бермейтінін тағы да ескертеді. Белгісіз тұлғалардың, әсіресе, мессенджерлердегі «мамандардың» кеңесімен несие рәсімдеу – өз қолыңмен ор қазумен тең. Өз деректеріңізді, банк картасының кодтарын үшінші тұлғаларға бермеу арқылы сіз тек ақшаңызды ғана емес, отбасыңыздың тыныштығы мен болашағын да қорғайсыз. Мемлекет пен қоғам бірлесе қимылдағанда ғана алаяқтық пен зорлық-зомбылықтың жолын кесу мүмкін болмақ.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

