Полиция ірі фитолабораторияның жолын кесті

НАШАҚОРЛЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ

Бүгінгі таңда қоғамның тұрақтылығы мен ұлт саулығы мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі болып қала бермек.

Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарының алдына қойған негізгі тапсырмаларының бірі – есірткі бизнесіне тосқауыл қою және құқықтық тәртіпті нығайту. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақмола облысында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Жуырда Ақмола облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел қызметкерлері мен Есіл ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жүргізген іс-шара нәтижесінде Московское ауылында құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған ірі фитолабораторияның жолы кесілді. Тінту шаралары барысында заңсыз айналымнан қарасора өсіндісі бар 70-тен астам гүл құмырасы және өнімді суаруға, тазартуға, өңдеуге арналған арнайы қымбат жабдықтар тәркіленді.

Жедел-іздестіру шаралары барысында бұл заңсыз өндірісті Есіл қаласының 32 жастағы тұрғыны ауылдық жерде, көзден таса жерде ұйымдастырғаны белгілі болды. Оған көмекші ретінде ауылдың 42 жастағы тұрғыны тартылып, ол «бизнесті» тікелей бақылап отырған. Полицейлердің айтуынша, ұйымдастырушы бұған дейін де осындай қылмысы үшін жауапқа тартылған, бірақ, соған қарамастан биылғы жылдың басында жаңа өнім егуді қолға алған. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Мұндай қылмыстардың қоғамға тигізер зардабы тек есірткі таратумен шектелмейді. Тәжірибе көрсеткеніндей, есірткіге тәуелділік пен заңсыз айналым тікелей тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өршуіне алып келеді. Нашақорлыққа салынған ортада отбасы құндылықтары құлдырап, әйелдер мен балаларға қарсы жасалатын қылмыстар жиілейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың астарында көбіне осындай арам шөптің әсерінен санасы уланғандардың әрекеті жататыны жасырын емес. Сондықтан, есірткі зертханаларын жою – бұл тек қылмыспен күрес емес, сонымен қатар, мыңдаған шаңырақтың берекесін сақтау, әйелдер мен балаларды қорғау деген сөз.  «Заң мен тәртіп» қағидатын орындау – әрбір полиция қызметкерінің қасиетті борышы.

Ақмолалық полицейлердің бұл сәтті операциясы аймақтағы қылмыс деңгейін төмендетуге және заңсыздықтың кез келген түріне төзбеушілік танытуға бағытталған маңызды қадам болды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.  

Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар