АЛАЯҚТЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ
Бүгінгі таңда елімізде құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын орнықтыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі.
Мемлекет басшысы белгілеп берген стратегиялық тапсырмалардың аясында құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде киберқылмыс пен алаяқтықтың алдын алу бағытында қарқынды жұмыс істеп келеді. Алайда, оңай олжаға кенелгісі келетіндер мен заңның қатаңдатылғанына мән бермейтіндердің кесірінен қылмыс құрығына ілінетін азаматтар әлі де азаймай тұр. Мұның айқын дәлелі ретінде жақында Ақмола облысы Есіл аудандық полиция бөлімінде тергеліп жатқан қылмыстық істі айтуға болады.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылы аймақ тұрғыны интернет арқылы квадроцикл сатып алмақ болып, алаяқтардың құрбанына айналған. 680 000 теңге көлеміндегі қаражатты белгісіз шотқа аударған соң, «сатушы» байланысты үзіп, ізім-ғайым жоқ болған. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері бұл ақшаның Астана қаласындағы азық-түлік дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер әйелдің шотына түскенін анықтады. Күдіктінің айтуынша, ол белгісіз біреудің ұсынысымен өз шотын сыйақы үшін пайдалануға беріп, түскен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, өз пайызын алып, қалғанын үшінші тұлғаға өткізіп отырған. Нәтижесінде, бейқам кәсіпкерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы (банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру шотына заңсыз беру, беру және оған қол жеткізу, сондай-ақ, төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айта кету керек, 2025 жылдан бастап елімізде дропперлер, яғни, өз картасын алаяқтарға пайдалануға берген адамдар ресми түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Полиция қызметкерлері заманауи техникалық мүмкіндіктердің арқасында қылмыстық схемаларға қатысушыларды анықтау қиын емес екенін қатаң ескертеді. Сіздің банктік шотыңызды немесе картаңызды «уақытша» немесе «сыйақы үшін» өзгеге беру – бұл қылмысқа сыбайлас болу деген сөз. Сондықтан, құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға, онлайн-банкингке қолжетімділікті ешкімге бермеуге және әрбір іс-әрекеттің заң алдындағы жауапкершілігін терең түсінуге шақырады. Тәртіп пен заңды құрметтеу – елдің ішкі тұрақтылығы мен әрбір шаңырақтың берекесінің кепілі.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

