«Басты мақсат — қылмысқа тосқауыл, азаматтарға қорған болу»

СҰХБАТ 

Қылмысқа қарсы күрес қиындығы мен қаупі қатар жүретін аса жауапты сала.  Заң баршамызға ортақ болғанымен, қай кезеңде де оны бұзушылар саны сирей қоймасы анық. Осы орайда, Ақмола облысының аумақтық-әкімшілік орталығында осы қылмысқа қарсы күрес мәселелерімен айналысатын Көкшетау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Асхат Нұрмағамбетовтан алған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Асхат Жұмашұлы, облыс орталығындағы қылмысқа қарсы күрес туралы айта отырсаңыз. Өткен кезеңде бұл жағы азайды ма, әлде көбейді ме?

– Былтыр Көкшетауда 1184 қылмыс тіркелді. Оның 429-ы ауыр, ал,  17-сі аса ауыр. Жалпы, 735 қылмыстық іс бойынша күдіктілер анықталып, криминалдық полиция қызметкерлерінің жұмысының нәтижесінде ұрлық фактісі бойынша бірқатар қылмыстың беті ашылды. Көкшетау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері тарапынан қылмыстың алдын-алу мақсатында халықпен тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар мен кездесулер өткізіліп келеді. Нәтижесінде былтырғы  қылмыс деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда төмендеді.

Өзіңіз білесіз, алаяқтық мәселесі де биыл өршіп тұр.  Қызметкерлеріміз интернет-алаяқтық фактісімен бетпе-бет келген жандарға 60 миллион теңгесін қайтарды. Өткен жылы, осы орайда, тұрғындарға келтірілген жалпы шығын көлемі 450 миллион теңгеге жуықтайды. Бүгінгі таңда  тағы 3 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Келтірілген залал 5 миллион теңгеге жуық. Жергілікті тұрғындардың бұлай айтарлықтай материалдық шығынға ұшырауы бізді де қатты алаңдатады. Кейде үлкен сомаларға дейін аладанып қалатын жайттар да кездеседі.

–  Қалада неше камера бар? Камера арқылы «ізі суымай» қанша қылмыс ашылды? Жол апаттары азайды ма?

–  Былтыр тіркелген қылмыстық істердің ең көбі «акциялар арқылы капиталды көбейту және инвестициялау» деген желеумен жасалған алаяқтыққа байланысты болды. Жоғарыда айтылғандай, бұл жүйе арқылы адамдар үлкен қаржылық шығынға ұшырады. Бүгінде қала бойынша шамамен 307 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және қылмыстарды ашуда маңызды рөл атқарады. Былтыр бейнебақылау жүйелерінің көмегімен 264 қылмыс ашылды. Оның ішінде осы айда ғана 16 қылмыс анықталды. Камералар оқиғаның мән-жайын, күдіктілерді  тез анықтауға және құқық қорғау органдарының әрекет ету уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Өткен жылы қалада 302 жол-көлік оқиғасы болды, оның жетеуі кісі өлімімен аяқталды. Бірақ, апаттың алдын алу үшін полиция түрлі шараларды белсенді түрде жүзеге асыруда. Мәселен, көшелерді патрульдеу, жол қозғалысы ережелерін сақтау, бейнебақылау камераларын орнату, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, мектептерде осы тақырыптарда түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып отырады. Мұндағы мақсат –  тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау.

–  Осы қылмыс, құқық бұзушылыққа қатысты Тұрғындардан түсетін арыз-шағымдар жайында не айтасыз? Қоғамдық тәртіпті сақтауда волонтерлердің көмегі қандай?

–  Біздің еріктілеріміз есірткіге қарсы күрес қызметкерлерімен, учаскелік полиция қызметкерлерімен, патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция бөлімімен бірлесіп жұмыс істейді. Олар вандализммен күресуге қатысады, жоғалған балаларды іздеуге көмектеседі, жол қозғалысы ережелерін бұзу мен апаттарды анықтауға атсалысады, сондай-ақ, аудандық полиция қызметкерлеріне халық арасында ақпараттандыру іс-шараларын жүргізуде қолдау көрсетеді. Былтыр қалада есірткіге байланысты 167 қылмыс тіркелді. Оның басым бөлігі Қылмыстық кодекстің 297-бабына жатады. Бүгінгі таңда есірткіге байланысты тағы басқа да қылмыстар тіркелуде. Мұнда да істердің көбі есірткі саудасы бойынша. Өткен жылы қалада біршама есірткі сатушы ұсталып, жауапқа тартылды.

Бүгінгі таңда басқармадағы учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмысы осы қызметке бағытталған полиция моделінің қағидаттарына негізделген. Яғни, азаматтарға көмектесуге, қылмысты болдырмауға және сұрауларға тез жауап ден қойылған. Еріктілермен өзара әрекеттесу қылмысты жоюға және қоғамдық қауіпсіздікті жақсартуға бағытталған алдын алу жұмысымыздың маңызды бөлігі болып табылады.

–  Осы ретте, қоғамның ең осал топтарының көшелерде, қоғамдық орындарда қайыр сұраумен күнелтетіні жөнінде не дейсіз?

–  Мұндай адамдармен жұмысты учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерінің бір бөлігі ретінде жүзеге асырады. Бұл жұмыстар да қылмыстың алдын алуға, кәмелетке толмағандардың қатысуына жол бермеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.  Жалпы, мемлекет құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қажетті жабдықтармен, ресурстармен қамтамасыз етуде. Мұның өзі учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне өз міндеттерін тиімді орындауға, құқық бұзушыларға жедел әрекет етуге  және қолданыстағы заңнамаға сәйкес халықпен профилактикалық жұмыс жүргізуге мүмкіндік беруде десек, артық айтқандық емес.

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан тиісті жағдайлардың алдағы уақытта да өз жұмыстарымызды Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасындағы  келелі міндеттерін орындау қағидаттарына сай жүргізе түсетініміз анық.

–  Көкшетау қалалық полиция басқармасының жұмысын қысқаша нақты саралап өткен әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбатты жүргізген Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар