ӨНЕР ӨЛКЕСІНДЕ
Көкшетау төрі тағы бір тағылымы мол, тамыры терең рухани кештің куәсі болды. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы сахнасында дәстүрлі әнші, өнертанушы Сәрсенбай Хасеновтің авторлық жобасы аясында Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлескен «Сал-серілер ән салған сұлу Көкше» атты концерт өтіп, өнерпаздар өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Концерт алдында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, онда Арқа өңірінің дәстүрлі ән өнері, сал-серілер мектебінің қалыптасу тарихы, оның қазақ мәдениетіндегі алар орны мен бүгінгі жалғастығы кеңінен сөз болды.
Басқосуға университет профессоры Айгүл Байбек, филармония ардагері, әнші Мара Есмұханова, ардагер ұстаз Қайрат Бешімов, филармония әншісі, «Халық алғысы» медалінің иегері Жанат Есов, «Арқа ажары» газетінің тілшісі, ақын Майра Қуанышқызы және жоба авторы Сәрсенбай Хасенов қатысып, мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында профессор Айгүл Қыдырғалиқызының «Қазақ дәстүрлі әнінің алтын ғасыры: феномені, философиясы, эстетикасы» атты жаңа монографиясының тұсауы кесіліп, автор қатысушыларға қолтаңба берді. Жиынға қатысушылар аталған еңбектің ұлттық өнердің терең тамыры мен оның көркемдік болмысын ғылыми тұрғыдан жаңаша пайымдайтынын атап өтті.
Сөз алған спикерлер дәстүрлі ән өнерін сақтау, жаңғырту және насихаттау – бүгінгі ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік екенін айтып, құнды пікір білдірді.
– Сал-серілер мұрасы ұлттың рухани коды. Оны дәріптеу, әрі қарай жалғастыру дегеніміз тарихқа құрмет, болашаққа аманат, – деген кеш қонағы Айгүл Байбек ғасырлар бойы жалғасқан өнердің ешқашан өшпейтінін, қайта оның уақыт талабына сай жаңғырып, жаңа форматта өмір сүре беретінін жеткізді.
Жиынға қатысушылар ұлт өнерін төрге шығарып, оның қадір-қасиетін биіктетіп жүрген өнерпаздар қандай құрметке де лайық екенін атап өтті. Өнер саңлақтарын «дәстүрлі әнші» деп атағаннан гөрі, олардың мәртебесін айқындай түсетін «ұлт әншісі», «халық әншісі» секілді атауларды қолданысқа енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Себебі, халқымыздың ән өнері – жай ғана дәстүр немесе фольклорлық мұра емес. Ол ұлтпен бірге жасасып келе жатқан, бүгінгі күні де өміршеңдігін жоғалтпаған, болашақта да жалғасын таба беретін тірі өнер.
Сондықтан, бұл мәселені ғалымдар қауымы ғылыми тұрғыда зерделеп, жан-жақты талқылап, ортақ байыпты тұжырымға келсе деген пікірлер білдірілді.
Содан соң, сахна шымылдығы түріліп, қойылған концерт ұлттық өнерді ұлықтаған шынайы рухани
мерекеге ұласты. Бағдарламада филармония әншілерімен қатар, университеттің студенттері мен магистранттары өнер көрсетіп, дәстүрлі әннің асыл арнасын кеңінен таныта отырып, ән іздеп келген көпшіліктің құлақ құрышын қандырды.
Арқаның ән мектебінің көрнекті өкілдері саналатын Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай шығармалары жаңаша тыныспен, бірақ, дәстүрлі нақышынан ажырамай орындалды. Әндердің әр иірімі, әр қайырымы көрерменді бірде сырлы сезімге бөлесе, бірде асқақ рухқа жетеледі. Әсіресе, аталмыш оқу орнының магистранты Айбат Серікханның орындауындағы Ақан серінің «Көк көбелек» әні көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Өзінің ашық та асқақ дауысымен жұртты селт еткізіп, Арқа әнінің табиғи кең тынысын дәл жеткізе білген жас орындаушының шеберлігі жұртты таңдай қақтырды. Айбаттың орындау мәнерінен еліктеу емес, өзіндік бітім-болмыс, еркін тыныс, ішкі қуат сезілді. Ол ешкімнің қалыптасқан техникасына тәуелді болмай, әнді өз табиғатымен, өз жүрек лүпілімен жеткізе білді. Осындай дара дауыс, бөлек өрнек қашанда тыңдарманды елең еткізеді. Себебі, халық Арқаның кең тынысты әнін кестелі нақышымен, шынайы болмысымен орындайтын шын талантты әрдайым іздейді әрі ерекше ықыласпен қабылдайды. Сондай-ақ, «53 қыз», «Нақ-нақ» сынды әзіл-сықаққа толы халық әндері, қыз жүрегінің мұңын жеткізетін «Долана», Зұлқияның әні шырқалып, Қорқыт, Әбікен Хасенов күйлері орындалды.
Кеш мазмұны әнмен ғана шектелмей, поэзиямен де өрілді. Жұмекен Нәжімеденов пен Мағжан Жұмабаев жырлары оқылып, ақын-айтыскерлердің арнаулары мен таныстырулары кештің көркемдік тынысын кеңейтті.
Осылайша расында да, Көкше сахнасында өнер көрсеткен жас өнерпаздардың орындаушылық шеберлігі ұлттық өнердің болашағына деген сенімді арттыра түскендей болды. Көрермен қауым әр шығарманы ықыласпен тыңдап, орындаушыларға ыстық ықыласпен қошемет көрсетті. Бұл кеш жай ғана концерт емес, ұлт руханиятына тағзым, сал-серілер дәстүріне құрмет, жас буынға артылған сенімнің айқын көрінісіндей болды десек артық айтқанымыз емес. Осындай мазмұнды жобалар әрі қарай да өз жалғасын таба берсе, қазақтың дәстүрлі ән өнері уақытпен үндесе отырып, өз биігінде қалықтай беретіні сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

