ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен «Біртұтас дрон инфрақұрылымы» жобасы аясында дрондарды пайдаланып, су тасқыны жағдайын мониторингтеу жүйесін енгізу механизмі жүзеге асырылуда.
Жоба туралы облыстық су тасқынын алдын алу комиссиясының отырысында облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Мағжан Ержан егжей-тегжейлі баяндады.
– Дрондарды орнатудың негізгі мақсаты су тасқыны орын алу ықтималдығы жоғары аймақтарды күнделікті мониторингілеу, қауіп-қатерді жедел анықтау және шұғыл ақпаратты облыстық су тасқынының алдын алу штабына уақытылы жеткізу болып табылады. Талдау нәтижелері бойынша облыстың 11 ауданында су тасқыны қаупі бар 18 нүкте анықталды, – деді Мағжан Ержан.
Жабдықтар Атбасар және Ақкөл қалаларында, Ескі Қалқұтан, Талапкер, Қоянды ауылдарында және Жібек Жолы кентінде орнатылған. Дрондарды ұшыру штаттық режимде жүргізілуде. Сонымен қатар, аталған аймақтарда қар тазалау жұмыстарының жағдайы бақылауда.
Қазіргі уақытта жабдықтарды Дамса ауылында және Макинск қаласында орнату жалғасуда. Қосымша ретінде су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде Tasqyn ақпараттық жүйесі қолданылады, ол су тасқынының дамуын болжауға мүмкіндік береді. Барлық ақпарат облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабына беріледі, ал Digital Aqmola орталығы Ақмола облысының басшылығы үшін үйлестіру алаңы ретінде жұмыс істейді.
– Жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – қауіп-қатерлерді уақытылы анықтау және алдын алу шешімдерін қабылдау арқылы төтенше жағдайлар қаупін азайту. Орталықтандырылған мониторинг жедел әрекет етуге және басқарушылық шешімдерді нақты уақыт режимінде қабылдауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, қатысқан ведомстволар басшылары су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізгені туралы есеп беріп, «Қазгидромет» орталығының болжамымен және техниканың дайындық дәрежесімен танысты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

