Қазіргі заманғы білім беру мүмкіндіктері талқыланды

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде  Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың төрағалығымен «Реформаларды жүзеге асыру аясында қазіргі заманғы білім беру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел болып өтті.

Шараға жоғары оқу орнының ректоры Марат Сырлыбаев бастаған профессорлық-оқытушылық құрам мен студенттер қауымы, докторанттар мен магистранттар қатысып, онда жаңа конституциялық реформа бойынша ағымдағы жылдың наурызында өтетін референдум, жаңа Ата Заңның қазіргі заманғы білім беру жүйесіне қаншалықты маңызды екендігі талқыланды.

Биылғы жылғы 31 қаңтарда еліміз үшін маңызды құжат Конституцияның жаңа жобасы ұсынылды. Университет ректоры, ғалым ретінде, мен жаңа Конституция адам капиталын, білім, ғылым және инновацияларды одан әрі дамытуға арналып отыр деп бағалаймын. Жаңа құжатта білім мен ғылымға ерекше мән беру – бұл еліміздің болашағы дәл осы салалармен айқындалатындығының терең көрінісі. Мен үшін маңыздысы Конституцияның жаңа жобасында білім беру тек мемлекеттің міндеті ғана емес, қоғам дамуының басты құндылығы ретінде қарастырылғаны, –деп дөңгелек үстелді ашып берген Марат Сырлыбаев жиналған қауымды алдағы референдумды қолдауға шақырды.

Талқылауда мемлекеттік саясаттың білім, ғылым, мәдениет және инновациялар саласындағы басымдықтары, халықаралық тәжірибені оқу процесіне интеграциялау, студенттердің даярлығын жетілдіру және академиялық ұтқырлықты дамыту, жоғары білім жүйесіндегі заманауи үрдістер мен реформалар, сондай-ақ, университеттің студент тұлғасын қалыптастырудағы және жоғары білікті мамандар даярлаудағы рөлі де жан-жақты айтылды.

Жиынға төрағалық еткен Досұлан Ерланұлы жаңа конституциялық реформаның маңызына назар аударып, қазір барша халқымыз тағдыршешті жағдайда отырғанын тілге тиек етті.

– Бүгінде біз еліміз үшін өте маңызды, оның болашағы айқындалатын жауапты сәтте жүрміз. Өзіміздің жаңа Конституциямызды қабылдауға барша ел болып атсалысуымыз қажет. Конституция қатардағы заң емес, жалпы нұсқама да емес, түптеп келгенде ол еліміздің алдағы ондаған жылдар бойы сүйенетін бағыт-бағдары, негізгі мемлекет құраушы қағидаттарының біріктірілуі. Қолданыстағы қазіргі Ата заң тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекетті құру үшін құрылған еді. Ол өзінің миссиясын толықтай атқарды. Енді бізге жаһандану заманындағы бүкіл қоғамдастықты ескере отырып, жаңа шешімдер қажет. Жаңа жобада осының барлығы қамтылған, –деді Досұлан Айтбаев сөз барысында.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелде аталмыш университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ардақ Қапышев, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Еркеш Рахымжанов, қазақ тілі және әдебиеті мамандығының 2-курс студенті Мерей Тілеубай да сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерін жеткізді.

Іс-шара кәсіби тәжірибе алмасуға, білім беру мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ оқытушылар құрамы, студенттер және сарапшылар қауымдастығы арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға арналған маңызды алаң болды десе болады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар