Әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететін басты заң

Референдумға дайындық аясында құрылған Конституциялық комиссияның құрамына кіру мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл мемлекетіміздің болашағына бейжай қарамай, ел дамуына нақты үлес қосуға берілген сенім деп қабылдадым.

Комиссияның құрылуы алты ай бойы саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ұсыныстарды жан-жақты талқылаған парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының еңбегінің заңды жалғасы болды. Яғни, бұл жұмыс бір күнде басталған жоқ, ол терең ойластырылған, кезең-кезеңімен жүргізілген үлкен үдерістің нәтижесі.

Конституциялық комиссия тек заң мәтінін түзетумен шектелген жоқ. Біз елдің тұрақтылығы мен дамуын, әлеуметтік әділеттілікті басты құндылық ретінде айқындайтын жаңа қоғамдық негіз қалыптастыруға атсалыстық. Әңгіме жай ғана баптарды өзгерту туралы емес, Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындау туралы болды.

Жаңа Негізгі Заң жобасы азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстары негізінде дайындалды. Ашық қоғамдық талқылаулар өткізіліп, мыңдаған пікір мен ұсыныс жиналды. Әрбір маңызды ой ескерусіз қалған жоқ.

Осындай кең әрі ашық талқылаулардың арқасында жаңа Конституция жобасы жан-жақты сараланып, теңгерімді түрде әзірленді. Барлығы 12 отырыс өткізілгеннен кейін Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова Мемлекет басшысына комиссия жұмысының қорытындылары туралы баяндап, жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға шығару жөнінде ұсыныс енгізді.

2026 жылғы 11 ақпанда Президент «2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал, 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы ресми түрде жарияланды. Сол күні «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция да құрылды. Оның құрамына саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сараптамалық және ғылыми ұйымдар, сондай-ақ, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтар бірікті.

Бүгінде бұл бастама  бүкіл халықтың ортақ ісіне айналып отыр. Өйткені Конституция – тек заңгерлердің құжаты емес, ол  әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететін басты заң.

Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар