Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Біз әрбір азаматтың өмірі үшін күресуіміз керек. Балалар мен жастардың психологиялық саулығы — мемлекеттің басты назарында болуға тиіс. Бұл мәселеде тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуі қажет.
(Қазақстан халқына аргаған Жолдауынан).
ал, суицидтан әлемде жылына бір миллионға жуық адам көз жұмады
«Суицид» – латын тілінен аударғанда «өзіне-өзі қол салу» деген суық ұғымды білдіргенімен, оның артында бүтін бір қоғамның қасіреті мен жеке адамның естілмей қалған ішкі жанайқайы жатыр. Бүгінгі таңда өзіне-өзі қол салу әрекеті тек психологиялық патология ретінде емес, есі дұрыс адамның тығырыққа тірелгендегі соңғы қадамы ретінде де қарастырылуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректеріне сүйенсек, жер бетінде жыл сайын миллиондаған адам өз өмірін қиып, 20 миллионға жуығы осы жолға әрекет жасайды. Осы қасіретті тізімде Қазақстанның алғашқы ондыққа, тіпті кейбір деректер бойынша алғашқы төрттікке енуі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылуы тиіс дабыл.
Қазақстанда әр сағат сайын 1 адам өз еркімен ажал құшады.
Суицид жасаушылардың тек 2-5 пайызы ғана есепте тұрған жандар, қалғаны – есі дұрыс азаматтар.
Ажырасудың 40 пайызы, суицидтің 20 пайызы құмар ойынның (лудомания) кесірінен орын алады.
Республикамызда әр сағат сайын бір адам өмірмен қош айтысып жатса, олардың басым бөлігі – еліміздің болашағы деп саналатын жас буын өкілдері. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында және Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарында адам капиталын сақтау мен ұлт саулығын басты орынға қойып, жастар арасындағы деструктивті мінез-құлық пен психологиялық тұрақсыздыққа қарсы тұруды нақты тапсырып, «Біз әрбір азаматтың өмірі үшін күресуіміз керек» дегенді баса айтып келеді.
Суицидалды мінез-құлықтың психологиялық табиғаты өте күрделі. Психоаналитик Жанар Оспанованың айтуынша, бұл – әлсіздіктің емес, терең психоэмоционалдық дағдарыстың көрінісі. Ал, Зигмунд Фрейд теориясы бойынша, суицид – ішкі агрессияның өзіне бағытталуы, яғни, адам сыртқы ортаға (ата-анаға, қоғамға) ренішін жеткізе алмағанда, өзін жазалау арқылы соңғы нүктені қоюға тырысады. Бұл ретте Карен Хорни мен Мелани Кляйн айтқан «ішкі объектілердің күресі» мен жасөспірімдерге тән «туннельдік ойлау» механизмі іске қосылады. Жастар кез келген уақытша қиындықты мәңгілік трагедия деп қабылдап, балама шешім көру қабілетінен айырылады.
Соңғы он жылда жастар арасындағы суицидтің үш есеге артуы, оның басым бөлігінің жаз және күз айларында орын алуы ғалымдарды ғана емес, бүкіл қоғамды ойландыруы тиіс. Оның 800-ден астам себебі, анықталғанымен, 41 пайызы – үмітсіздіктен, 19 пайызы – қорқыныштан, ал, 18 пайызы рухани күйзеліс пен отбасылық кикілжіңнен туындайды.
Қазіргі қоғамда бұл дерттің өршуіне лудомания мен цифрлық әлемдегі буллинг тікелей әсер етіп отыр. Құмар ойынға тәуелділердің әрбір бесіншісі суицидке баратыны – қорқынышты статистика. Жан дүниесі құлазып, өзін ешкімге қажетсіз сезінген адам үшін виртуалды әлемдегі сәтсіздіктер мен әлеуметтік желідегі идеалданған бейнелерге сәйкес келмеу – өлімге итермелеуші триггерге айналуда. Осы орайда, халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, Аустралияның «Бізбен бірге», Норвегияның «Денсаулық үшін ынтымақтастық» жобалары мен Сингапурдың цифрлық платформалары суицидтің алдын алуда қоғамдық ынтымақтастықтың маңызын дәлелдеп отыр. Канада тәжірибесі көрсеткеніндей, жастарды өз сезімдерімен бөлісуге ынталандыру және психикалық денсаулықты «ұят» санатынан шығару – табыстың кілті. Президент тапсырмасымен Қазақстанда да осындай кешенді бағдарламалар іске асырыла бастады, алайда бұл тек мемлекеттің ғана емес, отбасы мен мектептің де ортақ міндеті.
Суицидтің алдын алу – бұл адамның жанын емдеу, оған өмірдің мәнін қайта табуға көмектесу. Психологиялық қолдау қызметтерінің рөлі, ақпараттық науқандардың тиімділігі және социумның белсенділігі біріккенде ғана біз бұл «қара өлімнің» жолын кесе аламыз.
Жастар – қоғамның болашағы, сондықтан, олардың психикалық саулығын сақтау – ұлтты сақтаумен бірдей. Біз мектептердегі психологиялық қызметтің сапасын арттырып, семинарлар мен тренингтер арқылы жастардың стреске төзімділігін дамытуымыз қажет. Қоғамдағы «ішкі жанайқайды» ести білу, жақынымызға мейіріммен қарау және Президент айтқан әділетті қоғамның негізі – адам өмірінің құндылығын бағалау арқылы ғана біз осы бір түпсіз терең шыңыраудан шыға аламыз.
Әрбір құтқарылған тағдыр – елдің амандығы мен болашаққа деген нық қадамы.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
сурет 17gdp.by сайтынан.
![]()

