ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ!
Ағымдағы жылдың 15 наурызында елімізде жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өте маңызды референдум өткелі отыр. Бұл жауапты кезеңде халқымыз бірлесіп, болашақ ұрпақ үшін шешім қабылдайды деп ойлаймын.
Жаңа конституциялық реформа бізге дәл қазіргі уақытта өте қажет деген ойдамын. Жаңа Ата Заң жобасымен толық танысып шықтым. Ол құжат негізінде Ұлы Дала мемлекеттілігінің сабақтастығын, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, елдің унитарлық сипаты, шекарамыздың мызғымастығы мен аумақтық тұтастығын нақты белгілей отырып құрастырылған.
Ондағы ережелер қоғам үшін де, кәсіпкерлік орта үшін де маңызды тұрақтылық пен болжамдылықтың негізін қалыптастырады. Бизнес үшін бұл тең шарттар, меншік құқығын қорғау және мемлекеттік институттарға деген сенімді білдіреді. Заңдылық болмаған жерде тұрақты даму мен инвестициялық белсенділік мүмкін емес.
Конституцияда адами капитал, білім беру, ғылым мен инновацияларды дамыту стратегиялық бағыт ретінде бекітілгеніне көңілім толды. Бұл еңбек нарығы, заманауи жұмыс орындарын құру және зияткерлік меншікті дамытумен тікелей байланысты.
Ата Заңда басқару нысанын президенттік республика ретінде нақтылау және егемендік, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықтың өзгермейтінін бекіту құқықтық айқындықты және мемлекеттік құрылымның ішкі логикасын күшейтеді.
Конституция жобасы жауапкершілік, әділеттілік және елдің болашағына бағдарланған жаңа қоғамдық келісімді айшықтайды.
Ерқанат МҰСЫЛМАНБЕК,
Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының директоры.
![]()

