«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалында депутаттық фракцияның Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған біріккен отырысы өтті.
Іс-шараға облыстық және қалалық мәслихаттардағы «Аманат» партиясының депутаттары, қоғам өкілдері мен сарапшылар қатысты. Қатысушылар ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің елдің демократиялық дамуы мен әділетті мемлекет қағидаттарын нығайтудағы маңызын атап өтті.
Отырыс барысында Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов Конституция жобасында көзделген негізгі жаңашылдықтар туралы жан-жақты ақпарат беріп, олардың мемлекеттік басқару жүйесіне әсері мен өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталғанын түсіндірді.
– Конституцияның жаңа жобасы тек негізгі Заңды жаңарту ғана емес. Бұл неғұрлым әділ, жауапты мемлекет құруға бағытталған саналы қадам. Жаңа Конституция жобасы маслихаттардың мемлекет пен халық арасындағы маңызды буын ретіндегі рөлін күшейте түседі. Бұл аймақтық мәселелерді неғұрлым тиімді шешуге және шешімдер қабылдау кезінде азаматтардың мүдделерін ескеруге жағдай жасайды. Тиісінше, бұл жаңашылдық «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға да оң әсерін тигізеді, –дей келе, ол халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына депутаттар, қоғамдық пікір көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер Кеңесі тартылғанын айтып, оларды жобаны сындарлы талқылауға, мұқият талдауға және әр ұсынысқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Құқыққорғаушы, депутат Гүлайым Есенова өз сөзінде құжаттың құқықтық қырларына ерекше тоқталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерінің күшейтілуін, сондай-ақ, заң үстемдігі қағидатын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Ал, тарихшы, профессор Аманбай Сейітқасымов Қазақстандағы Конституцияның қалыптасуы мен дамуы үдерісіне талдау жасап, конституциялық реформалардың сабақтастығы мен олардың заманауи мемлекетті қалыптастырудағы рөлін айқындады.
Отырысты қорытындылай келе, қатысушылар жаңа Негізгі заңның ережелерін іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдіріп, барша ақмолалықтарды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Ы.ШАМШИЕВА.
![]()

