Дропперлік қылмыстық істің күдіктісіне айналды

КИБЕРҚАУІПСІЗДІК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының алдына интернет-алаяқтықпен күресті күшейту және азаматтардың киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер қойған болатын.

Бұл бағыттағы жұмыстар Ақмола облысында қарқынды жүргізіліп жатқанымен, «оңай олжаға» кенелгісі келетін азаматтардың аңғалдығы алаяқтардың арбауына түсуге себеп болуда. Жуырда Ақкөл қаласында орын алған кезекті оқиға – банктік шотты үшінші тұлғаларға сатудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Оқиғаның мән-жайына үңілсек, осы жылдың қаңтар айында Краснояр ауылының қарт тұрғыны интернет-алаяқтардың құрығына іліккен. Қаскүнемдер психологиялық қысым мен түрлі айла-тәсілдер арқылы зейнеткерді 100 мың теңге көлеміндегі қаражатын белгісіз шотқа аударуға көндіреді. Жәбірленушінің арызы бойынша жедел-іздестіру шараларына кіріскен тәртіп сақшылары қаржының ізімен жүріп отырып, шот иесін анықтады. Ол Ақкөл қаласының 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Жас жігіт Telegram мессенджері арқылы «жеңіл табыс» табу туралы хабарландыру көріп, өз деректемелерін небәрі 12 мың теңгеге сатуға келіскен.

Бұл схема қылмыстық әлемде «дропперлік» деп аталады. Алаяқтар ақшаны ізін жасыру мақсатында бейкүнә азаматтардың шоттарын «транзиттік дәліз» ретінде пайдаланады. Ақкөлдік жас жігіттің шотына түскен зейнеткердің 100 мың теңгесі кейіннен белгісіз біреулердің нұсқауымен басқа шоттарға аударылып кеткен. Қазіргі уақытта бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы 1-бөлігі, яғни, төлем карточкаларын немесе банктік шоттарды басқаруға рұқсатты үшінші тұлғаларға заңсыз беру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ақмола облысының киберполицейлері жыл басынан бері өңірде дропперлікке қатысты 8 қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Көп жағдайда жастар мен студенттер 10-15 мың теңге үшін өз болашағына балта шауып жатқанын сезбейді. Президент тапсырмасына сәйкес, ақпараттық кеңістікті тазарту және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – басты басымдық.

Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады: кез келген банктік деректемелерді бөтен адамға беру – сізді қылмыстың сыбайласына айналдырады. Заң мен тәртіп қағидаты үстемдік құрған қоғамда «білместік» жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан, күмәнді табысқа қызығып, қылмыстық топтардың құралына айналмау – әрбір азаматтың өз қолында.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 ПОЛИЦИЯ ЕСКЕРТЕДІ:
Telegram немесе WhatsApp арқылы келетін «картаңызды жалға беріңіз» деген ұсыныстардан бас тартыңыз.
Банктік деректемелеріңізді (ПИН-код, CVV, логин/пароль) ешкімге айтпаңыз.
Тегін ақша немесе «жеңіл табыс» уәде ететін хабарландыруларға сенбеңіз.
Егер күдікті әрекет байқасаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласыңыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар