Халықаралық «BURABAY ICE-2026» мұзды жүгіру марафоны Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ, жақын және алыс шетелдерден келген туристер мен трейлраннинг жанкүйерлерін біріктірді. Ақмола облыстық туризм басқармасының қолдауымен және «Экстремалды атлетика» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін бұл бірегей жоба оқиғалық туризмді дамытудың озық үлгісі болып табылады.
Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, Бурабайдың тек жазда ғана емес, қыс айларында да белсенді демалыс үшін қолайлы орта екенін әлемге паш ететін бұл жарыс биыл ерекше ауқымда өтпек. Ұлттық табиғи парк аумағындағы көл мұзының үстімен өтетін бұл марафонның әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ деуге болады. Бұл спорттық бәсеке өңірдің табиғи ерекшелігін заманауи спорт форматымен ұштастырып, Ақмола облысының имиджін халықаралық деңгейде ілгерілетуге жол ашты.
Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден 700-ден астам спортшы қатысты. 11 елден, атап айтқанда, Канада, Жапония, Перу, Швейцария, Косово және басқа да мемлекеттерден келген туристер де шығып, қысқы курорттың ерекше атмосферасын сезінді.
Жарыстың бағдарламасы мен форматтары кез келген қатысушының дайындық деңгейіне лайықталып жасалған. Қатысушылар өз мүмкіндіктеріне қарай 7 шақырымдықжүгіружәнескандинавиялық жүру, 14 шақырымдықжәне нағыз төзімділерге арналған 21 шақырымдыққашықтықтарда бақ сынай алады. Көлдің тегіс мұз бетімен өтетін бағыт биіктік айырмасының минималды болуымен ерекшеленеді, бұл өз кезегінде спортшылардың қауіпсіздігі мен жарыстың қолжетімділігін қамтамасыз етті.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында әр қашықтықта Аким Еркебай, Жомарт Құмақбаев және Денис Степаненко жеңімпаз атанса, әйелдер арасында Дана Айдосова, Флорида Минянова және Алена Маймескулова үздік шықты.
– Ақмола облысының туризм басқармасы маусымаралық кезеңде осындай ауқымды іс-шараларды белсенді түрде қолдап, бастамашы болып келеді. Бұл оқиғалық туризмді дамытуға, шетелдік қонақтарды тартуға және өңірдің халықаралық аренадағы оң имиджін нығайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

