ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ!
Өмірлік тәжірибесі бар азамат, ауған соғысының ардагері Конституцияның жаңа жобасына қатысты өз көзқарасымды білдіру менің де азаматтық парызым.
Біздің буын мемлекеттіліктің, тұрақтылық пен бірліктің қадірін терең түсінеді. Конституция – елдің басты заңы, мемлекет пен қоғам дамуының іргетасы. Ұсынылып отырған жаңа жоба, ең алдымен, халық мүддесін қорғауға, әлеуметтік әділдікті нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақтылай түсуге бағытталғанын қолдаймын.
Жаңа жобада мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтарының жауапкершілігін арттыру, азаматтық қоғамның рөлін күшейту мәселелері көрініс тапқан. Бұл – елді басқарудағы ашықтықты арттыруға, халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын бекемдеуге жасалған маңызды қадам.
Әсіресе, әлеуметтік саясатқа қатысты нормалардың күшейтілуі біз үшін аса маңызды. Ардагерлерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын қорғау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып қала береді. Жаңа Конституциялық негіз бұл бағыттағы жұмысты жүйелеуге және жауапкершілікті нақтылауға мүмкіндік береді деп сенемін.
Мұндай тарихи кезеңде әр азамат ел болашағына бей-жай қарамауы тиіс. Сол себепті, бүгінде бізге керегі – бірлік пен сенім. Мемлекеттілікті нығайтып, тұрақтылықты сақтайтын, әділетті қоғам құруға бағытталған бастамаларды қолдау – ортақ міндет.
Мен, ардагерлер қауымының төрағасы ретінде, Конституцияның жаңа жобасын қолдайтынымды жеткіземін. Сондай-ақ, барша жерлестерімді ел болашағы үшін жауапты шешім қабылдауға шақырамын.
Ыбырай ДУАНБАЙ,
Ақмола облысы Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
облыстық мәслихаттың депутаты, отставкадағы полковник.
![]()

