Ел үшін маңызды кезеңнің мән-жайы түсіндірілді

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ!

Көкшетау қаласында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен сайлау науқанының басым бағыттары мен ұйымдастырушылық мәселелерін талқылауға арналған ауқымды республикалық семинар-кеңес өз жұмысын аяқтады. Маңызды жиынды партия төрағасының орынбасары Қуаныш Сейітжанов жүргізіп, қатысушыларды алдағы саяси кезең Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумның ерекшеліктерімен және басты мақсаттарымен таныстырды.

Жалпы, Іс-шараның күн тәртібінде сайлау процесін құқықтық реттеу, заманауи медиастратегияларды қолдану және топтық жұмыстың тиімділігін арттыру сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.

Семинардың алғашқы бөлімінде қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің аға кеңесшісі Әсел Қасымқанова сайлау процесін ұйымдастырудың практикалық қыр-сырына тоқталса, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясы аппаратының жетекшісі Жазира Сұлтанқұлова электоралды кезеңнің заңнамалық аспектілерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сонымен қатар, партияның Орталық аппараты басшысының орынбасары Әйгерім Сәрсенбаева сайлау науқанының медиастратегиясы мен оның құқықтық негіздері туралы баяндама жасап, ақпараттық кеңістіктегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

– Қазір елімізде жаңа Конституцияның жобасы қызу талқыланып жатыр. Біз Ұлы дала, Таза Қазақстан, Әділетті Қазақстан дейміз, соның барлығы жаңғыру негізінде ғана жүзеге асырылады. Екінші бір сөз бір палаталы Парламент туралы. Оны енді бұрынғыдай Парламент, Мәжіліс демейміз, Құрылтай дейміз. Ол да бір жаңашылдық. Тағы бір  назар аударарлық жағдай, әрі ғылым-білім саласында қызмет істегеннен кейін мен үшін өзектісі, жаңа Конституцияда адами капиталға көңіл аударған. Яғни, білім-ғылым, әдебиет, мәдениет сияқты салалар қамтылады. Бұл өте дұрыс. Дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін жаңа технологияларды, инновацияларды енгізу қажет, ал, ол үшін білім керек, – деді Қазақстан Республикасы Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі, партия мүшесі Әбілжан Құсайынов.

Семинардың екінші бөлімінде қатысушылар үшін арнайы психологиялық және практикалық дайындық сабақтары ұйымдастырылды. Бизнес-тренер Гүлнар Базарова басшыларға арналған коучинг форматында командалық жұмыстың тиімділігі мен ішкі коммуникацияны нығайту жолдарын көрсетті. Бұл бағыттағы жұмысты Ақмола облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Николай Политкин жалғастырып, сенімді өкілдермен және байқаушылармен жұмыс істеудің заңдылықтарын түсіндірді.

Жиын соңында «Ауыл» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрайымы Анар Аяпбергенова өңір бойынша үгіт-насихат жоспарын таныстырып, атқарылатын іс-шаралардың нақты тетіктерін айқындап берді.

– Конституцияның жобасын халыққа әртүрлі саяси ұйымдар да таныстырып, талқылап жатыр. Жуырда өткен партиямыздың Саяси кеңесі отырысында Конституцияның жобасы партияның активі тарапынан жан-жақты талқыланып, тиісті шешім шығарылды. Жалпы, негізгі тұжырымдар бойынша біз Конституцияның жаңа жобасын толық қолдаймыз деген шешім қабылдадық. Қазіргі таңда өңірлерде орталықтан қабылданған осы шешімді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әрине, Конституция жобасында бұрынғыға қарағанда 90 пайызға дейін өзгерістер бар. Бұл өзгерістер бұған дейін қабылданған және  көптеген қабылданатын заңдарға тікелей әсер етеді. Мақсатымыз – референдум маңызын жалпақ тілмен түсіндіріп, жеткізу, – дейді «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасарыСейітжанов Қуаныш.

Бұл республикалық семинар-кеңес партия мүшелері мен белсенділерінің біліктілігін арттырып қана қоймай, алдағы саяси додада үйлесімді әрі сауатты жұмыс істеуге негіз қалайды. Қатысушылар сайлау заңнамасы мен саяси технологиялар саласындағы тың ақпараттармен қаруланып, өңірлік деңгейдегі жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар алды. Жиын қорытындысында айтылған ұсыныстар мен қабылданған шешімдер партияның алдағы стратегиялық бағыттарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқармақшы.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар