Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық академия қабырғасында елімізде өткелі отырған референдумға байланысты «Жаңа Конституция: Заң. Мамандық. Жауапкершілік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Референдумның мән-маңызын түсіндіруге арналған бұл алқалы басқосуға академия ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбілмәжін Аюлов, «Байтақ» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Асылбек Баяжұма, «Айқын» газетінің Ақмола облысы бойынша тілшісі, журналист Абзал Алпысбайұлы, ардагер ұстаз Қайрат Бешімов, оқу орнының ұстаздары мен студент жастары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Әбілмәжін Аюлов жаңа Конституция жобасының ел болашағы үшін маңызын атап өтті.
– Құжатта қоғамдық келісім, ұлтаралық және конфессияаралық өзара түсіністік Қазақстанның берік тұғыры ретінде көрсетілген. Көпұлтты, көпконфессиялы еліміз үшін бұл тұрақтылық пен бірліктің кепілі.
Сонымен қатар, білім мен ғылымның рөліне ерекше мән берілген. Білімге қолжетімділік, адами капиталды дамыту, ғылым мен өндірістің ықпалдасуы – болашақ экономикамыздың негізі. Жаңа Конституцияда білім мен инновация ел дамуының стратегиялық басымдығы ретінде айқындалуы – жас ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуына берілген берік кепіл.
Құрметті әріптестер, біз үшін бұл ел болашағына бей-жай қарамайтын жауапты кезең. Сіздерді 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырамын. Әрқайсымыздың дауысымыз мемлекетіміздің ертеңіне қосқан үлес, – деді ол.
Сонымен қатар, қатысушылар тарапы бұл жаңа Ата Заң жобасы «Күшті Президент – ықпалды Парламент, Есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырып, саяси жүйенің тұрақтылығын нығайтуға бағытталғандығына тоқталды. Сондай-ақ, құжатта қоғамдағы әлеуметтік, саяси және экономикалық өзгерістер ескеріліп, ел дамуының жаңа бағдарлары белгіленгені айтылды.
Жиында Асылбек Баяжұма конституциялық реформа қоғам сұранысынан туған үдеріс екенін жеткізе келе:
– Жоба кең ауқымды талқылаудан өтті. Азаматтардан, партиялар мен қоғамдық ұйымдардан мыңдаған ұсыныстар түсті. Бұл еліміздегі демократиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанының айқын көрінісі, – деді. Ал, ардагер ұстаз Қайрат Бешімов Конституцияның тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Заңға құрмет елге құрмет. Әсіресе, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру уақыт талабы. Бүгінгі талқылау соның бір дәлелі, – деді ол өз сөзінде.
Бұл кездесуде студенттер де белсенділік танытты. Олар заң үстемдігі, кәсіби жауапкершілік және азаматтық ұстаным туралы ой бөлісті.
Айталық, осындай жастардың бірі Карина Жұмашова:
– Біз үшін Конституция тек құқықтар жиынтығы емес, болашаққа берілген кепілдік. Референдумға қатысу әрқайсымыздың азаматтық борышымыз, – десе, студент Александра Гомонова:
– Ашық талқылау форматы жастардың пікірін еркін жеткізуіне мүмкіндік берді. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам, – деп атап өтті.
Ашық пікір алмасу форматында өткен басқосу барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының мазмұнын талқылап, құқықтық мемлекет құрудағы әр азаматтың рөлі туралы ой қозғады. Жиын соңында ұйымдастырушылар барша қатысушыларды 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

