Субсидиялар әділ бөлінсе,  мал шаруашылығы біркелкі дамиды

ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРДА

Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтіп, онда өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне қатысты маңызды мәселелер қаралды.

Осы комиссияның мүшесі болып табылатын мәслихат депутаттары қатысқан отырысқа комиссия төрағасы Әбілқайыр Ошақпаев төрағалық етті.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Мал шаруашылығын субсидиялаудың проблемалық мәселелері» болды. Бұл бағыт бойынша баяндама жасаған Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Жүсіпов саладағы қазіргі ахуал мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Ақмола облысы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты түрде арттырып келеді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша саладағы жалпы өнім көлемі 1 триллион 190 миллиард теңгеге жетіп, тарихи межеден асты. Оның ішінде мал өнімдері 340 миллиард теңгені құрады.

Сонымен қатар, ет, сүт және жұмыртқа өндірісінде өсім бар. Дегенмен, салада қаржыландыру тапшылығы мен кредиторлық берешек мәселесі сақталып отыр. 2025 жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 5,7 миллиард теңге бөлінсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 12,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылған.

Қаражаттың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдауға бағытталады. Әсіресе, ет өндірісіне берілетін субсидия көлемі жоғары. Ірі шаруашылықтар мен құс фабрикалары негізгі қолдау алушылар қатарында. Сондай-ақ, 2025 жылдың желтоқсанынан бастап асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін субсидия нормативтері 75 пайызға дейін арттырылыпты.

Бұл шешім фермерлердің мал басын көбейтуіне және тұқым сапасын жақсартуға серпін береді. 2030 жылға дейін өңірде ірі қара санын 565 мың басқа, ұсақ малды 748 мың басқа жеткізу міндеті қойылған. Ет өндірісін 174 мың тоннаға, сүт көлемін 132 мың тоннаға дейін арттыру көзделуде,  деді Ілияс Жүсіпов өз сөзінде. Облыста ірі инвестициялық жобалар қолға алынуда. Мәселен, Ерейментау ауданында ет кластері жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында репродукторлар мен бордақылау алаңы салынып, ондаған жаңа фермерлік шаруашылық құрылмақ. Бұл бастама ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті жайылымдық алқаптарды тиімді пайдалану көзделіп отыр.

Жиында Ілияс Жүсіповтың баяндамасынан соң, депутаттар агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қатысты талқылауларды бастады. Депутаттар өз кезегінде басқарма өкіліне осыған байланысты бірқатар сұрақтар қойып, мәселені оңтайландыруға бағытталған ұсыныстарын жеткізді.

Мәселен, Бекім Әкімов ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау мәселесінде жүз пайыз жетекші орынға шыққан кәсіпорындарға субсидия беруді тоқтатып, өңірдегі  ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзге түрін өндіретін, алайда,  жұмысы ақсап тұрған шаруашылықтарға көңіл бөлу қажеттігін айтты. Жиында сонымен қатар, біз де өз тарапымыздан жыл сайын субсидия алатын ірі шаруашылықтардың әсерінен өңірдегі ұсақ шаруашылықтар мемлекет көмегінен қағылып қалмай ма дейтін сұрақ қойып, қаражат жетіспеушілігіне байланысты қолданылатын шаралар жөнінде сұрап білдік.

Бұл мәселелерге жан-жақты жауап берген басқарма басшысының орынбасары өңірдегі қаржыландыру тапшылығы мен кредиторлық берешек мәселесін шешу басым бағыттардың бірі екенін айта келе, барлық қарыздардың наурыз-сәуір айларында жабылуы көзделгендігін жеткізді. Ал, ірі шаруашылықтармен қатар, ұсақ шаруашылықтардың да субсиядия алуына барынша жағдай жасалып жатқанын айтқан Ілияс Жүнісов алдағы уақытта шаруалар тарапынан келіп түсіп жатқан өтініштер қаралып, кезең-кезеңімен барлық шаруаларға да мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе  агроөнеркәсіптік кешенде шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бексұлтанова еңбек нарығындағы теңгерім мәселесіне тоқталды.

Оның сөзінше, ауыл шаруашылығында маусымдық және білікті кадрларға сұраныс бар. Дегенмен, шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде заң талаптарын сақтау, жергілікті мамандарды жұмыспен қамту басым бағыт болып қала береді. Комиссия мүшелері бұл мәселені жүйелі реттеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, отырыста қаралған үшінші мәселе, ол облыстың ветеринариялық қызметінің жай-күйі және эпизоотиялық жағдай нашарлаған кездегі іс-қимылдар болды. Бұл мәселе бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов баяндама жасады. Әрине, соңғы жылдардағы облыстағы мал басының көбеюі ветеринариялық қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етеді. Сондай-ақ, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, материалдық-техникалық базаны жаңарту, аудандық ветеринариялық станциялардың тиімділігін арттыру бүгінгі күннің өзекті міндеттері екені сөзсіз. Комиссия мүшелері ветеринариялық қызметті оңтайландыру барысында сапа мен қолжетімділік басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті.

Комиссия отырысында көтерілген мәселелер өңірдің аграрлық саласының болашағымен тікелей байланысты. Бұл ретте, мал шаруашылығын тиімді субсидиялау, еңбек ресурстарын оңтайлы пайдалану және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бір-бірімен сабақтас бағыттар екені белгілі.

Алдағы жылдары Ақмола облысы мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді іске асыру, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және фермерлердің белсенділігін арттыру арқылы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.

Өңір экономикасының тұрақты дамуы  ауыл еңбеккерлері маңдай терінің нәтижесіне тікелей байланысты. Сондықтан, аграрлық сектордағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасын тапса игі.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар