Әлжановтану ілімі жалғасуы тиіс

ТҰЛҒА

Шәрапи Әлжанов – ұлт тарихында қалған тұңғыштардың бірі. Ғылымның педагогика саласын тұңғыш кәсіби негіздеген оның еңбегі қазақ тарихында еш талас туғызбайды. Өйткені, қазақ ғылымының қайнар бастауы болған өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Шәрапи Есмұхаммедұлы осы саланың қалыптасуына өлшеусіз зор еңбек сіңірді. Небары отыз жеті жыл ғұмыр кешкен оның педагогика ғылымына қосқан үлесі мән-мағынасы жағынан әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

Қазір айтылып жүрген мәселелерді ол бұдан бір ғасыр бұрын айтып, проблема ретінде көтергенін архив сөресіндегі шаң басқан тарихи құжаттар айғақтайды. Ол – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихында педагогика кафедрасының тұңғыш меңгерушісі және педагогика факультетінің тұңғыш деканы. Бұл деректің архив қорынан әлі шықпай жатқанын ескерсек, Әлжановтану ғылымының жан-жақты зерттелмей жатқанын жасыра алмаймыз.

Қазақ педагогика ғылымы көрнекті өкілінің туғанына 125 жыл толуына орай, Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазҰПУ базасында өткен «Профессор Шәрапи Әлжанов және ҚазҰПУ» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңызын жоғары бағалауға болады. Себебі, жазықсыз жалалы болған боздақтардың есімін елдің есінде қалдырып, ұрпаққа ұлықтау үшін «Шәрапидің ізімен» жобасының авторы Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған топ ауқымды қызмет атқарып жүр. Әуелі Алматы облысының Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының мүрдесі көмілген жерде Шәрапи Әлжановтың рухына мемориалдық құлпытас-тақта орнатылды. Оның ашылуына ҚазҰПУ өкілдері, архив саласының мамандары, әр өңірден келген ғалымдар мен зерттеушілер және ұрпақтары қатысты. Ғалымның рухына құран бағышталды.

Ал, университет базасында өткен конференцияға қатысушылар оның мұрасын зерттеушілер, ғалымдар мен ізденушілер жасаған баяндамаларды тыңдады. Қазақ педагогика ғылымының көрнекті өкілі, бүгінгі Абай университетінің қалыптасу тарихында елеулі орны бар тұлға, саяси қуғын-сүргін құрбаны, профессор Шәрапи Әлжановтың ағартушылық мұрасы мен ұлттық педагогика ғылымының қалыптасуындағы рөлін жан-жақты талқылап, терең зерттеуге лайық.

Жиынды ашқан университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау конференцияның ұлттық ғылымның дамуы мен жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне жаңа серпін беретін маңызды қадам екенін атап көрсетті. Ұлттық педагогика саласының көрнекті өкілінің ғылыми-педагогикалық мұрасын, қазақ білім беру жүйесінің қалыптасуындағы орны мен ұлттық мектептің дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатында ҚазҰПУ тарапынан жүзеге асуы тиіс жоба-ұсыныстар да айтылды.

Ақмола облысы Біржан сал ауданының құрметті азаматы, «Шәрапидің ізімен» жобасының авторы Мұрат Ыдырысұлы ғалымның туған жеріне байланысты деректер мен оның есімін есте қалдыруға байланысты туған жерінде атқарылған істерге тоқталды.

Педагогика ғылымдарының докторы Рымшаш Кәмешқызы, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева мен республика Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева архивтегі Ш.Әлжановқа қатысты қорларды жан-жақты зерттеп, насихаттау, ұлттық мұраны сақтау мен зерттеудің маңызы жөнінде сөйледі.

Ал, PhD докторант Ертай Біләл қайраткер Әлжанов пен оның ағартушылық қызметі жөнінде мазмұндылықпен сараласа, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәулет Әбенов Алаш перзентінің өмірі мен қызметіне қатысты тың деректерге тоқталды. Өзге де баяндамашылар ғалымның ғылыми мұрасын жан-жақты саралап, оның ұлттық педагогика ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін, ағартушылық бағыттағы табанды қызметін және қоғамдағы азаматтық ұстанымын кеңінен сөз етті.

Әрине, Әлжановтану тақырыбы әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Тек оның өзі емес, онымен бірге жұмыс істеп, ұлттық ғылымды өрістетуге бірге жұмылған қайраткерлердің еңбектері де ұлықтауға тұрарлық. Солардың қатарында тұңғыш физик-ғалым Ғаділше Аяпбергенов, тұңғыш математик Сәдуақас Боқаев, тіл білімінің негізін салушы Құдайберген Жұбанов, басқа да тұңғыштардың есімін ел білуге тиіс. Қ.Жұбановтың немересі Ардақ Есетқызы Жұбанова және Ғ.Аяпбергеновтың зерттеушісі ретіндегі осы жолдар авторының пікірлері осы бағытта өрбіді. Ол үшін ортақ мақсатқа жұмылдыратын қоғамдық негіздегі ұйым құрылса нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, оның бәрі келешектің үлесіндегі жұмыс. Тек бастама жалғасын тапса игі.

Назарбек ҚОСШИЕВ,
Атырау облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси
газетінің бас редакторы, жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар