Бірлескен жобаның құны – 1,5 миллиард АҚШ доллары

МЕМОРАНДУМ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Aqmola Invest кеңсесіндеинвестициялық тартымдылық мәселелері бойынша өткен кеңесте үшжақты меморандумға қол қойылды.

Аршалы аудандық әкімдігі, «Akmola Industry» және «VTK Global investments and trading» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің арасында жасалған бұл ынтымақтастық меморандумы цифрлық инфрақұрылым және жаңартылатын энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобаны іске асыруды көздейді. Құжат тараптардың «Ақмола» ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру ниетімен қабылданып отыр.

Жоба Аршалы ауданында индустриялық аймақта іске асырылады және деректерді өңдеу орталықтарының (ДӨО) көпкезеңді кампусын құруды мақсат етеді. Осыған жұмсалатын инвестициялардың жалпы көлемі 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында шамамен 150 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Жоба инфрақұрылымы 8 гектар аумақта серверлік залдары, электр қосалқы станциялары, салқындату жүйелері, қауіпсіздік аймақтары және логистикалық инфрақұрылымы бар ДӨО кампусын орналастыруды, сондай-ақ, индустриялық аймақ пен Бабатай станциясының маңында 300 гектар жерде күн электр қондырғыларын қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуды қарастырады.

– Қазақстан әлемге жоғары инвестициялық әлеуеті бар мемлекет ретінде жаңа қырынан танылды. Бүгінде инвестор біз үшін стратегиялық серіктес. Бірлескен жобаларды жүзеге асыра отырып, олардың бизнес үшін де, өңір тұрғындары үшін де өзара тиімді болуын мақсат етеміз. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы инвестициялық тартымды бірқатар бағыттарды атап өтті. Олардың қатарында агроөңдеу және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар бар, – деп атап өтті өз сөзінде облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Өз кезегінде «VTK Global investments and trading» ЖШС директоры Караманли Тайлан цифрлық инфрақұрылым мен жасыл энергетика саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін Ақмола облысының инвестициялық әлеуеті жоғары екенін атап көрсетті.

***

Тағы бір осындай меморандум жуырда Ақкөл аудандық әкімдігі мен «Akkol Resort» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалды.

Осы ынтымақтастық меморандумы арқылы аталмыш серіктестік аудан орталығы Ақкөл қаласында заманауи демалыс аймағын құру жобасын іске асыру ниетін білдіріп отыр.

Компания салатын туристік кешен құрамына қонақүй, коттедж қалашығы, балалар лагері, монша кешені, этноауыл, ойын-сауық аймақтары және басқа да нысандар кіреді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар