Адам құқықтарына бағдарланған мемлекет құндылығы

Бүгінгі таңда еліміз тарихи белестің табалдырығында тұр. Конституциялық комиссия тарапынан дайындалған жаңа Конституция жобасы – бұл тек құқықтық құжат емес, қаншама азаматтардың, сарапшылар мен азаматтық қоғам институттарының ашық талқылауынан өткен, халықтың мүддесі мен мемлекеттің мұраты тоғысқан ақыл-ой жемісі. Жарты жылдан астам уақыт бойы жүргізілген осынау ауқымды жұмыс еліміздің қазіргі саяси-құқықтық даму кезеңін айқын айшықтап берді.

Әділетті Қазақстанның негізгі конституциялық құндылықтарының өзегінде адам, оның өмірі мен бостандығы тұрғаны – жаңа дәуірдің басты талабы. Елдің Негізгі Заңы болып табылатын бұл құжаттың архитектурасы мен мазмұны түбегейлі жаңаша пайымдалып, қоғам сұранысы мен мемлекеттің стратегиялық міндеттерін толықтай қамтып отыр. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, ұсынылған бұл жаңашылдықтар іс жүзінде бүкіл мемлекеттік жүйені трансформациялап, жаңғыртуға бастайды.

Преамбуладан бастап 11 бөлім мен 95 бапты қамтитын жобаның әрбір жолынан елдік мүдде лебі еседі. Жаңартылған Преамбула енді тек кіріспе емес, өткен мен болашақты жалғайтын жүйе құрушы мәнге ие болды. Мұнда алғаш рет «Қазақстанның біртұтас халқы» деген ұғым бекітіліп, байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайтудың маңызы айқындалды. «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидалары нығайтылып, Конституцияның ресми түрде «Ата Заң» деп аталуы – ұлттық танымымыздың заң деңгейіндегі көрінісі.

Конституциялық құрылыс негіздерінде Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені, ал, басқару үлгісінің президенттік республика болып қала беретіні нық шегенделді. Егемендік, тәуелсіздік және аумақтық тұтастық секілді өзгермейтін құндылықтармен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыру, отаншылдық, экологиялық мәдениет пен тарихи-мәдени мұраны сақтау секілді стратегиялық қағидаттар алғаш рет Ата Заң деңгейінде бекітілді. Ендігі кезекте Қазақстан халқы тек мемлекеттік биліктің ғана емес, егемендіктің де бірден-бір иесі ретінде танылып, «республикалық референдум» ұғымының «жалпыхалықтық референдум» деп өзгеруі – халық билігінің шынайы салтанаты.

Адам құқықтарын қорғау тетіктері жаңа жобаның ең жарқын тұсы деуге болады. Өмір сүру құқығы абсолютті құндылыққа айналып, адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті қол сұғылмайтын дүние ретінде бекітілді. Цифрлық дәуірдегі дербес деректерді қорғау, «Миранда» қағидасы мен кінәсіздік презумпциясының конституциялық деңгейге көтерілуі – құқықтық мемлекет құру жолындағы ірі қадам. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарға баса мән беріліп, некенің ер мен әйелдің ерікті одағы екені нақтыланды.

Пассивті сайлау құқығында сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік төзімділік» принципінің енгізілуі де қоғамдағы әділдік орнатудың кепілі іспеттес. Сонымен қатар, саяси жүйенің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша Президенттің рөлі мен жауапкершілігі, Вице-Президент институтының енгізілуі мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді.

Жаңадан құрылатын «Құрылтай» деп аталатын бірпалаталы Парламент моделі саяси плюрализмге жол ашып, заң шығару ісін кәсіби әрі жедел деңгейге көтермек. 145 депутаттан тұратын бұл орган елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің негізгі драйвері болмақ. Ал, жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы халық үнінің тікелей мемлекеттік шешімдерге ықпал етуіне мүмкіндік береді.

Конституциялық Соттың дербес орган ретінде қайта жаңғыруы, сот төрелігі мен прокуратура жүйесіндегі реформалар заң үстемдігін қамтамасыз етудің тегеурінді тетігіне айналады. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Ата Заңға кез-келген өзгеріс тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізілетіні туралы норманың бекітілуі мемлекеттің тағдырын халықтың өз қолына тапсырудың биік үлгісі.

Осылайша, жаңа Конституция қоғам мен мемлекеттің эволюциялық дамуының сапалы жаңа кезеңін бастап, Әділетті Қазақстанның іргесін бекіте түсетін тарихи құжатқа айналмақшы.

Еркін Қабышев,
Ақмола облыстық әділет департаменті
басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар