Бүгінгі таңда еліміз тарихи бетбұрыс кезеңінде тұр. Мемлекет басшысы ұсынған Конституциялық реформа – бұл жай ғана заңнамалық түзетулер жиынтығы немесе құрғақ мәтін емес, бұл – мемлекетті басқарудың түбегейлі жаңа моделіне көшудің стратегиялық жоспары. Қолданыстағы Ата Заңның 80 пайызын қамтитын бұл өзгерістер қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттік институттардың жұмысын заман талабына сай жаңғыртуды көздейді.
Бұл реформаның ең басты жаңалығы ретінде мемлекеттік биліктің құрылымдық трансформациясын айтуға болады. Қос палаталы жүйеден бір палаталы, ұтқыр Құрылтай форматына көшу – бюрократиялық кедергілерді жоюға және заң шығару процесін ашық әрі жедел етуге бағытталған қадам. 145 депутаттан тұратын жаңа орган қоғамның үнін тікелей еститін, халықтың мүддесін нақты заңдармен қорғайтын пәрменді күшке айналмақ. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент» формуласының іс жүзіндегі көрінісі. Осы арқылы біз Үкіметтің есептілігін күшейтіп, Парламенттің бақылау функциясын арттыратын, құқық теориясына негізделген теңгерімді басқару нысанына бет алдық.
Идеологиялық тұрғыдан алғанда, Ата Заңымыздың Преамбуласына алғаш рет «Ұлы дала», «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» принциптерінің енуі – ұлттық рухымыз бен болашақ бағдарымыздың айқын белгісі. Бұл ұғымдар біздің мемлекеттік құрылымымыздың идеологиялық темірқазығына айналып, әділдік пен заңдылық үстемдік құратын қоғам орнатуға негіз болады. Әсіресе, адам құқықтарын қорғау мәселесіндегі бетбұрыстар айтарлықтай. Өлім жазасына толық тыйым салынуы – адамның өмір сүру құқығының абсолютті екенін және мемлекеттің гуманистік құндылықтарды бәрінен биік қоятынын дәлелдейді. Сонымен қатар, Омбудсмен мәртебесінің артуы мен азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігін алуы – әрбір қазақстандықтың өз құқығын қорғау тетіктерін кеңейтеді.
Қоғамның тағы бір маңызды талабы – мемлекеттің зайырлылық сипатын нығайту болатын. Жаңа реформа аясында мемлекет пен діннің аражігі нақтыланып, діни ұйымдардың билік ісіне араласпау принципі бекітілді. Бұл – қоғамдағы конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың маңызды кепілі.
Тұтастай алғанда, бұл реформалар – халықтың талап-тілегінен туған, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы батыл қадамдар. Мемлекеттің жаңа моделі әрбір азаматтың игілігіне қызмет етіп, еліміздің демократиялық даму жолындағы жаңа белесі болмақ.
Саят СЫЗДЫҚОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты,
әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы,
«Ақжол» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы.
![]()

