8 наурыз қарсаңында күнделікті еңбегімен мемлекеттік қызметтің дамуына маңызды үлес қосып жүрген қыз-келіншектер мен әйелдер туралы айтқым келеді.
Осындай кәсіби қызметкерлердің бірі – Ақмола облыстық әділет департаментінің бас маманы Тоты Қапарқызы Берлібекова.
Ол Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажал ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қаласының №127 орта мектебінде қазақ тілі мұғалімі болып бастаған.
2001 жылдан бастап Тоты Қапарқызы әділет органдарында жұмыс істейді. Содан бері АХАЖ, нотариат және құқықтық көмек көрсету бөлімінде қызмет атқарса, 2024 жылдан бастап облыстық әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және заң қызметтерін көрсету бөлімінің бас маманы болып келеді. Өзінің қызметтік міндеттері шеңберінде осы мәселелердің аясына кіретін іс-шараларды ұйымдастырады.
Әріптестері оның ашықтығын, кәсібилігі мен ізгі ниетін әрдайым жоғары бағалайды. Тоты Қапарқызы бірнеше рет өз жұмысында қол жеткен жоғары көрсеткіштері үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрінің, облыс әкімінің, Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының, мемлекеттік органдардың грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медаліне ие болды.
Ол белсенді кәсіби қызметін үй шаруасымен шебер үйлестіреді, үйдегі отаналық міндеттері мен төрт баланы тәрбиелеуге әрдайым уақыт табады. Тоты Қапарқызының жеке өмірі ізгі ұмтылыстар мен ақыл-парасатының үйлесімділігінен тұрады. Ол өзінің жұбайымен әділет департаментінің қабырғасында кездесіп, отбасын құрған. Қазіргі таңда өмірлік серігі Ақмола облысы төтенше жағдайлар саласының отставкадағы азаматтық қорғаныс полковнигі. Тотыны осы ер азаматының жетістіктері мен қолдауы қанаттандырумен келеді десек, артық емес.
Біздің кейіпкеріміз бос уақыты мен демалыстарында бау-бақша өсірумен де айналысады, сонымен қатар, аспаздықты жақсы көреді. Соның арқасында отбасын, дос-жарандарын дәмді тағамдарымен қуантып отыратын кездері де аз емес. Тоты Қапарқызының кәсіби маман ретінде өз ісіне адалдығы, жүктелген міндеттерін жоғары жауапкершілікпен, тындырымдылығымен үйлестіре білуі, сөйтіп, әріптестерінің сенімі мен құрметіне бөленуі мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастырудың үлгісі дер едік.
Осы көктем мерекесінде ұжымдағы департамент алдында тұрған іргелі міндеттердің ойдағыдай шешілуіне лайықты үлестерін қосып келе жатқан барлық қыз-келіншектер мен әйелдерді төл мейрамдарымен шын жүректен құттықтағым келеді! Әрдайым өмірлеріңіз сәттілік пен бақытты сәттерге толы болсын. Әрине, мұндайда жүйрік көңіліміз арамызда Тоты Қапарқызындай өнегелі қызметкерлердің көп болғанын қалайтыны да ақиқат.
Еркін ҚАБЫШЕВ,
Ақмола облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары,
Әдеп жөніндегі уәкіл.
![]()

