«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» өңірлік коалициясының мүшесі Марат Ибраевтың қатысуымен өткен Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжі ұжымы және студенттерімен кездесу 15 наурызда өтетін республикалық референдум аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары шеңберінде ұйымдастырылды.
Кездесуде Марат Өмірбайұлы Конституцияның жаңа жобасының негізгі ережелерін жан-жақты таныстырып, оның әлеуметтік бағытына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін кеңейтуге, әділеттілік қағидаттарын нығайтуға және мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталғанына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер саяси жүйені одан әрі демократияландыруға және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін күшейтуге негізделген.
Іс-шара барысында жастардың белсенді азаматтық ұстанымының маңыздылығына ерекше назар аударылды. Студенттер болашақ мамандар ретінде мемлекет өміріндегі маңызды өзгерістерге бейжай қарамай, тағдыршешті шешімдерге атсалысуы тиіс екені айтылды.
– Референдумға қатысу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Студент жастар үшін бұл тек өз құқын пайдалану ғана емес, сонымен бірге, жауапкершілік пен асқақ рухтың, патриоттылықтың көрінісі. Ел болашағы біздің белсенділігіміз бен жанашырлығымызға байланысты, – деп атап өтті Марат Ибраев.
Қатысушылар конституциялық өзгерістердің іс жүзінде жүзеге асырылуы, олардың әлеуметтік салаға ықпалы және ел дамуының келешегі жөнінде сұрақтар қойды. Іс-шара соңында алдағы референдум әр азаматтың пікірі маңызды саналатын әділетті әрі прогрессивті Қазақстанды құру жолындағы жауапты кезең екені атап өтілді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

