Жаңа Конституция – жаңғыру жолы!
Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы – мемлекетіміздің демократиялық негіздерін нығайтуға, биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға және еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруға бағытталған тарихи маңызы бар қадам.
Бұл құжат тек саяси реформалардың жиынтығы емес, ол әрбір азаматтың лайықты өмір сүру сапасын айқындайтын басты бағдар. Әсіресе, экологиялық қоғамдастық өкілдері үшін жаңарған Ата Заңымызда қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және еліміздің бірегей табиғи мұрасын келешек ұрпақ үшін көздің қарашығындай сақтау мәселелеріне басымдық берілуі ерекше маңызға ие. Бүгінде экологиялық қауіпсіздік мәселесі халықтың денсаулығымен, өмір сүру ұзақтығымен және аймақтардың тұрақты дамуымен тікелей астасып жатыр.
Ұлан-ғайыр даласы, бірегей табиғи ресурстары мен бай биоалуантүрлілігі бар Қазақстан үшін бұл байлықты сақтап қалу – мемлекеттік деңгейдегі биік жауапкершілік. Конституцияда әділдік, ашықтық принциптерінің бекуі және қоғамның рөлін күшейту экологиялық мәселелерді шешуде азаматтардың белсенді қатысуына, қоғамдық бақылау тетіктерінің тиімді жұмыс істеуіне даңғыл жол ашады. Жаңа жоба бүгінгі заманның жаһандық сын-қатерлеріне дер кезінде берілген жауап іспеттес. Ол қоғамның әділдік пен заңдылыққа деген сұранысын толық өтей отырып, экономикалық өсім мен табиғатты қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға үндейді.
Біз Ата Заңның жаңаруы құқықтық мемлекетті нығайтудың ғана емес, сонымен бірге, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың да маңызды негізі болатынына кәміл сенеміз. Табиғатқа деген ұқыпты көзқарас пен қоршаған орта алдындағы жауапкершілік әрбір қазақстандықтың өмірлік қағидасына айналуы тиіс. Осы ретте, «Эко-Көкше» экологиялық орталығы қоғамдық бірлестігі атынан Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын толықтай қолдайтынымызды білдіреміз.
Бұл маңызды қадам еліміздің тұрақты, әділетті және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз даму жолындағы жаңа белес болмақ.
Әбілжан ҚҰСАЙЫНОВ,
«Эко-Көкше» экологиялық орталығы қоғамдық бірлестігінің өкілі.
![]()

