Бүкіл еліміз болып талқылап жатқан жаңа Конституция жобасы жай ғана заңдар жиынтығы емес, көп ұлтты мемлекетіміз үшін еліміздің ертеңгі бағдарын айқындайтын, қоғамның ең өзекті сұраныстарына тікелей жауап беретін стратегиялық бетбұрыс.
Біз бүгін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының іс жүзіндегі өміршеңдігіне куә болып отырмыз. Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктері күшейтіліп, әділдік пен заң үстемдігінің берік іргетасы қаланған. Бұл – ашық, жауапты және әр азаматтың мүддесін жоғары қоятын заманауи мемлекет құру жолындағы батыл қадам.
Партиялық жұмысымыздың өзегі халықпен тікелей байланыс болғандықтан, біз қоғамдағы өзгерістерге деген зор ықыласты сезініп отырмыз. Конституциялық реформа билік тармақтарының теңгерімін күшейту арқылы саяси жүйенің тұрақтылығын арттыруды көздейді. Сонымен қатар, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту де демократиялық құндылықтарды тереңдетудің айқын көрінісі. «AMANAT» партиясының өкілі ретінде мен бұл өзгерістердің әлеуметтік әділдікті нығайтуға, қоғамдағы сенімді қалпына келтіруге және әрбір қазақстандықтың бойында болашаққа деген нық сенімді ұялатуға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді. Заң алдында бәріміздің тең, бірдей жауапкершілікте болуымыз бұл біздің мықты мемлекетке айналуымыздың басты кепілі.
Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға жасалған тарихи қадам және ұлттық жаңғырудың бастауы. Бұл құжат әрбір ауылдың, әрбір ауданның, соның ішінде біздің Сандықтау өңірінің де қарқынды дамуына құқықтық негіз болады. Біздің басты мақсатымыз – алауыздыққа жол бермей, бірлік пен ынтымақты ту етіп, ортақ болашағымызды бірге қалыптастыру. Сондықтан, мен барша жерлестерімді, аудан тұрғындарын және әрбір отансүйгіш азаматты еліміздің егемендігін нығайтатын осынау маңызды бастаманы қолдауға шақырамын. Өз басым да еліміздің саяси келбетін түбегейлі жаңғыртатын Жаңа Конституция жобасын толықтай қолдайтынымды білдіремін.
Біздің бүгінгі таңдауымыз – келер ұрпақтың бақытты өмірі мен қуатты мемлекеттің кепілі. Ел ертеңі үшін жасалған әрбір қадамымыз берекелі, әрбір бастамамыз табысты болсын!
Майя АРКЕНОВА,
«AMANAT» партиясының Сандықтау филиалының атқарушы хатшысы.
![]()

