Көкшетауда 125 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді

ƏЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетауда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырып, оларды баспаналы болуларымен құттықтады.

Бұл күн көп жылдан бері баспана кезегінде тұрған отбасылар үшін ерекше әрі қуанышты сәт болды. Үй кезегінде тұрған 125 отбасы төрт жаңа көп қабатты тұрғын үйден баспаналы болды. Салтанатты шарада аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үйге қол жеткізген әр отбасының қуанышына ортақтасып сөз сөйледі.

– Бүгін көптеген отбасы үшін тарихи күн. Баспаналы болу жаңа өмірдің бастауы, жаңа мақсаттар мен мүмкіндіктердің кілті. Жыл басынан бері Сандықтау, Бурабай, Бұланды, Зеренді аудандарында және Қосшы қаласында осындай санаттағы азаматтар жаңа баспанамен қамтылды, – деді облыс әкімі салтанатты шарада сөйлеген сөзінде.

Жаңа пәтерлер көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға және мемлекет қолдауына мұқтаж өзге де санаттағы тұрғындарға берілді.

Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі – жеті бала тәрбиелеп отырған, «Алтын алқа» иегері Гүлмира Рақышева. Оның отбасы тұрғын үй кезегінде 10 жыл тұрған.

– Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Өз үйіміздің болғаны ертеңгі күнге деген сенім мен балаларымыздың болашағына жаңа мүмкіндік, – дейді ол. Сонымен қатар, біз шара барысында басапаналы болған Сәния Құдайбергеновамен де тілдестік. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде бөлім маманы. Жастайынан жетім қалып, әпкесінің қолында өсіпті. Бүгін міне, Сәния үшін де қуанышты күн. Ол өзі армандаған баспананың кілтін алып тұрып, мемлекет саясатын тыңғылықты жүрігізіп отырған облыс әкіміне, осы баспанаға жетуіне септігі тиген барша мекеме мамандарына алғысын жеткізді.

Айта кету керек, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы тұрғын үй құрылысының қарқыны жағынан елдің солтүстік және орталық өңірлері арасында алдыңғы қатардан көрінді. Өңірде шамамен 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 6 658 отбасы баспанамен қамтылды. Оның ішінде 1 087 отбасы әлеуметтік осал санатқа жатады. Ал, Көкшетау қаласының өзінде 361 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізген.

Биыл да өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдемек емес. Жоспар бойынша тағы да 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Осылайша, өңірде жаңа үйлердің бой көтеруі жүздеген отбасының баспаналы болуына мүмкіндік беріп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жол ашуда.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар