Барша қазақ даласына шуақ нұрын шашып, Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамы келе жатыр. Ол халқымызда ежелден 14 наурыз – Көрісу күнімен басталып отырған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылдағы Қазақстан халқын құттықтауында «Бұл – нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы» деген болатын.
Көрісу – қазақ халқының бағзы заманнан сақталған ізгі дәстүрі. Қазір кей жерлерде бұл күнді «Амал» деп те атайды. Көрісу – бертінге дейін Батыс Қазақстан аймағында ғана өзінің бірегей қалпын сақтап, Наурыз мейрамының ажырамас бір бөлігі ретінде халық арасында кеңінен тойланып келді. Қазір ол еліміздің басқа аймақтарында да қолдау тауып, Ұлыстың Ұлы күнінің бір алғы шарты ретінде өз жалғасы мен сабақтастығын таба бастады.
Адамдардың бір-біріне деген құрметін, сүйіспеншілігі мен ынтымағын арттыратын бұл мерекеде әрбір отбасы ұлттық тағам пісіріп, дастарқан жаяды. Бұл күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін Наурыз көжеге шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Жастар жағы үлкендерге арнайы барып сәлем беріп, мерекемен құттықтайды. Мұндайда ежелден үлкендер ақ батасын берген.
Бұл күні қыстан аман шыққан жұрт төс қағысып көріскен. «Жыл басы – Наурыз мерекесі құт-береке әкелсін!», «Жаңа жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!», «Еліміз тыныш болсын» деп ақ тілегін жеткізген. Көпшілік қар еріп, жер жүзі жаңарып, жаңа келбетке ене бастағанда, туған-туысын, жақындарын іздеп, сағына көрісетіні, соған орай, Көрісу салты өмірдің өзінен алынған игі жоралғы. Хакім Абайдың өзі «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, мауқын басып» деп жырлаған.
Әз-Наурыздың бастау көзі болып табылатын бұл мереке кезінде ұмытылғанмен, шындығында, ұмыттырғанымен, кейінгі жылдары қайта жаңғырып, жандануы көңілге тек қуаныш ұялатады.
Шын мәнінде ежелден 14 наурызда Жаңа жыл кірді деп есептелсе, 22 наурызда күн мен түн теңеліп, бір емес, екі мереке беттескен. Халқымыз бұл екеуінің жігін ажыратпай 8-9 күн бойы, тіпті, ежелгі кездері ай бойы атап өткен. Олай болса, Көрісу дәстүрі баршамызға жұғысты болсын! Осы бір ізгілік, татулық нышаны әр жыл сайын алдымыздан шығып, халқымызды жақсылық жолы мен береке-бірлікке бастай берсін деген тілегіміз бар!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

