Ата Заң – Экономика іргетасы
Кез-келген мемлекеттің экономикалық дамуы тек қаржылық капиталдан немесе табиғи ресурстардың молдығынан бастау алмайды. Оның негізінде ең алдымен, сенім жатыр. Азаматтардың мемлекетке деген, инвесторлардың қалыптасқан «ойын ережелеріне» деген сенімі және бизнестің ертеңгі күнге, заңның әділдігіне деген нық сенімі – дамудың басты қозғаушы күші. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің Ата заңы тек құқықтық құжат қана емес, ол бүкіл экономикалық жүйенің іргетасы болып табылады.
Қазақстанның жаңарған Конституциясы мемлекетіміздің институционалдық дамуының жаңа әрі маңызды бағытын айқындап берді. Ол заңның рөлін нығайтып, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттырды, сонымен қатар мемлекет, қоғам және бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты моделін қалыптастырды. Бұл экономика үшін шешуші маңызға ие, өйткені кәсіпкерлік саласы қашанда нақтылықты қалайды.
Кәсіпкерлер стратегиялық шешімдерді бір күнге емес, ондаған жылдарға алдын ала жоспарлайды. Өндіріске, инфрақұрылымға немесе жаңа технологияларға салынған инвестиция – бұл әрқашан ұзақ мерзімді тәуекел мен үміт. Құқықтық айқындық деңгейі неғұрлым жоғары болса, бизнестің де инвестиция салуға, өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға деген құлшынысы соғұрлым арта түседі. Сондықтан жаңа Конституция заманауи экономикаға ауадай қажетті негізді – болжамды ережелерді, институционалдық тұрақтылықты және заң үстемдігін қамтамасыз етіп отыр.
Экономикалық өсімнің негізгі факторларының бірі – меншік құқығын қорғау. Бұл кез келген бизнес үшін ұзақ мерзімді дамудың кепілі болып табылатын базалық құндылық. Кәсіпкер өз инвестициясы мен еңбегінің нәтижесі мемлекет тарапынан сенімді қорғалатынына сенімді болғанда ғана ол жаңа технологияларды игеруге, кадрларды даярлауға және өндірістік қуатты арттыруға қорықпай қаржы жұмсайды.
Алайда, экономика – бұл тек құрғақ цифрлар мен қаржылық есептер ғана емес. Бұл, ең алдымен – адамдардың тағдыры. Мен жұмыс беруші ретінде бизнестің қабылдаған әрбір шешімі қызметкерлердің өміріне қалай әсер ететінін күнделікті көріп жүрмін. Әрбір кәсіпорынның артында мыңдаған адам, олардың отбасылары мен болашаққа құрған жоспарлары тұр. Экономика тұрақты құқықтық жүйе аясында дамыған кезде ғана компаниялар өсіп, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ете алады, табыс деңгейін көтеріп, кәсіби өсу үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Бүгінгі заманның экономикасы мықты институттарды, ашық ережелер мен әділ бәсекелестікті талап етеді. Дәл осы шарттар кәсіпкерлік бастаманың ел игілігіне айналуына, ал инвестицияның нақты даму құралына айналуына жол ашады. Біздің ортақ мақсатымыз – заңға негізделген осы тұрақтылықты сақтай отырып, қуатты әрі әділетті Қазақстанның экономикалық болашағын бірге құру.
Умар ШОНАЗАРОВ,
«GARANTI – EXPORT» ЖШС директоры,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты,
«Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы» ҚБ төрағасы.
![]()

