Адам мен табиғат бірлігінің мерекесі

Қазір әлемде Наурыз мерекесін әртүрлі елдерде тұратын үш жүз миллионнан астам адам атап өтеді. Навруз, Наурыз, Ноуруз! Бұл мерекенің атаулары әртүрлі болғанымен, мәні бірнеше мыңжылдықтар бойы өзгерген жоқ. Ол – табиғат пен адамның бірлігі.

Наурыз – өсімдіктер әлемінің жаңаруын білдіретін алғашқы күн. Ол көктемгі күн мен түннің теңелуі күні тойланады және адамзат өркениетінің мәдениетінде ерекше орын алады. Бұл мерекені түсіндіру мен оны мифологиялық тұрғыдан бейнелеу әлем халықтарының ежелгі, ортағасырлық және жаңа дәуір тарихында өз ізін қалдырды.

Ешқандай асыра айтусыз, адамзат өркениетінің мәдениеті Күн жүйесінің осындай құбылыстарын – көктемгі және күзгі күн мен түннің теңелуі, жазғы және қысқы күн тоқырауы күндерін – ашу, құрметтеу және мерекелеуден басталады деуге болады. Бұл тарих кем дегенде жеті мың жылға созылады. Мысалы, Византия дәстүрінде жыл санау Иса Мәсіхтің туған жылынан басталған кезде, «дүниенің жаратылуынан бері» деп есептелген 7208-жыл жүріп жатқан еді.

Бұдан төрт-бес мың жыл бұрын адамдар мегалиттік құрылыстар – бірнеше тонна салмақ тартатын үлкен тастардан тұрғызылған ғимараттар салған. Олар Күннің тоқырауы немесе күн мен түннің теңелуі сияқты астрономиялық құбылыстардың уақытын анықтау үшін пайдаланылған. Осындай нысандардың бірі Судандағы Нубия шөлінде орналасқан. Ал, ең әйгілі археологиялық ескерткіштердің бірі – Англияда орналасқан және үшінші мыңжылдыққа жататын Стоунхендж.

Адамзат тарихын көбіне қалалардың пайда болуынан бастайды. Қалалық қабырғалардың, жазудың, мемлекеттің және заңның қалыптасуы өркениеттің басталуы деп есептеледі. «Өркениет» (цивилизация) сөзінің өзі латынның civitas – «қала» деген ұғымынан шыққан, ал «мәдениет» сөзі жерді өңдеу, егіншілік мағынасымен байланысты. Бұл ұғымдар отырықшы әлемде қалыптасқандықтан, даму үлгісі ретінде көбіне егіншілік жолын алға қояды.

Алайда, адам нағыз адамға қала салған сәтте айналған жоқ. Ол аспанға көз тігіп, онда белгілі бір тәртіп бар екенін аңғарған кезде ғана адам болды.

Бүгінде адамзат бұрын-соңды болмаған қуатқа жетті. Ол климатты өзгертуге, экожүйелерді түрлендіруге, тіпті, планетаның шегінен шығуға қабілетті. Бірақ, осы мүмкіндіктермен бірге әлсіздікті түсіну де келді. Ғаламдық экологиялық мәселелер, экономикалардың өзара тәуелділігі, құрлықтар арасындағы жедел байланыс – мұның бәрі алғаш рет адамдардың тағдырын шын мәнінде ортақ тағдырға айналдырып отыр.

Бәлкім, біз жаңа бір кезеңнің табалдырығында тұрған шығармыз. Бұл архаикаға қайта оралу емес, керісінше, тұтас әлеммен байланысымызды тереңірек әрі кемел түсінуге бет бұру. Техника адамға үлкен күш берді, бірақ, дәл қазір үйлесім мен мөлшер сезімін қайта қалпына келтіру қажеттілігі туындап отыр.

Егер алғашқы ғарыштық түйсік тас пен рәсімдер арқылы бейнеленсе, қазіргі заманда ол жауапкершілік арқылы көрініс табуы мүмкін. Ғарыштық ырғақтармен байланысты мерекелер адамзаттың мәдени жадында ерекше маңызын сақтап қалды. Сол мерекелердің бірі – Наурыз.

Наурыз – жер бетіндегі ең көне жаңа жылдық мерекелердің бірі. Күнделікті тұрмыс пен қарапайым халықтық түсінік деңгейінде ол Күнді қастерлеу мерекесі ретінде сақталып қалды. Бір қызығы, көгілдір фонда 32 шапағы бар Күн Қазақстан Республикасының мемлекеттік туында бейнеленген. Көгілдір түс Қазақстанның бейбіт аспанын білдірсе, Күн – тыныштық пен молшылықтың белгісі.

Бәлкім, дәл аспан мен Күн адамзаттың алғашқы табыну нысандарына айналған болар. Қазақстандағы Тамғалы петроглифтері ішінде 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген жартастағы суреттер арасында күн басты құдайлық антропоморфтық бейнелер жиі кездеседі; сондай-ақ, күн бейнесін білдіретін солярлық таңбалар да өте көп. Тамғалының археологиялық ландшафтында ерекше орын алатын нысандардың бірі ашық аспан астындағы «Күн ғибадатханасы». Ғалымдардың бағалауынша, бұл петроглифтер жартасқа екі мың жылдан астам уақыт бойы біздің дәуірімізге дейінгі XIV ғасырдан бастап, біздің дәуіріміздің XI-XIII ғасырларына дейін салынған.

Наурыз – жылдың табиғи бастауы

Шығыста пайда болған құдай-адам туралы түсінік жаңа білімдердің ашылуына қарай жаңа мазмұнмен толығып отырды және қайтадан өзінің бастапқы түпнегізіне оралып, адамның, оның миының мүмкіндіктері туралы білімнің толық еместігін түсінуге, сол арқылы адам санасының шекарасын кеңейтуге ұмтылды.

Тарихи жағдайлардың қалыптасуына байланысты әлемді терең әрі жүйелі тану үдерісі Шығыста басталып, кейін Батыста жалғасын тапты. Адамзат көне дәуірлердің өзінде медитация мен интуиция деңгейінде әлемнің үйлесімін, қоғам құрылымының мәнін түсінуге жақындады. Ал, кейінгі бүкіл тарихи даму барысында осы ақиқаттың жекелеген қырларын біртіндеп ашып, сынақ пен қателік жолымен адамзат идеалдық үйлесімге жетуге ұмтылып келеді. Алайда бұл жолға адамның мифологизацияланған санасы жиі кедергі келтіреді.

Адам мен Табиғаттың бірлігіне арналған Наурыз мерекесі адамзат өркениетінің тарихи дамуының мәні Жеке адам, Қоғам және Табиғат арасындағы жалпы үйлесімге қол жеткізу екенін түсінуге мүмкіндік береді.

Шынында да, Қазақстанда дәл осылай аталатын Наурыз мерекесінің уақыты табиғи құбылысқа – көктемгі күн мен түннің теңелу күніне негізделген. Яғни, бұл – жылдың табиғи басталуы. Бұл – адам мен табиғаттың бірлігін білдіретін мереке. Сонымен бірге бұл – бүкіл Жер шарындағы адамдардың табиғатпен бірлігінің мерекесі. Сондықтан да, 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы оны бүкіл планета үшін халықаралық мереке ретінде әділ түрде бекітті.

Сол кезде БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ни Мун Наурыз мерекесіне орай «Наурыз тек елдерді ғана біріктіріп қоймайды, ол бізге ортақ планетамызды қадірлеу керектігін еске салады. Табиғаттың сұлулығын және көктемнің қайта жаңғыруын дәріптей отырып, Наурыз бұл мерекені атап өтетін адамдарды да, оның бар екенін ғана білетіндерді де қоршаған ортаны қорғауға бұрынғыдан да зор ынтамен қарауға шабыттандыра алады», – деп мәлімдеген еді.

Көктемгі күн мен түннің теңелу күні қазіргі әлемдік діндер пайда болғанға дейін көптеген тайпалар мен халықтар үшін жаңа жылдың басталуын білдірген.

Мысалы, ежелгі Русьте біздің дәуіріміздің X ғасырына дейін Жаңа жыл наурыз айында атап өтілген. Бүгінгі күнге дейін әлемнің көптеген елдерінде көктемнің келуі мен Табиғаттың жаңаруын Масленица немесе карнавалдар сияқты мерекелер арқылы қарсы алу дәстүрі сақталған.

Ежелгі шумерлер мен вавилондықтар, шамамен алты мың жыл бұрын жылдың алғашқы күнін көктемгі күн мен түннің теңелу күнімен байланыстырған. Сондай-ақ, Орталық Американың ең көне өркениеттері – Майя мен Ацтек К өздерінің күнтізбесін ауыл шаруашылығы циклі мен күн жылына негіздеген.

Бұл мереке бүгінгі күнге дейін иран халықтарының дүниетанымы мен руханиятын бейнелейді. Көп ғасырлық діни үстемдікке қарамастан, ол өзінің мәнін сақтап қалды – бұл жағдай христиан әлемінде немесе басқа да әлемдік діндер кең тараған аймақтарда әрдайым байқала бермейді.

2009 жылғы 30 қыркүйекте ежелгі ата-бабаларымыздың мерекесі – Наурыз ЮНЕСКО тарапынан адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілді.

2010 жылғы 23 ақпанда Әзербайжан, Албания, Ауғанстан, Солтүстік Македония, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия мемлекеттерінің бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні ретінде консенсус арқылы мойындады.

Қарардың кіріспе бөлімінде Наурыз (Новруз, Нуруз, Невруз) – көктемгі күн мен түн теңелетін күн, жаңа жылдың басталуы ретінде әлем бойынша 300 миллионнан астам адам атап өтетін мереке екені айтылған. Бұл мереке үш мың жылдан астам уақыт бойы Балқан түбегінде, Қара теңіз алабында, Кавказда, Орталық Азияда, Таяу Шығыста және басқа да өңірлерде тойланып келеді.

Наурыз халықтар арасындағы өзара құрметке, бейбітшілік пен тату көршілік идеяларына негізделген байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Оның дәстүрлері мен салт-жоралғылары Шығыс пен Батыс өркениеттерінің мәдениеті мен көне әдет-ғұрыптарын бейнелейді және адамзаттық құндылықтардың өзара алмасуы аясында кеңінен таралған.

Наурызды атап өту – табиғатпен үйлесімді өмір сүруді дәріптеу, жасампаз еңбек пен табиғаттың жаңару циклдері арасындағы ажырамас байланысты түсіну, сондай-ақ, өмірдің табиғи бастауларына қамқорлықпен әрі құрметпен қарауды білдіреді.

БҰҰ Бас Ассамблеясы қарар мәтініне сәйкес: 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні ретінде таниды; Наурыз атап өтілетін мемлекеттердің осы мерекеге қатысты мәдениет пен дәстүрлерді сақтау және дамыту жөніндегі күш-жігерін құптайды; мемлекеттерді Наурыз туралы хабардарлық деңгейін арттыруға және қажет болған жағдайда жыл сайын осы мерекеге арналған іс-шаралар ұйымдастыруға ынталандырады; Наурыз атап өтілетін мемлекеттерді халықаралық қоғамдастықта Наурыз мұрасы туралы білімді тарату мақсатында оның шығу тарихы мен дәстүрлерін зерттеуге шақырады; мүдделі мемлекеттерге және Біріккен Ұлттар Ұйымына, әсіресе, оның мамандандырылған мекемелеріне, ең алдымен, ЮНЕСКО-ға, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік ұйымдарға Наурыз мерекесін атап өтетін мемлекеттер ұйымдастыратын іс-шараларға қатысуды ұсынады.

2011 жылдан бастап Наурызды халықаралық деңгейде, өңіріміздің мемлекет басшыларының қатысуымен атап өту шаралары өтті. Ондай шаралар Иран астанасында (2011 ж.), Тәжікстан астанасында (2012 ж.) және Түрікменстан астанасында (2013 ж.) ұйымдастырылды. Кейінгі жылдары әртүрлі мемлекеттердің астаналарында және халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлерінде халықаралық мәдени-дипломатиялық іс-шаралар өткізілді.

2024 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде елшілер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан ірі дипломатиялық қабылдау және мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Ал, 2026 жылы бүгінде от кешіп жатқан Тегеранда Наурызға арналған халықаралық саммит өткізу жоспарланған болатын.

Осылайша, табиғаттың циклдік өзгерістерін бақылаудан бастау алған ежелгі мереке XXI ғасырда жаңа мағынаға ие болды – ол ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігіндегі халықтардың мәдени диалогы мен бейбіт қатар өмір сүруінің символына айналды.

Қазақстандағы Наурыз мейрамы

Наурыз мейрамы Қазақстанда шын мәнінде бүкілхалықтық мереке болып табылады. Бұған оның көне атауы да дәлел – «Ұлыстың Ұлы күні».

Наурыздан басқа, бәлкім, терең тарих қойнауынан қайта оралып, қысқа уақыттың ішінде халықтың ең сүйікті мерекесіне айналған басқа мейрам жоқ шығар. Оған еліміздің барлық азаматтары ұлтына, жасына қарамастан, шын жүректен қуанады. Бұл, ең алдымен, Наурыздың өзінде саяси, идеологиялық, діни, нәсілдік немесе ұлттық бөлушілік сипаттардың болмауымен байланысты. Ал, мұның қазіргі заманда маңызы ерекше, өйткені, дәл осындай факторлар адамзатты бөліп, адамдар, мемлекеттер мен өркениеттер арасында көптеген кедергілер туғызады.

Белгілі болғандай, Наурыз мейрамы 1926 жылы кеңестік билік тарапынан тоқтатылған болатын. Ұлттық сананың жаңғыруы мен тарихи тамырды, мәдени бірегейлікті іздеу кезеңінде ол 1988 жылы қайта жанданды. 1991 жылғы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің «Халықтық көктем мерекесі – Наурыз мейрамы туралы» Жарлығы шыққаннан кейін бұл мереке ресми түрде мемлекеттік мәртебеге ие болды. 2009 жылдан бастап Наурыз үш күн бойы – 21-23 наурыз аралығында атап өтіледі.

Наурыз мерекесі кезінде ұйымдастырылатын көпшілік шаралар бүкіл ел бойынша қазақтың дәстүрлі тойының ерекше атмосферасын қалыптастырады. Ән мен күйге, ұлттық дәстүрлерге толы бұл мереке адамдарға көктемгі қуаныш сыйлап, бейбітшілік пен бүкіл халықтың бірлігін сезіндіреді.

Бұған қоса, бұл мерекенің тез жаңғыруына оның ата-бабаларымыз арасында ғана емес, бізге жақын көптеген халықтар арасында да кең тарағаны және оның әмбебап сипаты ықпал етті. Яғни, Наурызды Қазақстанды мекендейтін барлық этностар мен конфессия өкілдерінің бірге атап өтуіне мүмкіндік бар.

Наурыз әр елде ұлттық ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі түрде тойланғанымен, бұл мерекелердің барлығына ортақ бір белгі бар. Ол – жеті түрлі құрамнан тұратын ерекше тағамды әзірлеу дәстүрі. Қазақтарда бұл тағам «Наурыз көже» деп аталады.

Әр шаңырақта осы салттық тағамды дайындаудың өзіне тән рецепті болған. Дәмі жағынан Наурыз көже – өте ерекше әрі тамаша тағам. Оны көбінесе кешкісін алдын ала дайындап қояды, сонда түн бойы тұрып, дәмі кіріп, қоюлана түседі. Оның құрамына Шығыс дәстүрі бойынша жеті түрлі тағам кіреді: су, тұз, қышқыл сүт өнімдері, түрлі дәнді дақылдар және ет. Қазы да қосуға болады. Пісірілген ет немесе қазы ұсақтап туралып, Наурыз көжеге салынады.

Наурыз күндері қонақтарға ең таңдаулы қазы, шұжық, жал-жая сияқты ет тағамдары да ұсынылған. Мұндай дастарқан жаю адамдар арасында ізгі қарым-қатынас орнатудың белгісі, кеңпейілділік пен қонақжайлылықтың көрінісі деп есептелген. Осы дәмнен ауыз тиген адамдар жыл бойы да осындай молшылық пен береке болады деп үміттенген.

Ежелгідей, мереке қарсаңында адамдар бұрынғы қарыздарын қайтарып, аяқталмаған істерін бітіруге тырысқан. Үйдің ішін, ауласын, тіпті үй алдындағы көшені де мұнтаздай етіп тазарту дәстүрге айналған.

Әрине, бүгінгі Наурыз мейрамының сипаты бұрынғыдан едәуір өзгерген. Қазіргі кезде ол тек сахналық көріністермен, әсем безендірілген киіз үйлермен және дәмді дайындалған Наурыз көжемен ғана шектелмейді. Сонымен қатар қайырымдылық шаралары өткізіледі, халықтық спорт ойындары ұйымдастырылады, ағаш отырғызылып, саябақтар мен демалыс орындары, көшелер мен алаңдар тазаланады. Бүгінде Наурыз мейрамы көктемнің, еңбектің және бірліктің жалпы халықтық мерекесіне айналды.

Бұл мереке Қазақстандағы барлық халықтарға бірдей қымбат. Балаларға арналған карнавалдар, ақындар айтысы, ұлттық киімдердің көрсетілімі, түрлі халықтардың салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдарының таныстырылымы, фольклорлық ансамбльдердің өнері, спорттық жарыстар мен ұлттық ойындар – бәрі де Наурыз күндерінің ажырамас бөлігі.

Бүгінгі Наурыздың басты ерекшелігі – оның баршаға ортақ мереке болуы. Сондықтан, ол әділ түрде интернационалдық мереке деп аталады. Наурыз күні қалалар мен ауылдардың безендірілген алаңдарында тұтас мерекелік қалашықтар пайда болады. Онда киіз үйлердің жанында орыс избасы мен украин хатасы қатар тұрады. Ал, қыз-келіншектер барлық келген қонақтарды ауызда еритін бауырсақтармен қуана қарсы алады. Көңілді театрландырылған қойылымдарға қазақтар мен орыстар, немістер мен украиндар, татарлар мен ингуштар – барлығы да белсенді қатысып, көпұлтты Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлері мен рәсімдерін көрсетеді.

Сондықтан, бүгінгі күні Наурыз тек көне мереке ретінде ғана емес, адамзат тарихының терең мағынасын білдіретін символ ретінде де қабылданады. Онда табиғаттың ғарыштық ырғағы, ежелгі мәдениеттердің рухани тәжірибесі және халықтардың бейбітшілік пен өзара түсіністікке деген заманауи ұмтылысы тоғысады.

Көктемгі күн мен түннің теңелуі адамға қарапайым әрі ұлы заңды еске салады. Жердегі өмір табиғаттың үйлесімі мен адамның оған деген жауапкершілігінің арқасында ғана жалғасады. Ғаламдық сын-қатерлер дәуірінде бұл ежелгі дәстүр жаңа мәнге ие болуда. Наурыз мәдениеттердің әртүрлілігін бөлінудің емес, ортақ адамзаттық мұраның байлығы ретінде танып, бағалауға үйретеді. Мүмкін, дәл осындай мерекелер адамдарға өздерін бір аспан астындағы ортақ үлкен әлемнің – адамзаттың үйінің бір бөлігі ретінде сезінуге көмектесетін шығар. Шынында да, солай!

Ағыбай СМАҒҰЛОВ,
зейнеткер, дипломат.

 Алматы.

сурет old.aqmeshit-aptalygy.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар