Жылқы жылы халқымыз үшін әрқашан берекелі болған!

Шығыс күнтізбесі бойынша 2026 жыл  қызыл отты Жылқы жылы. Ол 2026 жылдың 17 ақпанында басталып, 2027 жылдың 5 ақпанына дейін жалғасады.

Бұл кезең қуатты энергияның, батыл әрекеттердің, ішкі еркіндік пен күрт өзгерістердің жылы ретінде сипатталады.

Жылқы – шығыс жұлдызнамасындағы 12 жануардың жетіншісі. Ол – қозғалыс пен даму, тәуелсіздік пен табандылық символы. Ал, от стихиясы (қытайша ян-от) бұл белгінің табиғатын одан сайын күшейтіп, оған жігер, құмарлық, тез шешім қабылдау мен шығармашылық серпін береді. Осы екі элементтің бірігуі 2026 жылды ерекше мазмұнды әрі эмоционалды етеді.

Қытай астрологиясында Жылқы жылы әр 12 жыл сайын қайталанады. Бұған дейінгі жылдар: 1930, 1942, 1954, 1966 (соңғы қызыл отты Жылқы жылы), 1978, 1990, 2002, 2014. 2026 жыл – осы циклдегі келесі қызыл  отты Жылқы жылы.

Алдағы Жылқы жылы 2038 жылы болады, бірақ, ол басқа элементпен байланысты болады.

Қызыл отты Жылқы жылы көбіне бастамалар мен өзгерістердің кезеңі ретінде қарастырылады. Бұл уақытта кәсіби саланы өзгерту, жаңа жобалар бастау, көшбасшылық қасиеттерді дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптасады. Адамдар дербес шешімдерге көбірек барады, жеке еркіндікке ұмтылады, тәуекелден қорықпайды.

Бірақ, жыл эмоциялық тұрғыдан күрделі болуы мүмкін. Шабыт пен қуаттың артуы қатар жүріп, күйзеліске бейімділікті де күшейтеді. Сол себепті ішкі тепе-теңдікті сақтау, артық күш түсірмеу, сезімге берілмеу маңызды. Мамандар бұл жылы оқу, біліктілікті арттыру, тіл меңгеру, жаңа дағдылар игеру үшін өте қолайлы уақыт деп есептейді.

Жылқы қозғалысты білдіретіндіктен, саяхаттар мен орта ауыстыру да оң әсерін тигізуі мүмкін. Жалпы алғанда, 2026 жыл – белсенділік, еркіндік және жаңғыру уақыты. Ол шешімді әрекет етуге итермелейді, бірақ табысты болу үшін эмоцияны басқару мен ішкі тәртіпті сақтау қажет.

Қазақ халқы үшін жылқы – тек мал емес, өмір салтының, мәдениеттің және тарихтың ажырамас бөлігі.

Қазақ жылқыны «ердің қанаты» деп әспеттеген. Сондай-ақ, жылқы қазақтың дала өркениетін қалыптастырды.

Түркі-моңғол халықтары қолданатын 12 жылдық мүшел жас есебі бойынша жылқы жылы – ұрыс-жанжал, үздіксіз қозғалыс жылдарымен байланыстырылады. Аңыздарда «жылқы жылы ұрыс болды» делінсе де, шын мәнінде тарихта жылқы жылы жұтсыз, берекелі болғанымен ерекшеленеді.

Бүгін біз қазақ тарихындағы жылқының орнына және мүшел есебіндегі жылқы жылына байланысты оқиғаларға тоқталамыз:
Қазақстан аумағы – жылқының алғаш қолға үйретілген жері. Археологиялық зерттеулерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті (б.з.д. 3700–3100 жылдар) тұңғыш рет жылқыны қолға үйреткендігін дәлелдейді. Бұл адамзат тарихындағы төңкеріс саналады. Жылқының арқасында көшпенділер алыс қашықтықтарды бағындырып, әскери үстемдікке жетті. Ежелгі сақтар, ғұндар, түркілер және Шыңғыс хан империясы жылқыға сүйеніп, Еуразияны жаулап алды.

Қазақ хандығының құрылуы (1465 жыл) да жылқы шаруашылығына негізделген көшпенді өмірмен тығыз байланысты. Жылқы – көлік, азық (ет, қымыз), соғыс құралы болды.

Аңыздарда жылқы жылы «ұрыс болады» делінеді. Мәселен Шыңғыс хан 1222–1223 (жылқы жылы) Азияны бағындырған. Басында айтып өткеніміздей жалпы жылқы жылы берекелі болған. Жұттан ада, мал-жан саны өсіп, жұрт қуанышқа кенелген.

Жылқы жылы қазақ үшін жаңару, қозғалыс символы болып саналады. Жылқы жылына дәл келмесе де осы бір уақыт аралығында біршама тарихи оқиғалар болғаны белгілі.

1990 жылқы жылы – Қазақстанның егемендік декларациясына жол ашты.  Тәуелсіздіктің негізгі қадамдары жасалды.

Қазақ халқының халықтық наным-сенімі бойынша жылқы жылы көбіне жұтсыз, мал өсіп-өнетін, береке әкелетін жайлы жыл болып саналады. Бұл ұғым ежелгі түркі-моңғол мүшел есебінен шыққан, онда жылқы жылы қозғалыс, жаңару және молшылықпен байланыстырылады.

Аңыздарда «жылан жылы – жылыс, жылқы жылы – ұрыс, қоян жылы – тоғыс» делінгенімен, шаруашылық тұрғысынан жылқы жылы малға қолайлы, жұт аз болады деп есептелген.

Тарихқа көз салсақ, бұл нанымның негізі бар: жылқы жылы көптеген оң өзгерістер мен даму кезеңдеріне сәйкес келген.

1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Бұл – тәуелсіздікке жол ашқан маңызды қадам. Егемендік декларациясы елдің саяси-құқықтық негізін қалап, бір жылдан кейін толық тәуелсіздікке әкелді. Жұт немесе апат емес, керісінше, ұлттық жаңғырудың бастамасы болды.

2002 жылқы жылы Астанада «Бәйтерек» монументі салынды. Ол – елорданың символына айналған ескерткіш. Бұл жыл елдің экономикалық өсуі, астананың дамуымен ерекшеленді.

Сондай-ақ, шекара делимитациясы (Өзбекстанмен келісім) сияқты маңызды дипломатиялық оқиғалар да осы кезеңде болды.

2014 жылқы жылы Қазақстанның экономикасы тұрақты өсті, халықаралық беделі артты. Еуразиялық экономикалық одаққа кіру процесі жалғасты, әлемдік саммиттер өтті. Жұт немесе дағдарыс болмады, керісінше, даму жылдарының бірі ретінде есте қалды.

Жылқы жылы қазақ тарихына ел жадында сақталған, ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген көптеген ірі тұлға сыйлады.

Жылқы мінезді қайраткерлерге тән осы сипаттар олардың өмірлік ұстанымына айналды.

Қазақ тарихында Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың ерлігі, Ер Жәнібек пен батыр Баянның қайтпас қайсарлығы, Жамбыл Жабаевтың ғасырларға жеткен жыр қуаты, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды арыстардың ұлт үшін жанын пида еткен күрескерлік болмысы, барлығы да жылқы жылына тән мінездің көрінісі.

Сол сияқты, Жанқожа мен Наурызбай батырлардың ерлік жолы, Біржан салдың өнері, Шәкәрім қажы мен Мәшһүр Жүсіптің терең ойы мен рухани мұрасы, Ахмет Жұбанов пен Шәмші Қалдаяқовтың қазақ музыкасын жаңа белеске көтерген еңбегі, Мұстафа Өзтүріктің қайсарлығы, Мұхтар Шахановтың азаматтық үні ұлт рухының асқақ үлгілері іспетті. Тұрар Рысқұлов пен Қасым Қайсенов, дүлдүл күйші Төлеген Момбеков, қарымды қаламгерлер Тәкен Әлімқұлов, Дулат Исабеков, Дүкенбай Досжан, Ақселеу Сейдімбек, Ұлықбек Есдәулет те жылқы жылында дүние есігін ашқан.

Байқағанымыздай, жылқы жылы туған тұлғалардың тағдыры жеке өзінің ғана емес, тұтас ұлттың тағдыр айнасына айналды.

Әлеуметтік желі материалдары бойынша дайындаған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар