ЗАҢ ЖӘНЕ ЗАМАН
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істер ерекше құқықтық реттеуді талап етеді. Себебі, бұл істерде баланың жасы,психологиялық дамуы және әлеуметтік жағдайы ескеріліу тиіс. Осыған байланысты кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істерді қараудың өзіндік ерекшеліктері бар.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істерді қарау барысында сот пен құқық қорғау органдары баланың жеке басына,тәрбиесіне,өмір сүру жағдайына және психологиялық дамуына ерекше мән береді. Бұл тараптар Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі мен Қылмыстық-процессуалдық Кодексінде нақты көзделген.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып белгіленеді. Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау кезінде жазаның тәрбиелік әсері негізгі мақсаттардың бірі болып табылады. Осыған байланысты сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды кеңінен қолдануға және бас бостандығынан айыруға балама шараларды таңдауға құқылы.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істерді қараудың тағы бір маңызды тұсы – өкілдердің, қорғаушының және педагогтың немесе психологтың қатысуының міндеттілігі. Бұл баланың құқықтарының толық көлемде сақталуын және оның мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істерді қарау кезінде сот тәжірибесінде нақты өмірлік жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, сот кәмелетке толмаған жасөспірімнің ұрлыққа қатысты қылмыс жасауы кезінде сот оның осы қылмысты алғаш рет жасағанын, ата-анасының бақылауының жеткіліксіз болғанын және материалдық жағдайын ескере отырып, бас бостандығынан айыру жазасын емес, тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануы мүмкін. Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың тағы бір кең таралған түрі денсаулыққа қасақана зиян келтіру немесе төбелеске қатысу болып табылады. Мұндай жағдайларда сот жасөспірімнің әрекетіне оның эмоциялық тұрақсыздығы мен жас ерекшеліктеріне байланысты баға береді. Көп жағдайда татуластыру рәсімдері немесе шартты жаза қолдану тәжірибесі кездеседі.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істер жазаны даралау қағидасының қатаң сақталатынын көрсетеді. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 82-бабына сәйкес соттар кәмелетке толмағандардың жасы, психологиялық дамуы, тәрбиесі және өмір сүру жағдайларын ескере отырып шешім қабылдайды.
Сот жасөспірімдерге қатаң жаза қолданудан бұрын басқа жолдарды іздейді. Осы мақсатта кеңінен қолданылатын тиімді құралдың бірі – медиация. Бұл процесс жәбірленуші мен зардап шегуші жақтың татуласуына бағытталған. Кәмелетке толмағандар үшін медиация істі сотқа жеткізбей немесе сот залында тоқтатудың ең жиі кездесетін әрі оңтайлы жолы болып саналады, себебі, бұл жасөспірімнің психологиясына түсетін салмақты азайтады.
Қорытындылай келе айтсақ, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істерді қараудың басты ерекшелігі жазалау емес, тәрбиелік әсер мен баланың құқықтарын қорғау болып табылады. Сот процесінде жасөспірімнің психологиялық дамуын, өмір сүру жағдайын ескеру және медиация секілді баламалы шараларды қолдану, оның болашағына түсетін салмақты азайтудың ең тиімді жолы. Бұл тәсіл жасөспірімді қатаң жазалаудан гөрі, оны қайта тәрбиелеп, қоғамға бейімдеуге мүмкіндік береді.
М.ҚАҚАБАЕВА,
Ақмола облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының аудандық және оларға теңестірілген
сот әкімшісінің сот отырысының бас маманы – хатшысы.
![]()

