Жаңаша көзқарасқа қарағанда, бұрынғы жағдай қайталанбауы тиіс

БАСПАСӨЗ ТУРЫ

Көктемгі су тасқынының алдын алу және оның зардаптарын болдырмау бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы ретте, 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейін өз көздерімен көру үшін жуырда БАҚ өкілдері арнайы іссапармен Атбасар және Астрахан аудандарына барып қайтты.

Сапарымызды алдымен Атбасардан бастадық. Аталған аудан су басу қаупі жоғары аймақтардың қатарына жататындықтан, мұндағы сақтық шаралары өткен жылдың жаз айларынан бастап қолға алынған. Қазіргі таңда жоспарланған 29 іс-шараның басым бөлігі аяқталып, тек Жабай өзенінің арнасын кеңейту мен тереңдету процесі жалғасуда. Дайындық барысында 16 мың метр канал мен арық тазартылып, 6 мың метрден астам қорғаныс үйіндісі тұрғызылды. Сонымен қатар, 185 мың текше метр қар шығарылып, 22 су өткізу құрылғысы орнатылды.

– Бүгінгі таңда Атбасар қаласындағы еріген суды бұру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр және оның оң нәтижесі қазірдің өзінде байқалуда. Қазіргі уақытта қосымша бөгеттер салу жұмысы жүргізілуде. Өткен жылы осыған Тараз институты тартылып, Жақсы ауданы тарапынан келетін далалық суларды бұру бойынша нақты ұсыныстар берілген болатын. Ол үшін 86-разъезден жоғары орналасқан екі дамбаның бірі дайын, екіншісінде құрылыс жүріп жатыр. Дала суы келгенге дейін бұл нысандар толық іске қосылады. Осылай суды кезінде суалып қалған Қамысты және Ұзынкөл көлдеріне бағыттаймыз. Бұрын бүкіл ағын су Атбасарға келетін. Енді судың бір бөлігін бөгеп, қалған бөлігін қабылдауға қала ішіндегі барлық дайындық шараларын аяқтадық. Өткен жылдан бері үш су өткізу құрылғысы қызмет етіп тұр, олардың өткізу қабілетін үш есеге арттырдық. Үшінші кезең – Жыланды және Жабай өзендерінің суын өткізу. «Целингидротех» ЖШС өзен арнасын бұрынғы 30–40 метрден 120 метрге дейін, яғни, үш есеге кеңейтті. Сондай-ақ, өзен табанын тереңдету көрсеткіші бұрынғы бір жарым-екі метрден үш-бес метрге дейін жеткізілді. Бұл Жыланды және Жабай өзендерінің суын тиісті мерзімде өткізуге септігін тигізеді. Өткен жылы тасқынның ең жоғары деңгейі 3–6 сәуір аралығында болды, биыл да осы уақытпен сәйкес келеді деп күтілуде. 10–12 наурыз аралығында мұзды ұсақтау және жару жұмыстарын жүргіздік. Мұз көтерілген кезде кептелістер пайда болса, оларды жою үшін қайтадан жару шараларын қолданатын боламыз, – дейді Атбасар ауданының әкімі Кеңес Әлімжанов.

Биыл тасқынға қарсы іс-қимылдарға аудандық бюджеттен 228 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 39 мың дана қапшық, 10 мың тонна инертті материал сатып алынып, 31 мотопомпа дайындалды. Мұз жаруға 50 миллион теңге бағытталса, жанар-жағармай қорына 15 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ, қар шығару мен үйінділер тұрғызуға 187 миллион теңге жұмсалды. Тасқын кезеңінде аудан бойынша 426 адам мен 142 техника, ал Атбасар қаласында 140 маман мен 43 техника жұмылдырылады деп жоспарлануда.

Төтенше жағдай туындай қалса, халықты қабылдау үшін үш мектеп пен колледж жатақханасы негізінде эвакуациялық пункттер құрылды. Қазіргі таңда төрт кезекші отряд жұмысқа кірісіп, 334 су өткізу құрылғысы мен 32 шақырымнан астам арық тазартылды.

Келесі кезекте іссапарымыз Астрахан ауданында жалғасты. Мұнда да дайындық қызу, әріптестерімізбен бірге нысандарды аралау барысында алдымен үйілген топырақ пен инертті материалдар толтырылған қаптарға назар аудардық. Аудан әкімдігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жоспардың басым бөлігі бүгінде толық атқарылды. Атап айтқанда, жоспарланған 16 негізгі іс-шараның 14-і аяқталып, қалған екі нысан ұзақ мерзімді бақылауға алынған. Биылғы наурыз айында Қызыл Жұлдыз лиманды суару жүйесін жөндеу аяқталып, Зеленое ауылындағы дамба бойына қосымша шлюздер орнатылуда.

– Қазіргі уақытта біз ұзындығы 7 шақырым 700 метрді құрайтын бірінші учаскеде жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда арнайы техникалар, атап айтқанда, шынжыр табанды экскаваторлар жұмылдырылған. Олар өзен арнасының түбін 34 метрге дейін кеңейтіп, тереңдігін 4 метрге жеткізуде. Осылайша, біз жағалауды бекітіп, үйінділер тұрғызу арқылы ауылды тасқын судан қорғауға күш салып жатырмыз. Сонымен қатар, арнаны тереңдету жұмыстары тасқын суын Оксановка ауылы бағытына қауіпсіз бұруға мүмкіндік береді, – дейді Астрахан ауданындағы Қалқұтан өзенінің арнасын кеңейту жобасы бойынша учаске бастығы Дамир Хайрушов.

Аудандағы ең ауқымды әрі маңызды жобалардың бірі ретінде Қалқұтан өзенінің арнасын тереңдетіп, жағалауын бекітуді атап өтуге болады. Құны 5 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба аясында Қалқұтан және Ескі Қалқұтан ауылдарының маңындағы өзен арнасын тазарту процесі басталды. Бүгінде Ирченко станциясындағы теміржол көпірі бағытындағы су бұру каналының 1700 метрі кеңейтіліп, тереңдетілді. Сонымен қатар, өзеннің өзге учаскелерінде өсімдіктер мен қамыстан тазарту, топырақтың құнарлы қабатын алу және арнаны тазарту шаралары қарқынды жүріп жатыр.

Су тасқынының алдын алу шараларына жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастырылған. Осы уақытқа дейін аудан бойынша 102 300 текше метрден астам қар шығарылып, Қалқұтан, Бақсұқ және Аршалы өзендерінде мұз кептелісін болдырмау үшін 2000 шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары сәтті жүргізілді.

Материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі де басты назарда. Тасқын кезінде жұмылдырылатын жеке құрамның саны 175 адам, олардың иелігінде 100-ден астам арнайы техника бар. Экскаваторлар, бульдозерлер, тиегіштер мен самосвалдардан бөлек, 47 мотопомпа мен су айдайтын қуатты сорғы агрегаттары дайындыққа келтірілген. Сондай-ақ жағдайды бақылау үшін дрон мен төрт қайық қолданылатын болады. Қажет болған жағдайда халықты қауіпсіз жерге көшіруге 9 қабылдау пункті әзірленіп, онда қажетті төсек-орын мен азық-түлік қорлары жасақталды. Бұған қоса 17,5 мың литр жанармай мен 550 тонна инертті материал дайындалып қойылды.

Аудан аумағындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда орналасқан 154 су өткізу құбыры мен 6 көпір де ерекше бақылауда. Қазіргі уақытта жауапты мекемелер мен мердігер ұйымдар жол бойындағы құбырларды қар мен мұздан тазарту жұмыстарын аяқтауға жақын. Аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметі су тасқыны кезеңінде туындауы мүмкін қауіп-қатерді барынша азайту мақсатында мониторинг жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Атбасар, Астрахан аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар