Болмысы бөлек бір әлем

ҚАЗАҚТЫҢ КӨРНЕКТІ ЖАЗУШЫ ҚЫЗЫ, ЖЕРЛЕСІМІЗ МАҒИРА ҚОЖАХМЕТОВА – 80 ЖАСТА

Осы жуырда ғана сексен жасқа толған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мағира Дәулетбекқызы Қожахметова туралы жыл басынан бері республикалық «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айқын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Қазақ үні» басылымдарында, көптеген сайт, порталдарда қазақша, орысша және ағылшынша ауқымды материалдар жарияланып, Ұлттық академиялық кітапханадан бастап облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларға дейін шығармашылық жолына арналған әдеби шаралар өткізуде. Осы жиындарда жазушының сан қырлы шығармашылық жолы, ұлттық журналистика мен әдебиетке қосқан үлесі туралы небір мазмұнды баяндамалар жасалды.

Әдебиеттанушылар, мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысқан конференцияларда қаламгердің прозалық және публицистикалық туындыларындағы ұлттық дүниетаным, рухани құндылықтар кеңінен сөз болып, арнайы кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Айталық, «АбайTV» телеарнасы «Мағираның әлемі» атты арнайы жобаны одан әрі жалғастыруда. Ал, Қазақстан Жазушылар одағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мағира Қожахметоваға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты мен төсбелгісін тапсырды. Премьер-министрдің орынбасары, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева құттықтау хатын жолдады.

Осыдан екі жыл бұрын өзімнің Мағира жөнінде жазылған 350 мақаланы топтастырған «Таланты – ерек, табиғаты – бөлек» атты жинағым жарық көрген еді. Содан бері де әртүрлі басылымдарда ол жайлы жарық көрген дүниелер жетерлік. Әлеуметтік желіде оқушы, студенттен бастап қоғам белсендісі, профессорға дейін талдап жазған зерттеулер, ой, пікірлер әлі де жалғасын табуда. Солардың ішінен соңғы екі айда шыққан мақалалардан Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне де үзінділер ұсынғанды жөн көрдім. Өйткені, Мағира осы Ақмола, Көкше өңірінің, соның ішінде зерлі Зерендінің тумасы.

Осы орайда, журналист Жұлдыз Тойбек былай дейді:

«Мағира апайдың суретшілермен бірігіп жасаған түрлі-түсті бояумен безендірілген «Қуыршақтарды киіндіру», «Балаларға арналған текшелер (кубик)» ойын жинақтары дайын тұр. «Батырлар жырынан» берен, дулыға, сәукелеге қатысты шумақтарды алып, суретші суретін салады. Осы жобасы қолдау таппады. Оның патентін аламын деп жүгіріп, қомақты қаржысын жұмсады. Мағира Дәулетбекқызы Қазақстанда балаларға қатысты балабақша, басылым, үйірме тегін болуы керек деп ойлайды. Биліктен қолдау тапса балғындарға шағын театр, үйірме ашып, өздерінің жазып-сызғанынан хрестоматия жасасам деп армандайды». («Егемен Қазақстан» газеті,  5 ақпан, 2026 жыл.)

Енді филология ғылымдарының докторы, профессор Қанипаш Мәдібаеваның пікіріне көз жүгіртейік:

«Жеке отбасылық күйдің тұтас қоғамдық болмысқа ұласу қасіреті «Жантәсілім» романында тұтас бір дәуір, тұтас қоғам, бірнеше отбасылық тарих ауқымында ақырзамандық қауіппен ширыға баяндалады. Бір қайран қаларлығы, бұл роман, кейін жарық көргенімен, кеңес өкіметі жасап тұрған кезеңде жазылған. Шығарма аса зор әлеуметтік түйткілдер жағдайында кеңестік жүйеге қарсы сөйлейді. Романда әр қазақтың шері бар. Шығарманың аннотациясында айтылған Бұғылы ауылының тұрғындарының өмір қалпында, өткен тарихында тұтас бір дәуірдегі қазақ ауылының салты, санасы, жаны тағдыр ашады. Ауыл адамдарымен біртіндеп таныса бастаған оқушы жазушы кейіпкерлерінің қыр соңынан қалмай, ыстық-суығын бастан бірге кешеді. Қою оқиғалардың ішінде жүріп оқушы бір кезде нулы ормандай жасаған, жасанған ауылдың ендігі күйін, жазушы Мағира Қожахметованың «Ай, мен қауіп еткеннен айтамын» (Бұхар жырау) ойлауын тоқтатпайды. Шығарма құрылымындағы жанрлық, стильдік жаңашыл сипаттан «постмодернизм» деп бірталай әспеттелген әдеби тәсілдің нышандары анық байқалып отырады. Күні өтіп бара жатқан кеңестік дәуірдің, дәурені біткен жүйенің кесел-кесапатын сонау бір «сыншыл реализм» әдісі атанған, адам төзгісіз аярлық пен алдамшыға белуарынан батқан ХІХ ғасырдағы француз қоғамын әжуалап он-сан том роман жазған Оноре де Бальзактың жүрек шайлықтырған туындыларынан бір де кем түспейтін әсер бар». («Жұлдыз» журналы, №2, 2026 жыл).

Қарагөз Сімәділ:

«Иә, жазушылық, журналистика, жазу – оның әу бастағы арманы, ұстанған бағыты, айнымаған жолы. «Baby boom» ұрпақтың бір ерекшелігі – зейнет жасына шықса да еңбек етуін доғармайтыны дейді ғалымдар. Расында Мағира Қожахметова қазір де газет ауылынан алыстамады, жазудың дертінен айықпады. Балаларға арнап әлі күнге жазу жазады, адам жанын сөзбен, тәнін жазуы арқылы амалмен емдеуді көздейді. Жиындарда, түрлі іс-шарада Мағира Қожахметованың арнайы дайындықпен келіп, тұлғалар туралы жанашырлықпен сөйлегеніне куә болдық. Қандай іс-шараларда да ұмыт болып бара жатқан белгілі адамдарды түгелдеп жүргені. Әсіресе, мерейтойы жақындаған әйелдер қауымын, оқырман жадынан ұмытыла бастаған қаламгер қыздарды іздеп, сол жандардың шығармашылығы туралы жазып, оқырманмен арасын қайта жалғап жүрген жанашырлығы көпке үлгі». («Ана тілі» газеті, 5 ақпан, 2026 жыл).

Гүлзина Бектас:

«Журналистикада жарты ғасырдан астам еңбек етіп келе жатқан Мағира Қожахметова бұл салаға алғашқы қадамын жасағаннан бастап-ақ, кейіпкерін өнер кеңістігінен іздеп, шығармашылықтың, сезімнің және әсемдіктің ұшқынын жеткізді.

Одан бөлек, ағартушылық-танымдық бағытта, балалар тәрбиесіне арналған журналдарды жарыққа шығарып, қолтаңбасын қалыптастырған қазақ журналистикасындағы қаламгер қыздардың бірегейі». («Айқын» ақпарат», 5 ақпан, 2026 жыл).

Қарлығаш Нұрлан:

«Жеке өзім үшін ең үлкен жаңалық – Мағира Қожахметованың оқырманға Бауыржан Момышұлын басқа қырын ашуы. Ол біз бәріміз білетін Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы ғана емес, жеке өмірі күрделі, махаббат хикаялары бар, оның тағдырындағы сүйікті арулары туралы ашық айтылған адам ретінде көрсетіледі. Соғыс қаһарманының осы ашық сырға толы исповеді Мағира Қожахметованың «Тосын сыр сұхбат» драмасында баяндалған.

Неге осы драма бойынша әлі күнге дейін фильм түсірілмей, спектакль қойылмаған? Бұл театр мен кино әлемі үшін нағыз жаңалық болар еді ғой. Мен жеке өзім осы пьеса негізінде қойылған спектакльді де, түсірілген фильмді де көргім келеді». (Shanger.kz.)

Жадыра Шамұратова:

«Мағира Қожахметова сияқты адамдардың еңбегі ұзақ уақыттан кейін ғана білінеді, олардың жазған-сызғаны бір күнде назар аудартпайды, мыңдаған лайк пен қаралым жинамайды, бірақ, уақыт өте салмақтанып, сананы қалыптастырады. Біз дәл осы баяу, терең әсер ететін еңбекті бағалауға келгенде енжармыз. Оның үстіне қазір байқасаңыз, қоғамдық ой алаңының да ауқымы тарылып, кішірейді. Әдебиет, баспасөз, руханият қоғамдық талқылаудың өзегінде тұратын кезеңге қашан келеріміз белгісіз, әйтеуір, ақпарат көп болғанымен, ой азайды. Бұндай жағдайда ойы бар, айтары бар, ізденісі бар адамдар көзге түспей қалады. Айғайламайтын, өздерін жарнамаламайтын, керісінше қоғамға сұрақ қоятын, күмәнданатын, күрделі мәселелерді көтеріп, бағыт көрсететін адамдар билік үшін қай заманда да ыңғайсыз, мұндай тұлғаларды көтеру үшін еркін ойды, дербес пікірді мойындайтын орта керек. Ал, негізі осындай адамдар ұлттың ішкі иммунитеті. Олардың ойы, көзқарасы жедел нәтиже бермейді, бірақ, ұрпақтың ойлау қабілетін қалыптастырады, рухани бағдар береді. Егер қоғамда Мағира Қожахметова сияқты жандар болмаса, біз ақпаратты тұтынатын, бірақ мағынаны сезбейтін ортаға айналар едік. Демек, мәселе бізде. Біздің бағалау параметрімізде: біз қазір тереңдікті тез әсермен, адамның орнын, еңбегін атағымен өлшейтін болдық. Сол өлшем өзгермейінше, осындай адамдар әрқашан тасада қала береді-ау…» («Қалам ұшынан шашыраған мың сәуле», Әдебиет порталы, 19.01.2026 жыл).

Енді әлеуметтік желіде жарияланған Әміржан Қосанның мына пікірінен үзінді:

«Өмірде айналасына шуағын төгіп, мейірімін шашып жүретін адамдар болады. Психологтардың өзі позитив адамдармен ғана араласу керек дейді емес пе? Сол себепті мен де көрнекті жазушы Мағира Қожахметова апаймен кездескенде, бір жасап қаламын. Бір ауыз жылы сөзінің өзі не тұрады?! Апаймен дидарласқан кез келген адам өмірден қаншама түңіліп, қиналып жүрсе де, оптимист болып шыға келеді!

Осы күндері апайдың кезекті мерейтойы кеңінен аталып жатыр (нешеге келгенін айтпаймын), соның өзінен оқырман қауымның үлкен талант иесіне деген ерекше ілтипатын сезініп, өзін соншалықты қарапайым ұстайтын әріптес апайымыздың әдебиетте, журналистикада, баспа ісінде қандай биік белестерге жеткенін көріп отырмыз!

Мағира апайдың «Күннің алтын сынығы» атты кітабы бар.

Қараңыздаршы, өзі де Күннің алтын сынығы емес пе?! Мерейтой құтты болсын, Мағира апай!».

Нұрлан Қалқа, журналист, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты:

«Жазушы Мағира Қожахметова өзінің талантты, сан қырлы жазушылығымен де, адамгершілігімен де ерекше жан.

Мағира апай адам жанына терең бойлай білетін, көңіл-күйіңді бір ауыз сөзіңнен ғана емес, түр-түсіңнен айырып қана қоймай, қиналғанда қол ұшын созып, жаныңа дауа, көңіліңе демеу болатын тамаша адам екеніне өзімнің талай мәрте көзім жетті.

Қиналған кездері апайдың қамқорлығын көріп, ақыл-кеңесін тыңдап, көшімнің ақ желкенін түзеп, алға қарай қадам басқан кездерім есімнен шыққан жоқ.

Ылғи да Мағира апайдың жасаған жақсылығын айтып та, іштей құрмет тұтып, сырттай тілеулес болып та жүремін.

Алматыда жүрген жас кезімде апай бір жолығып қалғанымда «Нұрлан, бізге мақала жазып тұрсаңшы. Жазған дүниелерің болса, әкел, жариялайық» деп ұсыныс айтты.

Көп кешікпей Мағира апай бас редактор болған «Ақ желкен» журналында материалдарым жиі жариялана бастады.

Ол бір айлығымызды уақытында алмай, алсақ та ақшаның құны жоқ, қиын кездер еді.

Апайдың қолдауымен жас жеткіншектерге құқықтық сауаттылық әліппесі іспетті «Бағдаршам» атты арнайы айдар ашып, жүргіздім. Жаңа айдарды журналдың 8-ші санынан бастадым («Ақ желкен», тамыз, 1997 жыл).

Сондай-ақ, «Заңдылық әліппесі» айдары бойынша материалдар жарияланып тұрды («Ақ желкен», 2-3, ақпан-наурыз, 1998 жыл). Бір айтарлық жайт, ол материалдарды «Айдана НҰРАХМЕТ» деген псевдониммен жаздым. Себебі, журналистік этиканы сақтайтын едік.

Шығармашылығыма да көңіл бөле бастадым.

Міне, мұндай қамқорлығын Мағира апай маған ғана емес, басқа да жас қаламгерлерге, аға буын өкілдеріне көрсеткенін жақсы білеміз.

Тіпті, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Бағдат Жандосай атамыздың «Шошқаның құмы» атты шығармасын Мағира апай «Ақ желкен» журналында алғаш рет жариялап, Бағдат атайдың басынан кешкен зұлмат кезеңдердің ащы шындығын қағаз бетіне түсіріп, роман ретінде жазып шығуына бастамашыл болғанын ерекше атап өтер едім.

Бұл кісілік қасиеттер Мағира апайдың сан қырының бірі ғана деген болар едім.

Мағира апай бас редактор болып тұрғанда жасөспірімдерге арналған әдеби-көркем журналда белгілі жазушылар Жанат Ахмади, Ахмет Жүнісұлы, Машқар Ғұмар, Роза Әбілқадырова, Сапар Байжаната, ақындар Сейфолла Оспан, Ислам Шұғайыпұлы, Бейсебай Кірісбайұлы, Қаржаубай Омарұлы, әдебиетші-ғалым Зейнолла Серікқалиұлы, тағы басқа қаламгерлердің балаларға арналған шығармалары жарияланатын.

Бұл, біріншіден, Мағира апайдың қаламгерлер арасындағы үлкен беделін көрсетсе, екіншіден, жасөспірімдердің көркем сөз иелерінің жаңа туындыларымен журнал арқылы таныс болуына игі ықпал етіп, олардың терең ой, ұшқыр қиялға бейім болуларына әсер ететін.

Және де бас редактор Мағира Қожахметованың ұйымдастырушылық қабілетінің дәлелі болатын.

Бұған қоса, «Балбұлақ», «Кел, сырласайық» атты айдар аясында оқушылардың шығармашылығына орын берілсе, «Сезім патшалығынан келген хаттар» айдары бойынша студенттер хаттары жарияланатын.

Сонымен қатар, «Күнделік көпке сыр айтса…», «Дейді екен…» айдарларымен оқырмандардың сырға толы, жанға жылу беретін шығармалары берілетін.

Айта берсек, журналда оқырманын көркем ойлауға жетелеп, қабілеттерін ұштауға жол ашатын жаңашылдықтар молынан болатын.

Мағира апайдың жазушылығымен қоса, қайраткерлік қасиеті де осы ерекшеліктен байқалып тұратын.

Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Мағира Қожахметованың тұлғалық қырының бір ғана бөлігін жазып отырмын. Қағазға түспей, жүрек түкпірінде тығылып жатқан тылсым сырлар қаншама!

Жазушы Мағира Қожахметова – адам жанының шипагері.

Жылы сөзімен де, қамқор ісімен де жаныңа шуағын шашып жүретін ізгі ниетті, ақ пейілді, асыл жан». (Астана, 5 ақпан, 2026 жыл).

Ділдәр Мамырбаева:

«Мағира апай, «Адам-құпия», «Жантәсілім», Мәриям Хакімжанованың үш томдығын құрастырып, балаларға арналған, денсаулық саласына арналған журнал шығарып, пьеса жазып,әдебиет пен журналистиканың жоғын түгендеп жүріп «Мен!» деп кеуде қаққаныңызды байқамаппын. Жақау Дәуренбеков айтқандай «Жанкешті жалғыз жолаушыдай» болып жүріп әйел қаламгердің образын қалыптастырдыңыз! Аман болыңыз!

Жанар Оразымбет:

«Жуырда тікелей эфирден Мағира апайдың «Күй-кісен» деген шығармасын оқыдым. Кейіпкер жан-дүниесінің ішкі иірімдерін, оның қалтарыс-бұлтарыстарын, адам болмысындағы ішкі қарама-қайшылықтарды қалай дөп басып бейнелеген десеңізші?! Туындыны оқып отырып, адамға келер зауалдың бәрі тек адамнан ғана келетініне, мөп-мөлдір әлемді де, адам жанының тұнығын да лайлайтын, ең аяулы деген дүниелерді аяусыз таптап, күл-парша ететін де тек екі аяқты тіршілік иесі – адам екеніне тағы бір мәрте көз жеткізесің. Адамнан асқан жауыз, адамнан асқан кесапат жоқ екенін одан сайын мойындай түсесің. Жалпы, Мағира апайдың кейіпкерлері шетінен бейкүнә, қулық-сұмдыққа мүлде қыры жоқ, өмірге икемсіз, бейім емес, пендәуи тірліктерге құл болудан ада, өзінің арының алдында тапталмаған, шындық іздейтін жандар ғой шетінен. Ал апайдың өз сөзімен айтар болсақ, «әрбіз жазушы өзінің ішкі мазмұнын жазады, өзінің ішкі сырын, өзінің құпиясын жазады ғой». Бұл тұрғысында көөөөп нәрсе айтуға болады негізі… Бірақ, бүгін ол туралы сөз қозғағым жоқ. Бүгінгі айтпағым, апай бүгін біздің бәрімізге сексен деген асқаралы жастың биігінен қарап тұр. Жасыңыз құтты болсын, Күннің алтын сынығы! Сіз, Көпен көкеміздің сөзімен айтсақ, қазақтың «ашылмаған алтын көмбесісіз» ғой. Өзіңізге бар жақсылықты тіледім».

Жидегүл Әбдіжәділқызы, доцент:

«Медициналық журналистика мен балалар басылымының тізгінін қатар ұстап, саналы ғұмырын қазақ көсемсөзін кемелдендіруге арнап келе жатқан қазақтың қаламгер қызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мағира Қожахметова мақаладан бастап, проблемалық эссе, портреттік очерк, роман, пьеса жанрын қамтып, сан алуан тақырыпта қалам тербеді. Қаламгер туындыларының кейіпкерлері – қазақ елінің кемеңгер тұлғалары. Сонымен қатар, адамзатқа ауадай қажет қолданбалы психология журналист жазушының зерттемелі еңбегі. Бір ғана «Адам-құпия» атты еңбегін студенттерге оқытып келем. Сол бір кітапта өмірдің мәнін түсіндіретін қаншама құнды ақпарат бар десеңізші.

«Балбұлақ» – ұлт ұрпағының сусындайтын кәусары. «Дертке дауа» – медициналық журналистиканың өнегесі».

Міне, Мағираның болмысы терең ішкі әлемі осындай. Ол туралы әріптес іні, сіңлілерінің, оқырмандарының ой, тілектері телегей-теңіз боп ақтарыла жалғасуда. Газет, журналды, әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, алдыңыздан жарқ етіп шыға келеді. Қаламгер апамыздың осы бір абыройы асқақтай берсін!

Жинақтап дайындаған Қапез ҚОЖАХМЕТОВ.

 Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар