ДЕПУТАТ САУАЛЫ
Елімізде жолаушылар пойыздарының қозғалысы кестесінің биылғы жылғы 1 сәуірден бастап өзгеруіне байланысты Ақмола облысында проблемалық жағдай қалыптасты.
Ол Ақкөл және Жақсы станцияларындағы әлеуметтік маңызы бар бағыттардағы аялдамаларды жою туралы шешімге қатысты болып отыр. Сенатор Талғат Жүнісов Парламент қабырғасында жолдаған өзінің депутаттық сауалында осы мәселе туралы айтты.
Оның айтуынша, Ақкөл станциясы Ақкөл ауданының ғана емес, Степногорск қаласының, сондай-ақ, жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарына көлік тасымалын қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, 100 мыңнан астам адамның көлікпен қатынап тұруы теміржол арқылы жүзеге асады. Олар үшін теміржол көлігі қозғалыстың негізгі түрі болып отыр.
Сенатор өз сөзінде, әсіресе, Жақсы ауданындағы жағдайға ерекше назар аударды. Бұл ауданда жолаушылар пойыздары енді тоқтамай өтіп кететін болды. Бұған дейін шамамен 16 мың адам тұратын бұл өңірдегі студенттер, зейнеткерлер, дәрігерлерге көрінетін науқастармен қоса, басқа да тұрғындардың едәуір бөлігі теміржол көлігін тұрақты түрде пайдаланып келген еді.
–Жолаушылар пойыздарының аялдамаға тоқтамай өтіп кетуі өңірдегі көлікпен тасымалдың шектелуіне, халықтың қалтасына түсетін қаржы ауыртпалығының ұлғаюына және азаматтардың медициналық, білім беру және өзге де әлеуметтік маңызы бар қызметтерді алу мүмкіндігінің азаюына әкеліп соғады, – деп атап өтті өз сөзінде Талғат Жүнісов.
Сенатор бұл шешім қазірдің өзінде қоғамда түсінбеушілік туғызғанын және өңірдегі әлеуметтік шиеленісті күшейткенін, осыған байланысты аталған станцияларда жолаушылар пойыздарының аялдамаларын сақтау мүмкіндігін қарастыру қажеттігін атап өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

