Аудит сапасы жаңа деңгейге көтерілуде

ҚАРЖЫ ҚАЙТАРЫМЫ

Ақмола облысында бюджет қаражатын тиімді жұмсау мен мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жаңа серпін алып отыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Шарап Сәдуақасов баспасөз өкілдеріне кеңінен баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары аудит жүйесінің жұмысы түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрынғыдай тек заң бұзушылықтарды анықтап, жаза қолданумен шектелмей, енді басты назар олардың алдын алуға аударылған. Бұл мемлекеттік қаржыны басқарудағы заманауи тәсілдердің бірі.

Брифингте белгілі болғанындай, 2025 жылы өңірде барлығы 93 аудиторлық іс-шара жүргізілген. Тексерулер қаржылық есептілік пен мемлекеттік сатып алу салаларын толық қамтыды. Жүргізілген талдау бірқатар мәселелерді ашып көрсетті. Атап айтқанда, кейбір жағдайларда іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін қаражат төленген, бухгалтерлік есепте қателіктер жіберілген, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында субсидиялар заңсыз берілген фактілер кездескен.

Мамандардың айтуынша, мұндай кемшіліктер көбіне бақылаудың әлсіздігінен немесе құжат айналымының дұрыс ұйымдастырылмауынан туындайды. Сондықтан, бүгінде аудит тексерістері тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделіп, проблеманың түп-тамырын анықтауға бағытталып отыр.

Брифинг барысында цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Соңғы уақытта енгізілген жаңа технологиялар бақылау сапасын едәуір арттырған. Мәселен, «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесінің мүмкіндіктері кеңейтіліп, нәтижесінде тек өткен жылдың өзінде әлеуметтік салада 6 мыңнан астам күмәнді төлем анықталған. Бұл бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына дер кезінде тосқауыл қоюға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар, камералдық бақылау жүйесі арқылы 30 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсімі зерделенген. Ең бастысы, заң бұзушылықтардың басым бөлігі тендер жарияланбай тұрып-ақ, анықталып, алдын алынған. Бұл өз кезегінде уақыт пен қаражатты үнемдеуге жол ашып отыр.

Мемлекеттік сатып алу заңнамасына енгізілген өзгерістер де оң нәтиже беруде. Енді конкурс өткізу мерзімі бұрынғы 60 күннің орнына небары 10 күнге дейін қысқартылды. Ал, отандық өндірушілер үшін төлем мерзімі 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл  кәсіпкерлерге үлкен қолдау екені сөзсіз.

Жаңа жүйенің тиімділігі нақты мысалдардан анық байқалады. Соның бірі Зеренді ауылындағы спорт мектебінің құрылысы. Бұл жобада сатып алу рәсімінен бастап келісім-шарт жасасуға дейінгі барлық процесс небары 8 жұмыс күнінде аяқталған. Нәтижесінде нысан қысқа мерзімде пайдалануға берілді.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын таппақ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа тәуекел профильдері енгізілді. Олар құрылыс-монтаж жұмыстарының нақты орындалуын және тауарлардың жеткізілуін автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай жүйелер адам факторы қатысын азайтып қана қоймай, мемлекеттік сатып алулардың барынша ашық әрі әділ өтуіне жол ашады. Ең бастысы  әрбір бюджет теңгесінің тиімді әрі мақсатты жұмсалуына кепіл болады.

Осылайша, Ақмола облысында аудит саласы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарына негізделген тиімді жүйе қалыптасып келеді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар