Үздік мектептің ғылыми жобалары озды

БАЙҚАУ

Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің (NIS) оқушылары «Infomatrix Asia 2026» халықаралық байқауында топ жарды.

Олар осынау халықаралық инновациялық технологиялар байқауы барысында үздік нәтиже көрсетті. Финалдық кезеңнің қорытындысы бойынша мектеп командалары екі бірінші және екі үшінші орынды иеленіп, жаратылыстану ғылымдары мен цифрлық өнер саласындағы дайындық деңгейлерінің жоғары екенін дәлелдеді.

Он жыл бойы Infomatrix Asia жас зерттеушілер үшін өздерін таныту алаңы болып келеді, ал, 2026 жылы байқау қатаң іріктеуден өткен 10 елден 250-ден астам команданың басын қосты. Жоғары бәсекелестік жағдайында Көкшетаудағы NIS оқушыларының жобалары бірнеше негізгі санат бойынша халықаралық қазылар алқасының сарапшылық ризашылығына ие болды.

Hardware Control секциясында құрамында Юсуф Мұхамбетқалиев, Қайрат Ескен және Даниэль Жақыпов бар OnAITynys командасы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олар бронх демікпесімен ауыратын балаларға арналған инновациялық құрылғыны таныстырды.

–Осы аурумен өзім де бетпе-бет келгендіктен, тыныс алу мен ағза көрсеткіштерін уақытында бақылаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Сондықтан, негізгі мақсатымыз ұстама қаупін алдын ала ескертетін, ата-аналар мен дәрігерлерге дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік беретін құрылғы жасау болды, – дейді Юсуф.

Осындай табысқа AI Programming санатында Дария Сейтіжан, Мансұр Ыдырыс және Дәмелі Жаңбыршыдан құралған Januya командасы да қол жеткізді. Januya жобасы – құстардың мінез-құлқы мен дене қызуы арқылы олардың ауруларын бірден анықтауға мүмкіндік беретін құс шаруашылығына арналған бірегей экожүйе. Жасанды интеллектіні қолданудың арқасында жүйе денсаулық жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізеді, бейнебақылау жасап, ауытқуларды анықтайды және фермерлерге автоматты түрде хабарлама жібереді.

Startup бағытында Нұрай Нұралы мен Ренат Абулгазин жетекшілік ететін Novalab командасы мен Prometheans командасы қола жүлдегер атанып, лайықты нәтиже көрсетті. Арнұр Ілиясов, Мұхамед Асылбек және Ескендір Ерікұлы орман өрттерін ерте анықтауға арналған жобаны әзірледі, бұл жүйе апаттардың алдын алуда маңызды рөл атқара алады. Әзірлеме қоршаған ортадағы қауіпті өзгерістерді тіркейтін кешенді датчиктер жүйесінен тұрады.

Әсіресе, осы жолы 11-сынып оқушысы Юсуф Мұхамбетқалиевтің академиялық әлеуетінің мойындалуы байқаудың ерекше жетістігі болды. Инновациялық шешімдерді әзірлеудегі үздік табыстары үшін ол Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орны – Сәтбаев университетінде білім алатын  оқу грантына ие болды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар