Менің Смағұл атам

ӨМІР ӨРНЕГІ

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз әр қазақ баласының жадында жүруі тиіс. Зейнетке шығып, өткен өміріме көз салып ойлап қарасам, әр жанұяда Атаның орны бөлек екен. Біздің атамыз Үдербай баласы Смағұл. Аллам иман байлығын беріп, алдынан жарылқасын, ол кісіні бүкіл ауыл сыйлайтын.

Арабша сауатты еді. Құран кітабын жатқа оқитын және қолма-қол қазақшаға аударып түсіндіретін. Елімізге ауыр тиген ашаршылық кезінде жіптен ау тоқып, балық аулап, шағын Бесоба ауылының халқын аштықтан аман алып қалған. Смағұл атамның құрметіне Есіл өзені мен Терісаққан өзенінің құйылысындағы шағын қара су осы күнге шейін біздің атамыздың атыменен «Смағұл қара суы» деп аталады. Бүгінгі күні атамның ұрпақтары үшін ол өзеннің орны бөлек. Мен үшін дүниеде одан өткен әдемі жер жоқ. Жиегінде өскен шоқ талдар алыстан көрінеді, еңсесі биік өзенге өте жарасымды. Жағалауындағы қамыс-қоғалар кешкі күнге шағылысып әртүрлі түске боялып, желменен баяу сыбдыр қағады. Судағы балдыры өте ерекше, толқынменен тербетіліп тұрады. Өзен қасына барғанда тебіреніп, толғанып ерекше бір күйге түсемін. Жағасында өскен әр шөбіне сағынышпен, сүйіспеншілікпен қараймын. Ондай тылсым табиғат басқа жерде жоқ сияқты болып көрінеді. Атам қара суының суы тап-таза, мөп-мөлдір, қайықпен жүргенде, өзеннің түбі көрінеді, тазалығы сондай керемет. Өкінішке орай, қазір мұндай таза өзендер азайып бара жатыр.

Ұрпағымыздың тәрбиесінде, жанұяда Атаның орны бөлек деп есептеймін. Атам Смағұл інім Сайран екеуімізді еңбекке ерте баулыды. Қысы-жазы қолдағы малға қарау, қи ою, Есіл өзенінің жағасынан тал шауып, қысқа отын дайындау деген сияқты жұмыстарда жүрдік. Күзге қарай екі кішкене қол орақ дайындап, шөп шабуды үйретті. Сол уақытта атамның жасы сексеннен асқан. Үшеуіміз қатар тұрып, шөп шапқанда бізден әлдеқайда озып кететін. Сүйегі асыл, тың еді. Шағын ауылда біз қатарлы біраз бала бар еді, бірақ, олардың қол орақпен шөп шапқанын көрген жоқпын. Атамның айтатын «Заман бір қалыпты тұрмайды, осы үйренгендерің күндердің күнінде керек болады» деп. Атамның беделі өте күшті еді, салмақты қалпымен ақырын ғана жымиып сөйлейтін, біз әр айтқанын мүлтіксіз орындайтынбыз.

Үлкен сабырлықпенен дабыраламай, зекімей, ақырын ғана ақылмен ұғындыратын. Атам Смағұлдың бізге берген тамаша өнегесінің бірі, балық аулауға тәрбиеледі. Қазір өткен өміріме қарасам, атамның сол тәрбиесі, менің өмірлік серігіме айналды. Балық десе, ішкен асымды жерге қоямын. Атам балыққа үлкен құрметпен қарайтын, ол Алланың берген ризық-несебесі деп білетін. «Балық аулайтын құрал, саймандар жастығыңның астында жатсын, ол сенен тамақ сұрамайды, бірақ, күндердің күнінде керек болады» дейтін. Табиғаттың әр мезгілінде, балық аулаудын өз тәсілдері, құрал, саймандары бар. Бірақ, маған ұнайтыны, мұз жаңа қатқанда, яғни, «көкше мұзда» қармақ салу. Түсінген адамға ол бір тамаша көрініс, айнала аппақ қар, таза ауа, құлақ шыңылдатын тыныштық, қармақ-жұтпаларды орналастырып қойып, ойланып отырасың, бір уақытта, қармақта жалау белгісі көтеріледі, сен бала сияқты атып тұрып жүгіресің. Сырттан қарағанда күлкілі болуы да мүмкін. Бірақ, сенің есіл дертің қармақта, уақытында жетіп, шортан балықты сыртқа алып шықсаң, сол сәтте дүниеде сенен бақытты адам жоқ. Марқайып, жан-жағыңа қарап, керемет ләззат аласың, жаның рахаттанады. Осындай сәттер көп болса, біразға шейін көңілді, жайдары жүресің. Түсінген адамға, бұл да өмірдің тамаша қызығы. Күні бойы тоңғаның, таң атпай ұзақ жол жүріп, ерте келгенің, шаршағаның су сепкендей басылады. Осындай тамаша іске, кәсіпке, бізді баулыған атам Смағұлға алғысым шексіз. Аллам ол кісіге иман байлығын берсін деп тілеймін. Атамның алақанының жылуы қалған қармағын мен әлі күнге дейін ұстап, пайдаланып жүрмін. Қолыма алған сайын, бірден ең керемет ғажайып адам, атам есіме түседі.

Өмір шіркін осылай өтіп жатыр. Менің арманым – немерем Қайсар жақсы азамат болып, Атам Смағұлдың ісін, өнегесін әрмен қарай жалғастырса екен деп Алладан сұраймын.

Асқар таудай биік, аққан бұлақтай мөлдір, жаны да, тәні де таза, ешкімнің ала жібін аттамаған, менің пірәдар Смағұл атам. Есімімді Құраннан алып, Қабиболла деп азан шақырып, өзің қойған немерең, мен де Аллаға шүкір, қазір зейнеткер жасына жеттім. Заңғар биік тау алыстаған сайын, жақындай түседі. Өзіңмен өткен жастық шағымды осы күні өзіңе деген үлкен сағынышпен тебірене еске аламын.

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар